bannerbannerbanner
полная версияИмпериядағы туған күн кеші

Серік Асылбекұлы
Империядағы туған күн кеші

Айдар. Бұйыртса, осы бір айдың о жақ бұ жағында.

Гүлден. Сосын тағы той жасайсыз ба?

Айдар. Жасамай!.. Жасаймыз!.. Біз қазақтар, осы дүниеде сол той жасау үшін жүрген жоқпыз ба?! Ендеше той жасамағанда не бітіреміз? Ал енді сол мерекенің ең құрметті қонағы мына өзіңіз боласыз!

Гүлден (қылымсып). Қойыңызшы, рас па?..

Айдар. Рас болмағанда!.. Той дастарханның қақ төрінде өзіңіз отырасыз ай мен күндей жарқырып! Қалғандардың бәрі Сізге қызмет етеді сол күні. Мен сондай бұйрық берем! Ал өзім сізді тап былай!.. (Жалма-жан бейқам тұрған Гүлденді қапсыра құшақтап алып, тік көтеріп). Иә-иә, тап осылай көтеріп алып, төрдегі орындығыңызға отырғызам!..

Гүлден әуелі ішек-сілесі қатып күледі, одан соң Айдардың иығын кішкентай жұдырығымен онша ауыртпай, төмпештей бастайды.

Гүлден. Болды енді, болды!.. Жіберіңіз! Дереу босатыңыз мені!..

Осы кезде фейерверкті тамашалауға кеткен өзге қонақтар да оралады. Сұлтанбек бір-бірімен әмпей-жәмпейлесіп, мәз болысқан Гүлден мен Айдарға жақтырмай, тесіліп қарайды. Бірақ бір сәттік бақыт буына мас болысқан олар мұны байқамайды. Тек Айдар мен Гүлден ғана емес, қалғандарының да арақ пен шарапқа қызып, едәуір желігіп алғандары көрінеді. Солардың бірі Тойболды арыстандардың мүсінінің жанына аялдап, әлдебір басын қатырған сауалға жауап таба алмай сарсаңға түскен адамша оларға қайта-қайта сүзіліп қарай береді.

Нұрсұлу (Тойболдыға) Не ғып тұр есалаң адамша? Немене, арыстан боп, соларға қосылып кеткің келіп тұр ма?

Тойболды(тілі күрметіліңкіреп). Әй, мыналардың қайсысы еркек, қайсысы ұрғашы ед?..

Нұрсұлу (мырс етіп). Оны не қылайын деп едің? Оларға да тост берейін деп пе ең?

Ұлжалғас (арыстандардың біреуінің басынан сипап). Еркегі – мынау…

Тойболды. А-а, мынау ма? Мен анау екен десем… Мен қазір…

Кетеді.

Нұрсұлу (кетіп бара жатқан Тойболдыдан екі көзін алмай).Не істейін деп жүр?..

Ұлжалғас (күліп). Қайдам…

Пауза.

Тойболды манағы Айдарға сыйланған балықшының қалпағын алып, топқа қайта оралады.

Тойболды (Айдарға). Айдар Сейтқалиевич, біз Сіздің мына қалпағыңызды жалға ала тұрамыз.

Айдар. Пажалыста…

Тойболды. Ал енді кімде орамал бар? Қыздардың, әйелдердің бастарына тартатын…

Берікбол. Тәке, қазіргі заманда қазақ қыздары мен әйелдерінің ондай заттарды ұмытқандары қашан.

Тойболды. Жоқ, дегенмен жатқан-тұрған бірдеңе бар шығар.

Ұлжалғас(дауыстап).Сәния, а-а, Сәния?!.

Ресторанның ішінен, асхана жақтан жүгіре басып Сәния шығады.

Комодта менің жұқа «газовый» орамалым бар, мойынға салатын… Соны (Тойболдыны нұсқап) мына ағаңа әкеп бере қойш.

