bannerbannerbanner
полная версияИмпериядағы туған күн кеші

Серік Асылбекұлы
Империядағы туған күн кеші

Мұны тек аңшылар мен балықшылар ғана түсінеді. Тағы да айтам – рахмет сіздерге!.. Сіздер менің жанымды түсінеді екенсіздер.

Нұрсұлу(күліп, Ұлжалғасқа). Осы еркектер деген қызық, ә?!.

Ұлжалғас. Қызық деген ол бір жағы ғой. Құдай білет, осылардың бастарында бірдеңелер жетіспейді. Болмаса, өзің ойлап көрші – қайдағы бір бейшара балыққа қармақтағы жемді түрткізу үшін екі жүз шақырым жол жүру деген ақылға сыйымды нәрсе ме? Айтшы өзің енді!..

Нұрсұлу. Рас-рас…

Тойболды. Ханымдар мен мырзалар! Бүгін той – анау-мынау емес, императордың тойы! Сондықтан түк қалдырмай, ақтай алып тастаңдар. Кәне-кәне!.. Мен бәріңді бақылап тұрмын.

Нұрсұлу. Кеттік!..

Бәрі рюмкалардағы арақ пен шараптарды түбіне дейін алып қояды.

Тойболды. Жолдастар… Туһ, тағы шатасып кеткенімді қараш. Ханымдар мен мырзалар! Той жақсы өту үшін, әуелі бәріміздің жақсылап қызып алуымыз керек. Сол үшін мен кештің басында тәжірибелі тамада ретінде тостарды жиілетсем. Сосын кейінірек барып сирексітем. Сондықтан ендігі тост кезегін ауылдан, елден келген қадірменді ініміз…

Ұлжалғас. Берікбол…

Тойболды. Иә-иә, Берікбол інімізге береміз.

Берікбол(орнынан тұрып). Құрметті қонақтар! Ағалар, тәтелер, жеңгелер, қарындастар! Мен Сіздермен танысқаныма аса қуаныштымын. Шынымды айтсам, өзім бүгін Айдекеңнің туған күні екенін ұмытып та кетіппін. Елде, ауылда Сіздердегідей туған күн жылда-жылда тойлана бермейді ғой, дөңгелек даталар болмаса… Ал сіздер менің ағамның туған күнін ұмытпай, шақыртпай келіпсіздер. Нағыз достар екендеріңіз осыдан-ақ көрініп тұр. Рахмет, Сіздерге! (Айдарға бұрылып). Ал, аға, Айдеке, туған күніңіз құтты болсын, денсаулығыңыз мықты болсын. Біз, елдегі туысқандарыңыз, Сіздерді, Ұлжалғас жеңешем екеуіңізді мақтаныш етеміз. Алматыда осындай ағамыз, жеңгеміз бар деп. Қысқасы, Сіздер бақытты болсаңыздар, осы ақ дастарханның басына ақ ниетпен келіп отырған бәріміз бақытты болайық!..

Сұлтанбек. Жарайсың, інім! Міне, елдегі біздің азаматтарымыз қалай! Біздің болашағымыз осылардың қолында ғой!

Тойболды. Молодец!.. Өзі Берікбол болса, өзі біздің атақты Айдекеңнің інісі болса, ол қалай осал болмақ!.. Рахмет, інім!.. Кәне, бәріңіз бір тамшы қалмай алып қойыңыздар! (Гүлденге бұрылып). Гулечка, кәне-кәне!..

Гүлден. Мен алып отырмын.

Тойболды. Кәне, көрсетіңізші… (Гүлденнің жанына барып, оның рюмкесін тексереді).Жоқ, рас екен. Рахмет, қарындасым, біздің Сұлтанбек Ертуғанович өзіне анау-мынау кісіні шәкірт етпейді ғой.(Айдарға бұрылып)Айдеке, ал кеттік, сенің құрметіңе!

Айдар. Өзің білесің, бұл жағынан бізде отказ болмайды ғой.

