bannerbannerbanner
полная версияИмпериядағы туған күн кеші

Серік Асылбекұлы
Империядағы туған күн кеші

Сұлтанбек. (Тойболдының сауалына онша мән бермей, Айдарға). Люстраларды қайдан алдыңдар?

Айдар. Чехиядан… арнайы тапсырыспен.

Нұрсұлу. Айтатыны жоқ, ресторандарыңның атына дейін дәл тауып қойыпсыңдар. «Империя» десе, нағыз империя!..

Тойболды. Ханымдар мен мырзалар! Осы ең миы көп бас Тургеновтікі ме, әлде Лениндікі ме еді?

Гүлден. Тургеновтікі.

Тойболды. Ендеше, жолдастар… то есть ханымдар мен мырзалар! Ақ бас тарихтың осы бір қателігіне бүгінен бастап түзету енгізуге тура келіп тұр. Меніңше, ең милы бас – біздің Айдекеңдікі. Мына жердің астындағының да, үстіндегінің де бәрін білетін америкалықтар: «Егер сен ақылды болсаң, неге бай емессің?» дейді екен. Солар біліп айтқан. Ендеше егер Тургенов Айдардан да милы болса, оның неге мына «Империя» секілді екі қабатты ғажайып рестораны болмаған. Рас, ол кісі дворян ғой, сондықтан мына мен секілді ыңыршағы айналған кедей болмаған шығар. Ал бірақ тарихи фактілер ол кісінің сәні мен салтанаты келіскен мынадай ғажайып екі қабатты рестораны болғаны жөнінде жұмған ауыздарын ләм-мим деп ашпайды. Келісесіздер ме осыған?

Бәрі хормен «Келісеміз! Келісеміз!..» деп, жамырап қоя береді.

Ұлжалғас. Бірақ Тургенов артына тамаша-тамаша көп әдеби шығармалар мен кітаптар қалдырды ғой.

Тойболды (қолын сілтеп). Әй, шырағым, қойш соларды! Бұл күнде со кітаптар мен шығармаларды оқитын адам қалды ма мына жер бетінде? Тап қазір бизнестің, кәсіпкерліктің заманы. Ендеше құрметті Тургенов мырзаның өзі баяғыдай өзінің шығармаларымен мақтана алмас еді тап осы қазір ғайыптан тайып болып біздің ортамызға тіріліп келсе.

Нұрсұлу (көздері жайнап). Да-да, «Империя» – ресторан европейского класса! Ничего не скажешь – очень шикарная штучка!

Тойболды. Міне-міне айтқаным айдай келді. Өйткені мына бар ғой, менің зайыбым бірдеңеге қатты риза болса, немесе керісінше қатты қапаланса, осылайша орысша шүлдірлеп қоя береді. Ал дәл қазір ол кісі қатты риза болып тұр. Ендеше, бүгін сенің мақтануыңа әбден болады, Айдар Сейтқалиевич!

Гүлден(ерекше әсерленіп) Да, действительно, все классно! Супер!..

Айдар. Рахмет-рахмет.

Ұлжалғас. Ау, қадірлі меймандар! Енді отырайық. Мен білетін Айдекең болса, сіздер қанша мақтауын келістірсеңіздер де, ол жуық арада «қой» деп айта қоймайды. Сондықтан енді дастарханға жақындайық.

Айдар. (басын шайқап). Әркімнің бір жауы бар деген, а-а…

Бәрі қобырласып-жабырласып, орындықтардың аяқтарын дырылдатып, жұп-жұптарымен дастархан басына жайғасады. Болат келіп, шешесінің құлағына сыбырлайды.

Ұлжалғас (Болатқа).Жарайт, бара ғой. Бірақ тым кешікпе.

Болат. Кешіксем, «звондаймын» ғой.

Болат сыртқа бет алады.

Айдар(Болатқа). Әу, жігітім! Мына қонақтар сенің құрметіңе келіп отыр ғой.

Болат (артына бұрылып). Пап, мен қазір келем.