Сәния жүгіріп, қайтадан ресторанның ішіне кіріп кетеді де, көп кешікпей, қолындағы үлбіреген жұп-жұқа түрлі түсті орамалды Тойболдыға әкеп береді.

Тойболды. Рахмет, жаным. Көп жаса!..

Тойболды аз-маз шайқалақтаңқырап,етжеңді ауыр денесін әзер көтеріп, арыстандардың мүсінінің жанына келіп,олардың «еркегінің» басына жаңағы қалпақты кигізеді.

О-о, міне қатып кетті! Нағыз жігіт!.. Так, так… Енді қызымыздың, яғни Ұлжалғастың басына орамал тартамыз.

Тойболды «ұрғашы арыстанның» басына орамал байлайды.

Тойболды (мәз болып). Во!.. Енді «бұлардың әйелі қайсысы, күйеуі қайсысы еді» деп ешкімнің басы ауымайтын болды.

Нұрсұлу (мырс етіп). Жынды!.. Мас боп қалған ба?

Гүлден. Нет-нет, наоборот очень отличная идея!.. Посмотрите, как они сразу оживились! Просто оригинально!.. Жаса, Тәке!.. Кәне сол үшін қол шапалақтап қояйық, достар!

Нұрсұлу мен Сұлтанбектен өзгелері қол шапалақтайды.

Ұлжалғас. Шынында да, мыналар тіріліп кеткен сияқты-әй біртүрлі!..

Берікбол. Рас-рас!..

Айдар (күліп). Ана Ұлжалғасқа қараңдаршы, Ұлжалғасқа!.. Өзіне орамал қатты жарасады екен-әй!..

Бәрі «арыстандарға» қарап мәз болысады.

Тойболды. Ханымдар мен мырзалар, енді дастархан басына барайық! Ішіп-жеуді, мерекені қайтадан жалғастырайық. Кәне-кәне!.. Болыңдар!..

Бәрі дабырласып, дастархан басындағы тисілі орындарына келіп, жайғаса бастайды.Айдар Гүлденнің қолынан тас қылып ұстай алып, оны жетелей жөнеледі.

Айдар (Гүлденге). Енді бірауық менің қасыма отырыңызшы.

Гүлден. Қойыңызшы, ұят қой…

Айдар. Онда тұрған не бар? Кішкене әңгімелесіп отырайық та.

Гүлден (Айдардың қасындағы әзірше бос орындықты нұсқап). О жердің өзінің иесі бар емес пе?

Айдар. Ұлжалғасты айтасың ба?.. Ұлжалғас Нұрсұлуға қарай жылжып отырады. Немесе Сұлтанбек Ертуғановичтің жанындағы бос орындыққа… (Осы кезде өзіне жақтырмай қараған Сұлтанбекке көзі түсіп кетіп).Сұлтеке, Гүлден менің қасыма отырсыншы шамалы… Қарындасыммен дұрыстап танысып алайын. Қарсы болмайсыз ба?

Сұлтанбек (көңілсіз). Мейілдерің…

Айдар. Әне, шефтің өзі рұқсат берді. Отырыңызшы енді!..

Гүлден (әзер келіскен болып). Ту-у, қоймадыңыз ғой тіпті… Жарайт.

Тойболды. Ал дұрыстап құйып қойдыңдар ма? Толтырып-толтырып құйыңдар!.. Бүгін ішетін, жейтін күн! Бүгін – мейрам!.. Бүгін – той!..

Берікбол. Тәке, біз әлде қашан құйып қойдық.

Тойболды (орнынан тұрып). Ал онда ендігі тосты, ендігі тосты… (Қоразданып) Ендігі тосты менің кімге беретінімді білесіздер ме?..

Пауза.

Әне, білмейсіздер! Ендігі тосты мен ай десе аузы бар, күн десе көзі бар менің ақ бәйбішеме берем! Бағана оның тостын Айдар тартып алып қойған. Так что… Ал, бәйбіше…

Нұрсұлу (орнынан тұрып жатып, басын шайқап, жанындағы Ұлжалғасқа). Ұмытпапты-әй?!.