Ұлжалғас. Иә, ол жағын қатырасыз ғой…

Нұрсұлу. Мырзалар, енді былай… сәл аяқ-қол жазып, билемейміз бе? Отыра берсек, тамақ жей береміз, сосын күпті болып қаламыз.

Тойболды. Әй, бір есептен менің бәйбішемдікі де дұрыс-әй!.. Музыка жағын кім басқаратын еді?

Ұлжалғас (дауыстап). Фар-а-а-п!..

Ресторанның ішінен Фараби шығады.

Фарап, музыканы қойшы!

Фараби магнитофон қойылған бұрыштағы биік үстелге қарай бет алады.

Гүлден.Черлюнис!..

Нұрсұлу. Раймонд Паульс!..

Сұлтанбек. Қалдаяқов!..

Бірақ магнитофоннан осы замандық биге арналған жеңіл музыка ойнала жөнеледі. Бәрі ортаға шығып, билей бастайды. Үстел басында тек Тойболды мен Айдар қалады. Екеуі рюмкелерін соғыстырады.

Айдар. Ал, кәне!..

Тойболды. Әй, осы тым көбейтіп жібергеміз жоқ па?! Той жаңа ғана басталды…

Айдар. Ничего-ничего… Ештеңе етпейт… Ал, кәне!..

Тойболды. Ал онда кеттік…

Екеуі де рюмкаларындағыдан тамшы қалдырмай алып қояды. Ұлжалғас келеді.

Ұлжалғас. Мырзалар, байқаңдар. Со кеткеннен «вытрезвительден» бір-ақ шығып жүрмеңдер.

Айдар (Ұлжалғасқа көзін алартып).Біз бе?.. Кім апарат бізді ол «вытрезвительге»?..

Ұлжалғас.Кім болушы ед?! Полицейлер де. Кешке қарай олардың көшеге қаптап кететінін білмейсің бе?

Айдар. Полицейлер?! Мына мені алып кете ме сол сенің полицейлерің?! Шамаларына қарасын! Мен олардың генералдары болмаса, анау-мынауларымен сөйлеспеймін. Тапқан екен алып кететін адамды!.. Әй, сен менімен қанша жыл отассаң да, мына күйеуіңнің кім екенін білмей-ақ қойдың ғой осы!..

Ұлжалғас. Ойбай, қойдық-қойдық. Іше бер онда…

Ұлжалғас кетеді.

Айдар. Е-е, бәсе, сүй демейсің бе… Тойболды, Тәке… Осы дүниеде мына өзіңнің туған әйеліңді мойындату қиын екен-әй бәрінен! Мені әлі сол осыдан жиырма жыл бұрынғы жалаңаяқ салага сияқты көрет!.. Сенің әйелің де солай ма, әлде тек менің әйелім бе сондай?..

Тойболды(қолын сілтеп). Өй, олардың бәрі бір сорттан ғой. Басыңды қатырып қайтесің соған.

Айдар. Жо, жәй әшейін реті келіп жатқан соң айтқаным ғой. Айдардың басы ол емес, одан да зорына қатпайды ғой. Айтпақшы… (Гүлденді иегімен нұсқап). Мына бикешің керемет қой-әй?!. Қайдан тауып алып жүрсіңдер?! Әй, бәлесіңдер ғой, бәлесіңдер!..

Тойболды. Айдеке, сен байқа. Ол бикешке көз сұғыңды көп қадай берме. Сұлтекеңнің шамына тиіп кетіп жүрерсің.

Айдар. Немене, ана қыз… Соның бірдеңесі ме?

Тойболды. Со кісінің аспиранткасы. Және анау-мынау емес, ең сүйікті, ерке аспиранткасы. Одан әрі қазбаламай-ақ қояйын, ақылың бар жігітсің ғой, ар жағын өзің түсініп аларсың.

Айдар(басын шайқап). Әй, біздің шал пәле, а?!. Вкусы күшті өзінің!