Айдар. Сенің қазіріңді білеміз ғой. Тағы да сол Жалғасбаеваға «свиданиеге» кеттің бе?

Ұлжалғас, Ту-у, сен де бір… Баланы кісілердің көзінше ұялтпай, жайыңа қарап отырш!.. Қазір біраздан соң келет.

Айдар (кекетіп). Иә, қазір жүгіріп келе қояр. Білеміз ғой о баланың жайын.

Болат кетеді.

Ұлжалғас.(Айдарға бұрылып, сұрақты жүзбен). Қартайғанда қандай шал болар екенсің?

Айдар. Қандай шал болам… Кәдімгі нормальный шал болам да.

Ұлжалғас. Қайдам, Құдайдың құтты күні мазамызды май ішкендей қылып отырмасаң… Ал, жолдастар, енді тамадамызды сайлап алып, мына шағын тойымызды әрі қарай жалғастырсақ… Егер сіздер қарсы болмасаңыздар, менде мынадай ұсыныс бар – тамадамыз Тәкең, Тойболды болсын деген. Кәне, осы ұсынысты қолдайтындарыңыз қол көтеріңіздер.

Бәрі қолдарын көтереді.

Қарсы, қалыс – жоқ. Тәке, бірауыздан бастық боп сайлануыңызбен құттықтаймын! Ендігі сөз кезегі – өзіңізде.

Тойболды. (тамағын қырнап). Мынау өзі аяқ астынан қызық болды ғой… Бірақ енді бір жағынан дұрыс та сияқты. «Сағынайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» демекші, мен енді жан досым Айдекеңнің туған күнінде асаба болмағанда, қайда болам. Олай болса, не десем екен?..

Нұрсұлу. Бірдеңе дейсің де енді…

Тойболды. Олай болса, жолдастар…Ту-у, коммунистердің заманынан қалған осы бір сөз де қыстырылып бәле болды ғой. Ханымдар мен мырзалар деуім керек екен ғой. Ал қымбатты ханымдар мен мырзалар, біріншіден, алдарыңыздағы рюмкелеріңізге толтырып-толтырып құйып қойыңыздар!

Пауза.

Так, құйып болдыңыздар ма?.. Онда екіншіден… Иә-иә, екіншіден, сөз осы отырған бәріміздің асқар таудай ағамыз, Алматы мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанбек Ертуғанұлына – қадірлі Сұлтекеңе беріледі.

Нұрсұлу. Ура!..

Ұлжалғас. Ура!.. Ал, аға, құлағымыз сізде!

Пауза.

Сұлтанбек (орнынан тұрып). Ал, Айдаржан, келін! Ең алдымен сендерді мына Болаттарыңның ат жалын тартып мініп, азамат болғандығымен құттықтаймын! Ұзағынан сүйіндірсін. Екіншіден, Айдеке, туған күніңмен!.. Міне, біз сені мына Тойболды, Нұрсұлу үшеуміз білгелі он бес жылдың жүзі болыпты. Оның үстіне мен, сен, Тойболды үшеуміз бір кафедрада он шақты жыл қоян-қолтық қызмет еттік. Құдайға шүкір, бір-бірімізге «шәй» дескеніміз жоқ. Сонан сен тоқсаныншы жылдардың бас жағында ғылымды тастап, біржолата бизнеске кеттің. Сүйтіп кәсіпкерлік әлемінде шар болаттай шыңдалдың. Қазір, міне, сол әлемдегі төрт құбыласын түгендеген алпауыттардың біріне айналып отырсың. Есіңде болсын, біздің кафедра сол үшін өзіңді әрдайым мақтан тұтады. Басқа не дейім… Осылайша бақытың өрлей берсін! Біз, ежелгі достарың, саған соны ғана тілейміз. Арада жылдар өткен сайын сенің әулетіңнің мына «Империясы» үлкейіп, қыранша қанатын кеңге жая түссін!.. Сол үшін!..

Тойболды. Император Айдар Сейтқалиұлы жасасын!..

Нұрсұлу. Оның даңқы арта берсін!

Айдар (сәл-пәл толқып) Рахмет, достар, рахмет!..