Ұлжалғас (күліп). Сені ұмытып Тәкеңді өле алмай жүр дейсің бе? Тәкең өлетін жерін біледі…

Тойболды. Әрине, білеміз. Сұлтекең секілді профессор болмасақ та, Құдайға шүкір, бір кафедраның білдей аға оқытушысымыз. Так что…

Нұрсұлу. Жарайт, сөзіңді біреу сөйлеп жатқанда өзіңді өзің мақтамай қоя тұрсаң қайтеді… (Тамағын кенеп). Ханымдар мен мырзалар! Мен көп сөзді білмейім. Сондықтан бірден тоқетерін айтпақпын. Қысқасы, Айдар Сейтқалиевичтің мынау «Империясы» жасасын! Сол империяның қожайыны, аса мәртебелі император Айдекеңнің даңқы арта берсін! Сол Айдекеңнің кейде оң қолы, кейде сол қолы, кейде мойыны, кейде тіпті алтын басы болған, болып жүрген, және алдағы уақытта да бола беретін Ұлжалғас ханымның мәртебесі асқақтай берсін! Айдекеңнің империясының арқасында осы отырған бәріміз осылай шат-шадыман болып, сайрандай берейік! Ура!..

Дастархан басындағы тойшылар қолдарын шапаттап, хормен «Ура! Ура!..» десіп шуласады.Бәрі қызып алған, бәрі мәз-мейрам, тек Сұлтанбек Ертуғановичтің жүзінде ғана кірбің бар.Айдар орнынан тұрып, екі жағына кезек шайқатылыңқырап, Нұрсұлудың жанына келеді.

Айдар (Нұрсұлуға).Бетті әкелш!..

Нұрсұлу бетін тосады. Айдар оны дұрыстап сүйеді.

Енді мына бетті!..

Нұрсұлу келесі бетін тосады. Айдар оны да асықпай, баппен сүйеді. Сонан соң орнына қайта беттейді.

(Отырып жатып). Жұрттар осындай сұлу, осындай ақылды келіншекті қайдан тауып алады-әй? Білмейім-білмейім…

Тойболды (қуланып). «Иняздың» топан қызының арасынан өзім асықпай жүріп таңдап алдым ғой, таңдап!… Осыны өзіңе талай айттым да, Айдеке. Тіпті ұмытып қала береді екенсіз.

Айдар. Әй, соңғы кезде мына басы бар болғыр кейде осылай істемей қалатын болып жүр ғой. Бізге де сүйтіп асықпай таңдау керек ет…

Ұлжалғас. Өкінбе. Әлі де кеш емес қой. Жассың, бет моншағың мөлдіреп, үзіліп кеткелі тұр!.. Таңда, кім саған қой деп жатыр?!.

Айдар. Қарағым, сен жағаласпай қоя тұрш…

Тойболды. Ханымдар мен мырзалар! Кәне, күлліміз тынышталамыз!.. Сөйтіп бәріміз асабаға, яғни маған қараймыз. Қарадыңдар ма? Қарасаңыздар, тойдың ең қызық жеріне енді келе жатырмыз!.. Қазір мен тағы бір кісіге тост берем. О кісінің есімі кім дейсіздер ғой?!. (Аузын ашып, көзін жұмып).О-о-о!.. Ажары аймен, көзі күнмен таласқан о кісінің есімі – ғажап!.. Гүлден!.. (Гүлденге бұрылып). Олай болса, ендігі сөз кезегі өзіңде, Гүлденжан!..

Жұрт қол шапалақтайды.

Гүлден (орнынан тұрып жатып). Ой, аға, мені қатты мақтап жібердіңіз ғой.

Тойболды. Жо-жоқ, алтыным, бұл әлі аз, аз!..

Айдар да орнынан тұрады.