Тойболды. Әрине, пәле. Енді өзің айтпақшы, тегін адам профессор бола ма?

Музыка аяқталып, би бітеді. Тойболды мен Айдардан басқалары ресторанның жаздық би алаңында.

Нұрсұлу(сәл-пәл алқынып). Уф-ф!.. Терлеп кеттік қой… (Үстел басындағы Тойболды мен Айдарға). Ау, мырзалар!.. Иә-иә, Сіздерге айтып тұрмын, бері жақындасаңдаршы! Оған үлгересіңдер ғой әлі. Менің білуімше, (ресторанның жартылай ашық тұрған сыртқы есігін нұсқап) ана жақта «запаста» кемінде әлі бір-екі жәшік арақ-шарап бар.

Ұлжалғас. Соны айтам-ау…

Тойболды мен Айдар тағы да бір-бір рюмкені түбіне дейін қотарысып, дастархан жайылған үстелмен қимай-қимай қоштасып, үлкен топқа келіп қосылады. Сұлтанбек кіреберіс алаңда тұрған арыстандардың бірінің жалынан барып сипайды. Жұрттың назары енді сол жаққа ауады.

Сұлтанбек. Меніңше, мына біздің Айдардың «Империясына» айбат беріп тұрған – осылар. Өздерін қалай келістіріп жасаған, тура тірі сияқты әсер етеді екен адамға. Ал енді маған осы арыстандардың бірі – Айдар, екіншісі біздің келін Ұлжалғас сияқты болып көрінеді. Өйткені бұлар бұл жерде бекер тұрған жоқ, Әр нәрсенің өзінің символдық мәні болады.

Ұлжалғас (сыңқ етіп, ұялғансып) Ағай, қойыңызшы!..

Сұлтанбек. Жо-жоқ, рас. Ұлы сөзде ұяттық жоқ деген.

Тойболды (қуланып).Сұлтанбек Ертуғанович, демек, Сіз (арыстандардың мүсіндерін нұсқап) бұлардың бірі – еркек, екіншісі – ұрғашы демексіз ғой?

Сұлтанбек(күліп). Солай ғой енді…

Тойболды. Сонда, Сіздіңше, бұның еркегі қайсы, ұрғашысы қайсы? Енді бізге ажыратып бермейсіз бе?

Сұлтанбек(сәл-пәл ойланып барып). Меніңше, еркегі – мынау, (Айдарға бұрылып). Таптым ба?

Айдар. Тапқанда да дәл үстінен түстіңіз!

Гүлден(қызығып кетіп). Сұлтанбек Ертуғанович! Қалай таптыңыз, айтыңызшы, а-а?!.

Сұлтанбек. Ол үшін мына мүсіндерге дұрыстаңқырап, бажайлаңқырап көз салу керек.

Гүлден. Қалай дұрыстаңқырып, қалай бажайлаңқырап?..

Сұлтанбек енді «ұрғашы арыстанның» мүсінінің жанына келіп, оны жалынан сипайды.

Сұлтанбек. Мына арыстанның мүсіні әйелдікіне ұқсай ма, әлде еркектікіне ме? Әрине, әйелдікіне. Ананың денесі секілді тым шомбал, олпы-солпы емес, қаншырдай қатып қалған. Сосын бір жағынан өзі кісіге сүзіліп, сынай қарайтындай ма, қалай… Анау секілді мұрнын аспанға көтеріп, одырайып тұрған жоқ.

Тойболды (тамсанып). Сұлтекеңнің талғамдары, интуициялары қандай, ә?!.

Нұрсұлу. Ал қаншыр деген не сонда?

Сұлтанбек. Оны әуелі мына қадірменді публикадан сұрап көрейік. Ал, жамағат, қаншыр дегеніміз не? Кәне, кім айтад?..

Әуелі бәрі бір бірлеріне сұрақты жүзбен қарасады, сонан соң «Оны біз қайдан білейік?» дегендей иықтарын қомдасады.

