bannerbannerbanner
полная версияИмпериядағы туған күн кеші

Серік Асылбекұлы
Империядағы туған күн кеші

Әй, бұл кім-әй?..

Болат. Пап, бұл мен… Қонақтар қайда? Мамамдар қайда?

Айдар. Кетті бәрі. (қолын бір сілтеп) Қойш соларды!.. Отыр. Айтатын әңгіме бар.

Болат отырады .

Сен ертеңнен бастап жинала бер. Америкаға… Гарвард университетіне… Түсіндің бе?

Болат. Пап, Америкада мен не істейім?

Айдар.Не істейміні несі-әй мынаның!?. Оқисың!..

Болат. Пап, мен ешқайда бармайым. Өзіміздің осы Алматыдағы «Политехта» оқиым.

Айдар. Сен әкеңмен қалай-қалай сөйлесесің-әй?! Әлден – мынау, сонда бара-бара не болад, а-а?.. Барасың!..

Пауза.

Ә-ә, сен ана Жалғасбайдың ұзын сирақ қара қызын қимай тұр екенсің ғой!.. Түсіндім, түсіндім… Бүкіл өмірің – алда, аманшылық болса, ондай шөпжелкелердің талайын көресің… Ал Гарвардқа өлсең де, тірілсең де барасың! Ана жаман Жанбайдың Асқары Кембриджде оқып жатыр. Бақандай үшінші курста… Сенің содан нең кем, а-а? Аяғың кем бе, қолың кем бе, әлде басың кем бе?.. Барасың… Білсін, Айдардың кім екенін ана біреудің жетістігін көре алмайтын, іштеріне шынашақ айналмайтын қызғаншақтар…

Болат. Папа, мен ағылшын тілін жөнді білмеймін ғой. Гарвардта қалай оқымақпын? Түсінсеңізші!..

Айдар. Сылтауының түрін!.. Немене, сол ағылшын тілі деген де проблема болып па?! Жалдаймыз репетиторды!.. Жұрттың баласы адам болатын жаққа ұмтылад… Ал бұл болса…

Пауза.

Айтпақшы, жуырда екеуміз әлгі интернеттен әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының рейтингін қарамап па едік?..

Болат. Иә…

Айдар. Иә болса, сонда бірінші орында қайсысы тұрып еді – Оксфорд па, Гарвард па?.. Әлде Кембридж де?

Болат (жақтырмай). Гарвард-Гарвард!..

Айдар. Ендеше сен тек қана сол Гарвардқа барасың. Бітті! Нүкте!..

Болаттың қалта телефоны қоңыраулатып қоя береді.

Болат (телефонды құлағына тосып). Иә, тыңдап тұрмын. Жарайт-жарайт… Мама, мен қазір барам. Иә, тап қазір… Жақсы, айттым ғой енді барам деп…

Орнынан тұрады.

Пап, мен кеттім. Мамам тез кел деп шақырып жатыр.

Айдар. Е-е, не боп қапты?..

Болат. Жай болу керек. Барған соң айтатын шығар.

Пауза.

Айдар. Жарайт… Бірақ сен қалайда тек Гарвардта оқитын боласың. Осыны ұмытпа!..

Болат кетеді. Айдар үстелдің үстіндегі ыдыс-аяқтарды алып кетуге келген Фарабиге бұрылады.

Айдар (әзер-әзер сөйлеп, тілі күрметіліп, Фарабиге). Фарап!. Фар-а-апжан-н!.. Кел… Мында келш-ш… менің қасыма.

Фараби Айдардың жанына келеді.

Отырсаңшы…

Фараби отырады. Айдар сұқ саусағын шошайтып, оған арақтың шөлмегін көрсетеді.

Құй анадан!.. Толтырып!..

Фараби (құйып жатып). Аға, көп болып кетпей ме?

Айдар. Жо-жоқ, көп болмайт… Ал тіпті көп болса да мейлі… Айналайын, сен жақсы жігітсің. Мен сені ана Болатымнан, Ботигімнен кем көрмейм. Бірдей көрем… Осы сенің қазір айлығың қанша?

Фараби. «Выручкаға», істегенімізге байланысты ғой.