(Айдарға).Айдеке, әлі Сізге кезек келген жоқ. Сіз отыра беріңіз.

Айдар. Жо-жоқ!.. Тамада мырза, маған аяқ астынан бір тамаша идея келіп тұр!..

Тойболды. Тамаша идея дейсіз бе?.. Так-так, құлағымыз Сізде…

Айдар (Тойболдыға). Сіз жаңа Гүлденді ғажап, жұрттан өзгеше, ерекше адам дедіңіз бе?

Тойболды (басын изеп). Иә, дедім-дедім…

Айдар.Егер сол дегеніңіз рас болса, Гүлден тосты басқалар секілді жерде тұрып емес, биікте, яғни мына үстелдің үстіне шығып тұрып айтады!.. Міне, былай!..

Айдар кенеттен бас-көзге қарамай қасында бейқам тұрған Гүлденді қапсыра құшақтап, тік көтеріп алады. Гүлден екі қолымен Айдардың иығын төмпештеп, екі аяғын ербеңдетіп, «Жібер! Жіберіңіз дейім!» деп, тыпырлайды да қалады. Бірақ қарулы Айдарға оның бұл қарсылықтары шыбын шаққан құрлы көрінбейді,ол қызды биік өкше туфлиімен үстелдің үстіне дік еткізіп, бір-ақ шығарады.

Тойболды (мәз болып). Браво-браво! Әй, Айдеке-ай, өсітпесең сен император боласың ба?! Кәне, Гүлденжан, бұл бір оригинальный нөмір болсын, сен, шынында да, тап осы жерде тұрып сөйлеш! Жарасады екен өзіңе!..

Гүлден.Өй, қойыңыздаршы! Түсем! Боюсь…

 

Айдар. Қорықпа, мен өзім қарап тұрам. Құлап бара жатсаң, міне былай ғып, қағып алам.

Тойболды. Гүлден, кәне, сөйле! Бір қызық болсын!.. Айтып тұрмын ғой, саған қатты жарасады екен.

Гүлден. Қойыңыздаршы, ұялам!..

Тойболды (өзеуреп). Өй, ұялатын несі бар, бәрі өзіміз ғой. Бәрі бұрыннан сыралғы достар осы отырғандардың…

Нұрсұлу. Сіңлім, енді не де болса, тостыңды айта бер. Бұл ағаларың сені со жерден сөйлетпей жібермейді. Тәуекел…

Пауза.

Гүлден. Өй, мынау қызық болды ғой… Онда не дейім… Менің жаңағы Нұрсұлу тәтенің тамаша тостын қайталағым кеп тұр. Айдар Сейтқалиевичтің туған күні құтты болсын! Оның империясының даңқы арта берсін! Бәріміз осылай ойнап-күліп жүре берейік. Сол үшін рюмкелеріңіздегіні түк қалдырмай алып қойыңыздар! Түбіне дейін!..

Тойболды (басын шайқап). Гениально!..

Нұрсұлу. Тамаша!.. Ал енді аяғыңды ауыртып алмай, ана үстелдің үстінен абайлап түсе ғой. (Тойболдыға). Тамада, ана орындықтардың бірін қарындасыңның аяғының астына қарай жақындат.

Айдар (орнынан ұшып тұрып, Тойболдыға). Тәке-Тәке, орындықтың керегі жоқ! Өзім-ақ көтеріп түсіріп алам!..

Гүлден.Қойыңызшы!.. Енді өзім түсем! Тойболды аға, жақындатыңызшы орындықты.

Тойболды (орындықты жақындатып жатып). Қазір-қазір… Айн момент!..

Айдар (Гүлденді құшақтамаққа ұмтылып).Тәке, мен саған керегі жоқ дедім ғой. Мен өзім-ақ!..

Гүлден. Тойболды аға, тыңдамаңыз бұ кісіні, тыңдамаңыз!..