Сұлтанбек. Міне, көрдіңдер ме қазіргі замандық қазақтарды!.. Мәселең, мына Гүлденді түсінуге болар. Бұл қалада, асфальтта өскен қыз ғой. Ал қалғанымыз ауылдың шаңдағын бұрқыратып өскен қараборбайлар емес пе едік?!.

Айдар. Сұлтеке, байқаңыз, жаңағы борбай жөніндегі әңгімеңіз келіндеріңіздің көңілдеріне келіп қалуы мүмкін.

Ұлжалғас. (сыңқ етіп) Қойшы-әй, сен де бір қайдағыны шығармай… Айта беріңіз, ағай.

Сұлтанбек. Өзі білмеген соң, әдейі сөзді бұра тартып қой бұл қу бала. Менің айтайын дегенім мүлде ол емес.

Берікбол. Сонымен, аға, қаншыр дегеніміз не болды?

Сұлтанбек. Қаншыр дегеніміз арыстанның аналығы, орысша айтқанда, львица.

Нұрсұлу(басын шайқап). Біздің ағайдың білмейтіні жоқ. Аға, осылардың бәрі бір басқа қалай сыя береді? Бұл енді тарих емес, филология ғой.

Ұлжалғас. Сұлтанбек Ертуғановичтің басы қазына ғой. Тойболды, сен нағыз ақ бас тарихтың қатесін түзеткіш кісі болсаң, ең үлкен ми Айдардікі емес, Сұлтанбек ағанікі екенін дәлелдеуің керек еді мана.

Тойболды. Солай ма, Ұлеке? Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дейт, сіз айтсаңыз, мен өзімнің қателігімді түзеуге әзірмін. Шынында да, қаншыр дегенді өмірімде бірінші рет есітіп тұрмын. Құдай білет, осы сөздің мағынасын біздің жазушыларымыздың өздері де білмейді!

 

Сұлтанбек. Жо-жоқ, олар білет. Қанша айтқанмен, мамандар ғой. Ал аюдың ұрғашысын не дейт, соны білесіңдер ме? (Ұлжалғасқа бұрылып). Келін, сен Кегеннің, таудың қызысың ғой, білетін шығарсың? Ал қалғандарының біле қоюы неғайбыл.

Ұлжалғас. Сұлтанбек Ертуғанович, ұят болса да айтайын, білмейді екем.

Сұлтанбек. Нұрсұлу, онда сен айтып көрш.

Нұрсұлу. Аюша дейтін шығар.

Бәрі ду етіп күліп жібереді.

Тойболды. Сұлтеке, сіз де сұрайтын адамды таптыңыз-ау.

Гүлден қуланып, бастауыш сыныптың оқушысынша майысып, қолын көтереді.

Гүлден(ойнақы үнмен).Ағай-ағай!.. Мен айтайынш!..

Сұлтанбек. Айта ғой, балақай!..

Гүлден. Меніңше, аюдың күйеуін –аю мырза, ал әйелін – аю ханым дейт.

Тағы да жұрттың бәрі ду етіп барып басылады.

Сұлтанбек (күлкісін әзер тыйып). Жоқ, мырзалар мен ханымдар! Аюдың ұрғашысын кірекей дейт. О, бұл жарықтық қазақ тілі дегеніңіз телегей теңіз ғой, түпсіз терең мұхит қой. «Жібекті түте алмаған жүн етеді демекші, бұл жарықтық, әулие тілді қор қылып жүрген өзіміз емеспіз бе?! Мәселеңки, ғұламалар дүние жүзіндегі ең бай тіл деп тапқан тіл – мына өзіміздің көршіміз орыстың тілі. Орыс тілі де, әдебиеті де әлемде теңдессіз, оны өзіміз өркениеттің шыңына шыққан ұлттар деп жүрген ағылшындар мен жапондар да, немістер мен француздар да – бәрі мойындаған.