Ұлжалғас. Сіздерді Тәңір жарылқасын!

Тойболды. Кәне, Сұлтекеңнің тосын бәріміз бір тамшы қалдырмай алып қоямыз! Өйткені мұндай кісілер тарихта жүз жылда бір-ақ туады.

Сұлтанбек (күліп, орнына отырып жатып). Мың жылда демегеніңе шүкір әйтеуір.

Нұрсұлу. Сұлтанбек Ертуғанович, сіз күлмеңіз! Шын мәнінде сіз біздің жалауымызсыз, мақтанышымызсыз!

Ұлжалғас. Рас-рас!..

Пауза. Қонақтар енді көңілдерін бірлеп, бәрі жақсы тәбетпен ішіп-жеуге кіріседі.

Тойболды. (екі ұрты бұлтылдап, иегімен Берікболды ымдап көрсетіп). Айдеке, Сен бізге мына қонақ жігітті таныстырмадың ғой.

Айдар. А-а айтпақшы, айып менен. Бұ жігіт менің ауылда тұратын бауырым. Туған інім. Аты – Берікбол. Елдегі тірегіміз. Жаңа, осыдан бір сағаттай бұрын ғана кешкі пойыздан түсті.

Тойболды (Берікболға қолын ұсынып). Тойболды… Мына кісі – біздің үйдегі әпкең. Нұрсұлу ханым деген мықты осы кісі болат. Ал Сұлтекеңді жаңа дұрыстап таныстырдым. Қалғандарын өздеріңіз бұрыннан білесіздер дегендейін…

Айдар (сәл-пәл шыдамсызданып, Гүлден жаққа мойнын бұрып). Тойболды, сен бізге мына қонақ қарындасты таныстырмадың ғой.

Ұлжалғас (күйеуінің құлағына ысылдай сыбырлап). Немене, таныса алмай, арманда кетермін деп өліп бара жатсың ба?! Қазір айтайын деп жатыр ғой, сәл шыдасаңшы!..

Тойболды. (орнынан тұрып). О-о-о, бұ кісінің есімі ғажап!.. Гүлден!!! Гүлден бір жағынан Сұлтекеңнің шәкірті, ал бір жағынан… Иә-иә, бір жағынан аспиранткасы. (Гүлденге бұрылып). Гүлденжан, ал мына ағаңның ныспысы – Айдар. Айдар Сейтқалиевич… Бүгінгі кештің бас геройы. Ал ол кісінің қасындағы әпкеңнің аты – Ұлжалғас. Ұлекең – Айдекеңнің жұбайы, яғни оң қолы, кейде сол қолы, кейде мойыны, кейде тағы бір жері… Қысқасы, бұ кісісіз Айдекеңнің күні жоқ. Ақылды баласың ғой, оны өзің де мен айтпай-ақ шамалап отырған шығарсың.

Гүлден. Очень приятно!..

Айдар. Өзіңізбен танысқаныма бек қуаныштымын, айналайын. Түсіңіз жылы бала екенсіз.

Гүлден. Рахмет.

Тойболды. Ал енді танысып болсақ, келесі тосқа көшеміз. Келесі тост, келесі тост… дүние жүзіндегі ең сұлу, ең сымбатты, ең мейірімді…

Айдар. Ең сүйкімді келіншек Нұрсұлу ханымға беріледі.

Тойболды, Түһ, осы адамның ішіндегіні қалай біліп ұқоясыңдар, әй?!

Айдар. Е-е, білмей. Кімнің кім екенін білетіндей жасқа келдік қой.

Тойболды. Ал онда…

Нұрсұлу. Ау, ал онда мырза! Әуелі манағы Айдекеңе алып келген сыйлығыңды тапсырсайш! Сосын сөйлей жатамыз ғой.

Сұлтанбек. Нұрсұлудікі жөн. Тойболды, сыйлықты өзің тапсыр.