Гүлден өзіне қарай өлермендене ұмтылған Айдардан зәресі ұшқан кісісіп, шыңғырып жібереді де, үстелдің үстімен одан олай-былай қаша бастайды. Осы кезде оның туфлиі бірнеше тарелка мен қасық, шанышқыларға тиіп кетеді де, әлгі ас приборлары жан-жаққа ұшады. Сондай тарелкалардың бірі ішіндегі салатымен бірге Сұлтанбек Ертуғанұлының дәл алдына барып құлайды. Ол бет-аузы сұрланып, орнынан ұшып тұрады.Сұлтанбек (түрі өрт сөндіргендей болып).

Тоқтатыңдар!.. Бұл не деген көргенсіздік өзі!..

Алайда экспромтты түрде, аяқастынан туып кеткен мына қызықты ойынға әбден беріліп кеткен, шала бурыл Айдар оның сөзін шыбын шаққан құрлы да көрмейді. Ақыры ол Гүлденді қолына түсіріп, оны тағы да манағыдай қапсыра құшақтай алып, дік еткізіп, жерге бір-ақ түсіреді. Алайда сол қас пен көздің арасы дерліктей бес-алты секундтың ішінде Гүлденнің ербеңдеген аяқтары тағы бірнеше ыдыс-аяқты төменге қарай домалатып үлгереді. Қас қылғандай солардың бірі бұл жолы Сұлтанбектің білегіне келіп соғылады.

Сұлтанбек (Айдарға оқты көздерін қадап). Өй, мынау, шынында да, нағыз көргенсіздің өзі екен ғой!.. Бұл не деген бассыздық!..

Айдар (Сұлтанбекке жалт қарап). Қойыңызшы!.. Соншама не боп қалды?!.

Сұлтанбек (зекіріп). Әй, мынау не дейді-әй?! Ұялудың орнына тіпті маған мәміле айтып, келе жатыр ғой өзі!..

Айдар. Мәміле айтса, несі бар?! Немене, Сіз сондай-ақ аспаннан салбырап түсіп пе едіңіз?! Той, мереке болған соң, ойнап-күліп жатырмыз… Немене сонша!?. Өтіңіз жарылып кетті ме?!

Сұлтанбек. Мына көгенсіз қалай-қалай сөйлейді-әй?! Тарт тіліңді!..

Айдар. Тартпайым!

Ұлжалғас (Айдардың жанына жүгіріп кеп). Айдар, тоқтат!.. Ұялмайсың ба, Сұлтанбек ағаның жасы үлкен ғой!.. Кешірім сұра дереу!

Айдар. Сұрамаймын мен ешкімнен кешірімді! Қажет болса, өзі сұрасын. Жоғ-ау, маған тіпті әкем секілді әкірең-әкірең етеді. Көргенсіз мен емес, оның өзі!.. Осындайларды да профессор деп әлдеқандай қыламыз-ау!..

Тойболды (Айдардың жанына жетіп кеп,оның білегінен ұстап). Әй-әй, мырза!.. Стоп-стоп!.. Сен тым қанаңнан асып барасың! Мынауың – ұят!..

Айдар (Тойболдыға). Не енді өзі жұртты қайта-қайта көргенсіз дейд?! Дұрыс па сонысы?! Басқа бір сөз құрып қалды ма айтатын?..

Тойболды. Айтса , жасы үлкен ағаң. Көтере салсаң қайтеді? Не, хандығыңнан түсіп қаласың ба?!

Айдар (қолын сілтеп). Әй, қойш сен осындай мәймөңкеңді!.. Жағынсаң, өзің жағына бер кафедра меңгерушіңе! Ал мен жағынбаймын! Өйткені Құдайға шүкір, мен ол кафедрада істемеймін.

Тойболды. Пәлі, мына кісі қалай ісіп-кебеді – әй?!.