Айдар. Сонда да… Шамамен.

Фараби. Орташа отыз-қырық мың теңгедей бар ғой.

Айдар. Жарайт… Мына «ремонт» бітсін. Сосын бар ғой… айлығыңды бірден елу-алпыс мыңға көтерем! Өйткені сен жақсы баласың. Адалсың… Біреулер секілді ішіне шынашақ айналмайтын қызғаншақ емессің.

Пауза.

Фарап, кел екеуміз қосылып бір ән айтайықшы. Бүгін менің туған күнім емес пе?..

Фарап. Аға, мен ән айта алмайым ғой.

Айдар. Ничего-ничего, айтасың… айтамыз. Кәне, бір-екі-үш!…

Тойыңа гүл алып,

Келдім-м м-мен қуанып.

Қарсы алдың-ң күлімде-де-п…

Кәне айта алмағанымыз? Тамаша айттық емес пе?!

Ресторанның ішінен, асхана жақтан ыдыс-аяқ жуып жатқан Сәнияның «Фарап. Фараби!.. Бері кел, қайда жоғалып кеттің?!» деп шыдамсыздана шақырған даусы естіледі.

Фараби (орнынан тұрып жатып). Аға, мені шақырып жатыр.

Айдар. Кі-і-мм!

Фараби. Сәния…

Айдар. Өй, тап енді-енді… жаңа қызып келе жатқан кезде… Жарайт, бар. Болған соң қайтып кел бірақ. Өлең… ән айтамыз.

Фараби. Жарайт…

Фараби кетеді. Пауза. Үстел басында жалғыз қалған Айдардың әбден шаруасы біте бастайды. Әуелі ықылық атып, сонан соң өзді өзі күбірлеп, бірдеңелерді былдырлайды.

Айдар. Қалай ет өзі?… Ә, білдім-білдім…

То-о-йыңа-а гүл алы-ып,

Кел-л-дім мен… қуа-а-нып,

Қарсы алдың…

Қарсы алдың…

Қарсы алдың…

Туһ-һ!..

Жұдырығымен үстелді қойып қалады.

Әй-әй-й, барасың Гарвардқа!.. Бармай көр осыдан!.. Гарвард-д…

Бұдан соң Айдардың сөйлеуге де шамасы келмей, басын үстелдің қырына сүйеп, қалғи бастайды да, бірер минуттан кейін мүлде қорылға басады. Ыдыс-аяқты жуып болған Сәния мен Фараби сыртқа шығып,екеулері би алаңының шетіндегі жуан еменнің түбіндегі скамейкаға келіп жайғасады.

Сәния (скамейкаға отырып жатып, иегімен қалың ұйқыға кеткен Айдарды нұсқап) Ағамыздың шаруасы бітіпті ғой…

Фараби. Жайырақ сөйле, оянып кетіп жүрер.

Сәния. Енді оны пушкамен атсаң да оята алмайсың. (Айдар Сейтқалиұлын пародиялап, Фарабиге) Барасың Гарвардқа! Осыдан бармай көр!.. Сенің атыңды ата-анаң о баста Фараби деп, бекер азан шақырып қойды деп пе ең? Сенің де Әбунасыр атаң секілді көп-көп білім алып, ғалым болуың керек!.. Бітті!. Нүкте!..

Фараби. Сен қыз құтырмай отырш. КазГУ-ден құлап жүрген бізге Гарвард қайда. Айтпақшы, сен Айдар Сейтқалиевичпен әмпей-жәмпей едің ғой, не ғып бүгін оны мазақтай қалдың?

Сәния. Немене, кейде өсітіп ойнауға да болмай ма бір сәт?! (Сыңқ етіп). Осы сен мені одан қызғанып жүрген жоқсың ба?

Фараби (қызырақтап). Мен бе?!. Қызғанатын адамды тапқан екенсің!

Сәния (қуланып) Қайдам-қайдам?!.

Фараби. Ешқандай қайдамы жоқ.