Тойболды . А-а, шынында да солай екен-ау. Біздің бәйбіше тек қана сұлу емес, оның үотіне ақылды да жан ғой. Қалай тауып алғам, ә, қалың қыздың арасынан адаспай. Есіме дәл уақытында салғанын қараш. Қой, мен сыйлықты әкелуге кетейін.

Кетеді.

Айдар. Айтпақшы, Жанбай мырза көрінбейді ғой. Сұлтекең мен Тойболдыдан кейінгі үшінші мушкетер…

Сұлтанбек. Жанбай келінді алып, аэропортқа кетті. Балаларын күтіп алуға. Асқар Кембридж университетінің үшінші курсын бітіріп, демалысқа келе жатқан көрінеді.

Нұрсұлу. Егер үлгерсек соңына таман болса да, жетеміз деген Шәрипа.

Ұлжалғас. Уақыт қалай зымырайды, ә? Асқардың оқуға түскен күні кеше ғана сияқты еді, содан бері демнің арасында үш жыл өтіп кеткен бе?

Нұрсұлу. Айтпа-айтпа…

Ұлжалғас. Асқар жарады. Кембриджде оқитын қазақтың баласы саусақпен санарлықтай шығар!

Айдар. (Гүлденге) Қарындас, салаттан, көкөністен былай… қысылып-қымтырылмай алып отырыңыз. Өзіңіздің үйіңіздегідей… Құдай қаласа, әлі бәріміз дос боп кетеміз.

 

Гүлден. Рахмет пейіліңізге… Алып отырмын.

Пауза.

Сұлтанбек(Берікболға). Бауырым, ел-жұрт аман ба? Демалысқа шығып па едіңіз?

Берікбол. Жоқ, аға. Бір-екі күнге ғана келгем. Пәлендей жұмыс жоқ, мына ағамыз бен жеңгемізге сәлем беріп кетейін деген ғой…

Сұлтанбек. Ие, жөн-жөн… Қазір қалай енді?.. Былай… елдің шаруашылығы түзеліп келе ме?

Берікбол. Құдайға шүкір, бірте-бірте халық еңсесін тіктеп келет. Жұрт әйтеуір жаппай Қытайдың ала қабын арқалаған заманнан құтыла бастады.

Сұлтанбек. Дұрыс екен, өстіп-өстіп ел боп кетеміз ғой. Еңбек етсек, біздің жұрттың басқа халықтардан кемдігі жоқ қой.

Брезент қапты көтеріп, Тойболды келеді.

Тойболды(қапты жерге қойып жатып). Айдар мына қаптың ішінде сенің туған күніңе арналған сыйлық жатыр. Қазір жоғары жақтан мөрмен бекітілген сценарий бойынша мен оның аузын ашуға тиістімін. Бірақ ол үшін сен мына көздері жәудіреп отырған жамағатыңа онда не жатқанын айтуың керек. Шарты – солай.

Айдар. Бұл бір қиын шарт екен. Оны мен қайдан білем? Өзің білесің, көріпкелдігім жоқ…

Тойболды. Жо-жоқ, білуге тиістісіз! Жаңағы біз бәріміз жабыла мақтаған алтын бас сізге не үшін берілген? Ойланыңыз! Толғаныңыз!..

Айдар(ойланған болып).Етегіне, шалғайы мен жағасына мынадай дәу-дәу қошқармүйіз ою салынған бір шапан…

Тойболды. Сосын?..

Айдар. Сосын баяғы хандар киетін үлке-е-н айыр қалпақ болар етегі делдиген… Әдетте, біздің қазекемнің фантазиясы осы төңіректерден табылатын сияқты еді ғой.

Сұлтанбек. Таппадың…

Тойболды(күйінген кісіше). Сұлтеке-ау, таппағаны өз алдына, оның үстіне, байқадыңыз ба, бұл мырза, сыпайылап айтқанда, біздің талғамымыздың жоғарылығына ептеп күмән келтіріп тұр ғой!..

Айдар. Жо-жоқ, көңіліңе келмесін. Бәріміз де қазақпыз ғой, сондықтан жаңағы айтқанымның ішінде өзім де бармын.