Нұрсұлу (Тойболдыға). Тойболды, болды енді!.. Жетер!.. (Бұдан кейін Сұлтанбек пен Айдарға қарап) .Бәріңіз де дереу бір-бірлеріңізбен татуласыңыздар!.. (Берікбол мен Гүлденді нұсқап). Мына жастардан ұят емес пе?! Сұлтанбек Ертуғанович, кешіріңізші! Айдар үшін мен Сізден кешірім сұрайын, ашуыңызды басыңызшы бір жолға!..

Гүлден (жыламсырап). Сұлтанбек Ертуғанович, извините, ради Бога!..

Сұлтанбек (сәл-пәл жібіп). Жо-жоқ, ойынды, қалжыңды түсінбейтін мен бір қатып қалған әлгі… педант емеспін. Және біреудің тойының, мерекесінің қызығын бұзу деген де менің ғадетімде жоқ нәрсе. Алайда әр нәрсенің ақылға сыйымды шегі болады емес пе?!

Айдар (мысқылдап). Не, сол шегін сіз қолыңызға сызғыш алып, осылай өлшеп жүрсіз бе үнемі?!.

Сұлтанбек. Әне, көрдіңдер ме айтып тұрған сөзін!.. (Айдарға сұқ саусағын шошайтып). Жоқ, мынау әбден тойынған, семірген адам!.. Әлгі қазекемнің «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегені ып-ырас болып шықты!..

Айдар (Сізден сенге көшіп). Жаман ат мен емес, мына сенің тап өзің! Төрт жүз долларға жетер-жетпес айлығың бар… Сүйтіп ыңыршағы айналып жүріп, жұртқа ақыл айтқысы келеді! Между прочим, менің қатардағы қызметкерім сенен екі-үш есе жоғары жалақы алады.

Ұлжалғас(жыларман болып). Айдар, болды енді! Тоқтат!..

Берікбол (Айдарды қолынан тартып, сілкілеп!. Аға, жетер енді!.. Масқара ғой мынауыңыз!..

Тойболды. Ау, Сейтқалиевич, сен өйтіп тым аспандай берме! Әлгі орыстың жазушылары айтпайтын ба еді, «біздің бәріміз Гогольдың шинелінен шықтық» деп. Сол секілді біз екеуміз осы Сұлтекеңнің шапанының астынан шығып едік қой! Ұмытып қалсаң, есіңе түсірш!.. Мысалы, қанша бизнесмен болсаң да, сені ешкім білмейді бізден басқа. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасыныа еңбек сіңірген қайраткер» Сұлтанбек Ертуғанұлын иісі қазақтың бәрі білет!..

Айдар(тәкаппарланып). Ғалым болса, қайтем! Бола берсін!.. Ал мен, Құдайға шүкір, ғалым емеспін.

Сұлтанбек(дір-дір етіп).Қайтесіңдер соны! Бұл тойынған немені! Қазір мұндайлардың көзін шел басты ғой. Бірақ бар ғой, осындайларды есірткен мына біздің өзіміз! Баяғы сол құлдық психология жанымызды да, тәнімізді де жайлап алған… Мына біз, байғұс қазақ, кімге құл болмадық?!. Үш жүз жылдай орыстың ақ патшасына құл болдық. Сосын тағы жетпіс жыл солардың большевиктері мен коммунистерінің көсемдеріне басымызды идік жерге жеткенше! Енді, міне, тәуелсіздік алған осынау заманда өз қанымыздан жаралған мына секілді (Айдарды нұсқап) байшікештерге пенде болып отырмыз! Өзіміз осыларды мақтап-мақтап есіртіп жіберген! Өйткені әбден пенде, құл болып жаман үйреніп қалған мана біз біреулерге жалпақтап, басымызды имесек, жүре алмаймыз! Онсыз біздің тамағымыздан ас өтпейді. Ал мынау (Айдарды көрсетіп) бар болғаны кешегі ұры ғой! Айдар(ыршып түсіп). Кім ұры? Мен бе?!

Рейтинг@Mail.ru