Сәния. Жә, ойнап айтам. Көңліңе алма… Мен сенің әпкеңмін ғой. Сенен бақандай бір жас үлкенмін. Фарап, шынында, осы біз, қазақтар, қызық халықпыз, ә? Мәңгі біреулерге жалпақтамасақ жүре алмаймыз. Үнемі өңешімізді созып біресе «О, Россия!.. О, Москва!..» біресе «О, атыңнан айналайын Америка, Нью-йорк, Гарвард!» деп жүргеніміз әйтеуір. Мысалы, мына маған бар ғой, Алматымнан артық ештеңе жоқ. Жо-жоқ, сен дұрыстап қараш мына Алатаудың тамылжыған кешіне! Жұлдыздары самаладай жарқыраған барқыт аспанына. Таудан елбіреп соққан самалына. Ғажап емес пе?! Ғажап қой!..

Фараби (есінеп).Иә, ғажап…

Сәния. Фарап, ән айтайықшы,ә?.. Жаймен сызылтып… Мына желпіп ескен қоңыр самал секілді етіп. Мен бүгін біртүрлі құтырып отырмын. Нансаң, күшім ішіме симай бара жатыр.

Фараби. Қайдағы ән?.. Есікті құлыптап, такси ұстап, үйге қайту керек. Ертең тағы жұмыс.

Сәния. Түһ, сен де бір… Шалдар секілді үйіңе асығасың да отырасың. Үлгереміз ғой. (Фарапты иығынан құшақтап). Кәне, қосылш… Бір, екі, үш!.. Кеттік!

Әндете бастайды.

Жұлдыздар жерге жақындап,

Байланып қалған секілді,

Қаз-қатар өскен тату бақ,

Ойланып қалған секілді.

Алматы түні, Алматы түні,

Ұйқымды менің ұрладың.

Алматы түні, Алматы түні,

Мен болып таңға жырладың…

(Қиялға беріліп). Шынында да, Алматы ғажап қой!.. Шіркін, егер осы қаладан бір екі бөлмелі пәтер сатып ала алсам, бұ дүниеде менен бақытты адам болмас еді. Ауылдан мамам мен інімді көшіріп алар ем. Сүйтіп үшеуміз қайғысыз, қамсыз күліп-ойнап тұрар ек сол пәтерде!.. Осыдан артық қандай бақ, бақыт керек адамға? Түсінбеймін!.. Айтшы, Фарап, дұрыс па менің айтып отырғаным?.. Енді бірдеңе деші!..

Фараби. Не деймін. Өзің айта берсеңші. Мен сен секілді шешен емеспін ғой. Сен өте әдемі сөйлейсің, кейде мен қызығым.

Пауза.

Сәния. Қой, жарайт, тұр онда. Отыра берсек, сен де ана Айдар Сейтқалиевич секілді мүлде ұйықтап қалып жүрерсің. Ішке барып асхананы бекітіп, сонан соң такси ұстап, үйімізге қайтайық. Фарап, дегенмен мына өмір ғажайып қой,солай емес пе?! Мен осындай тамаша елде, сендер секілді ақжүрек азаматтардың арасында өмір сүріп жүргеніме қуанам. Рас айтам. Ал енді жүр, кеттік-кеттік!..

Екеуі ресторанның ішіне қарай бет алады. Кетіп бара жатқан Сәния жаймен ыңырсып әндетеді.

Алатау алтын лағылдай,

Сәукеле киіп тұр үнсіз.

Ұқсайды көше ағынға

Алматы – арман тынымсыз-з…

Әннің мелодиясы бірте-бірте сахнадан алыстай береді де, сәлден кейін мүлде тынады. Енді оның орнын ресторанның алдындағы шағын бақтағы бұталар мен ағаштарға қонақтаған әнші құстардың сан қилы құйқылжып, сайраған үндері басады. Енді мынау тіршіліктің, өмірдің мәңгі бітпейтін ғажайып жырын мың сан үнге, бояуға толы ұлы симфониясын солар жалғастырады. Ал осы шығарманың бас кейіпкері Айдар Сейтқалиұлы болса, дәл қазір өзінің сол манағы орнында бір алаңсыз бейбіт, мамыражай ұйқы құшағында.

Шымылдық.

e-mail: serik051@mail.ru

Рейтинг@Mail.ru