Ал сол ұлы деп жүрген орыс тілінде түйеге қатысты үш-ақ сөз, яғни үш-ақ ұғым бар – верблюд, верблюдица, верблюженок деген. Ал қазақ тілінің білгірі Герольд Карлович Бельгердің айтуы бойынша, біздің ана тілімізде сол ойсылқараға қатысты, Құдай-ау, жүз бе екен, әлде екі жүз бе екен, әйтеуір сол шамалас атау бар көрінеді. Өздерің білесіңдер, бота, тайлақ, буыршын, бура, атан үлек, қайымал, мая, іңген – осылай кете береді ғой. Қазіргі күні осындай телегей теңіз тілді біреулер кедей тіл, тайыз тіл дейтін болыпты?.. Енді оларға не дейсің?

Берікбол. Иә, жібекті түте алмаған жүн етеді» дегеніңіз нағыз барып тұрған шындық.

Нұрсұлу. Иә, өзіміз ана тілімізді білмейміз, және білмегенімізбен қоймай оған кедей деп, мұрнымызды шүйіреміз ғой және.

Тойболды қойқаңдап ортаға шығады.

Тойболды (сөзінің бас жағын өлеңдетіп). Ау, жарандар! Маған дереу бәрің бірдей қараңдар! Енді дискуссияны осымен тоқтатып, билейміз! Және билегенде де түбін түсіріп билеуіміз керек!.. Өйткені бүгін аса қадірменді Айдар Сейтқалиұлының мерекесі! Ал ол болса, біздің туымыз, жалауымыз! Ендеше, Маэстро, музыка!.. Кәне-кәне!..

Фараби тағы да магнитофонды іске қосады. Бұ жолы әп дегеннен Шәмшінің «Бақыт құшағындасы» сызылып қоя береді.Жұрт жұп-жұп болып, ырғала басып, би алаңына беттейді. Қызара бөртіп алған Айдар шап беріп Гүлденнің қолынан ұстай алады да, оны би алаңының шетіне қарай басқалардан оңашалап ала жөнеледі.

Гүлден (қолын ауырсынып). Өй, ағ-а-а-й!..

Айдар. «Ағай» деген даусыңнан айналдым әшейін… Сізді биге шақыруға бола ма?

Гүлден. Мына мені ме?

Айдар. Мына тап Сізді!..

Гүлден (ойнақыланып). Онда шақырыңыз! Немедленно шақырыңыз! Манадан бері қайда жүрсіз шақырмай?! Ай қарап жүрсіз бе?!

Екеуі вальс ырғағымен баяу тербетіле бастайды.

Айдар. Енді мына ағаң әп дегенде өзіңіз секілді періштеге бата алмай… Сонан соң қайраттанып, айбаттану үшін жүз грамм алып қойып дегендей…

Гүлден. Ішкілікті ұнатасыз ба?

Айдар(ақталып). Жо-жоқ, о не дегеніңіз! Ішімдік деген… Ол енді бар болғаны ең маңызды істің, шаруаның кіріспесі… Музыкалық терминмен айтқанда, прелюдиясы секілді нәрсе ғой. Мысалы, домбраны тарту үшін әуелі оның құлақкүйін келтіру керек дегендей…

Гүлден. Солай деңіз!..

Айдар. Солай-солай.

Гүлден. Ал жаңағы Сіз айтқан ең маңызды іс, жұмыс не сонда?

Айдар. Ол енді белгілі емес пе?! Ол – махаббат, сүйіспеншілік, достық…

Гүлден. О-о-о!..

Айдар. Сіздің атыңыз ғажап! Гүлден!.. Қандай керемет! Қалай тауып қойған!

Гүлден.Сіз солай ойлайсыз ба?

Айдар. Жалғыз мен емес, менің орнымда басқа біреу болса да ол да дәл осылай ойлар еді. Әрбір кісінің атында, білесіз бе, бір магиялық мағына жатады. Сізді ата-анаңыз о баста осылай деп бекер атамаған. Мәселен, сіздің есіміңіз, Сақыш, Пернегүл, Өрікгүл, Мейізгүл болуы да мүмкін еді ғой. Ал Жаратушы Сіздің ата-анаңыздың аузына басқа есімді, Гүлден деген керемет атауды салды. Ол бекерден-бекер емес. Бұ дүниеде жайдан-жай ештеңе болмайды. Сіз (көкті нұсқап) о бастан-ақ гүлденуге жаралған жансыз! Ал басқалар мына дүниеге Сізге қызмет етуге келген. Соның бірі мына менмін!..

Гүлден. О-о-о, мерси!.. Сіз, жалпы ақын емессіз бе осы?!.

Айдар. Жоқ, мен кәсіпкермін. Базалық білімім бойынша тарихшымын. (Иегімен Сұлтанбек пен Тойболдыны нұсқап). Бір замандарда ана кісілермен бәріміз бір кафедрада қызмет еткенбіз.

Гүлден. Есіткем-есіткем…

Музыка аяқталады. Дәл соны күтіп тұрғандай жақын маңнан отшашу, фейерверк атылады. Ол бір сәтке аспанды түрлі түске бөлеп, айналаны самаладай жарқыратып жібереді.

Берікбол. Отшашу!..

Ұлжалғас. Ура, фейерверк-к!..

Тойболды. Аспаннан нұр жауды, ханымдар мен мырзалар! Мен білсем, бұл фейерверк Айдар мырзаның туған күнінің құрметіне атылып жатыр!..

Нұрсұлу. Правда?!. Ой, как здорово! Бірақ мына арадан қай жерден атылып жатқаны онша көрінбейді екен…

Тойболды. Онда былайырақ, анау биіктеу жерге барып тамашалайық та!.. Кеттік, жолдастар!..

Ұлжалғас. Кеттік!

Гүлден. Қандай керемет!..

Бәрі отшашуды тамашалауға кетеді.

Бірінші бөлімнің соңы.

Екінші бөлім

Отшашуды тамашалауға кетушілердің ішінен ресторанның жаздық алаңына Гүлден мен Айдар бірінші болып оралады. Қалғандары әзір көріне қоймайды. Арақ пен шарапқа, өзінен әлдеқайда кіші, сұлу, әдемі, жас қызбен сәтті танысу қуанышының буына мас болған Айдар көздері шарадай жанып, әбден шабыттанып алған.

Айдар. Шынымды айтсам, мен Сізге ғашық болып қалдым!..

Гүлден(көздерін ойнақшытып). Қойыңызшы!.. Бір көргеннен бе?!

Айдар. Иә, шын айтам, бір көргеннен! Көзіме әп дегеннен тура оттай басылдыңыз!.. Жүрегім тоқтап қала жаздады.

Гүлден (сақ-сақ күліп). О-о-о!.. Ай, өтірікшім-ай, өтірікшім-ай! Осы Сіздер, ер адамдар, өтірікті табан асты қалай қиыстыра қоясыздар, а-а?! Ой, ішім-ай, ішегім-ай!.. Үйбәй-ай, ағатайымның жүрегі тоқтап қала сақтапты ғой!..

Айдар. Күліңіз-күліңіз!.. Мазақтаңыз! Тіпті ол аз болса, табаныңызға таптаңыз!.. Мен Сіз үшін бәріне көнем.

Гүлден (күлкісін әзер тыйып). Өй, қойыңызшы! Ішегім үзіліп кетіп жүрер, аға… Сондай баланың әңгімесін не қыламыз, одан да маңыздырақ бірдеңе айтайық та.

Айдар. Алтыным-ау, осыдан маңызды не болуы мүмкін мына жалған пәниде?

Гүлден(күлкісін тыйып). Мен Сізге қойыңыз дедім ғой, одан да айтыңызшы – мына рестораныңыздағы жөндеу жұмыстары қашан бітеді?

Рейтинг@Mail.ru