Тойболды. А-а, солай ма?!. Білмей жүрсем, Сіз де қазақ екенсіз ғой!.. Дегенмен әлгі версияң шындықтың маңайына да жоламайды. Демек, тағы да ойлануыңызға тура келеді.

Айдар. Онда не десем екен?.. А-а, таптым!.. Бұ қапта, мен білсем, Нарынқолдың ба, әлде Кегеннің бе, әйтеуір бір бейшара қойының еті бар сияқты. Сенің қапты мықшыңдап әзер көтеріп келе жатқаныңа қарағанда, сондай бір ауыр зат жатқан тәрізді онда. Менің тамақсау екенімді жақсы білесіңдер. Сірә, Айдар қызылсырап жүрген шығар деп ойлаған болуларыңыз керек.

Тойболды(басын шайқап). Жо-жоқ, мүлде басқа жаққа лағып кеттіңіз.

Нұрсұлу(шыдамай). Жарайт, енді жетер. Бәлсінбей былай… ашсайшы қабыңды! Айдеке, в самом деле все очень просто – қаптың ішіндегілер балықшының керек-жарақ заттары. Сенің балық аулағанды жақсы көретінің есімізге түсіп кетіп…

Тойболды қапты ашып, оның ішінен әуелі шағын резеңке қайық пен оның екі ескегін, балықшы қармағын, бір пар ұзын қонышты резеңке етікті,балықшылар мен аңшыларға арналған қалың брезент шалбар мен күртені, сондай-ақ брезенттен тігілген сұр қалпақты алып шығып, рет-ретімен жерге біртіндеп қоя бастайды. Сонан соң қайықты насоспен үрлеп, оны тез арада жұмысшы қалпына келтіреді де, ескекті тиісті тетіктерге қондырады.

Тойболды(Айдарға). Ал бәрі дайын!.. Тақсыр, Сіз өзіңіздің ең сүйікті ермегіңіз – балық аулауға баруға жүз пайыз әзірсіз!.. Тек мұнда келіп, мына дүние-мүкаммалдарыңызға иелік етуіңіз ғана қалып тұр.

Айдар орнынан тұрып, жұртты күлдіру үшін ерекше маңғазданып, қоразданып, сонан соң билей басып, Тойболдыға қарай цирк клоундарынша маймаңдай жөнеледі.

Нұрсұлу(Айдарға сүйсіне көз салып). Какой он сегодня важный, в то же время очень элегантный!..

Гүлден.Действительно, просто прелесть! Он оказывается не только бизнесмен, но и великолепный актер!..

Ұлжалғас. Иә, ағаңның талай өнері бар, шырағым. Амандық болса, бұдан басқасын да көрерсің.

Тойболды(Айдарға). Ал мыналарды енді үстіңе өлшеп көр. Меніңше. Нақ сенің размерің.

Айдар. Ыстықтап кетпейім бе?

Тойболды. Біз құтты болсын айтып болған соң, шешіп тастайсың ғой. Ештеңе етпейді.

Айдар әуелі шалбар мен күртені, сонан соң резеңке етік пен қалпақты киіп, қолына қармақты алып, сонан соң көз алмай өзіне қарай қадалып қалған публикаға бұрылады.

Айдар. Қалай, ұқсаймын ба?

Сұлтанбек. Айнымайсың!..

Гүлден. Тура кинодағы сияқтысыз!..

Тойболды. Құдды түйе!..

Нұрсұлу. Шынында да, бұ жолы тауып кеткен екенбіз!.. Между прочим, о баста бұл менің идям болатын.

Сұлтанбек. Иә-иә, идея Нұрсұлудікі болатын. Біз қоштадық.

Айдар үстіндегі балықшы киімдерін тастамай, жаңа көйлек киіп, сонысын жұртқа жариялауға құмартқан жас балаша олай-былай бірер минут көлбеңдеп жүреді.

Ұлжалғас. Құтты болсын!.. Жарайт енді үстіңдегілерді шеш, терлеп кетерсің.

Айдар(күліп). Біртүрлі шешкім келмей тұр-әй!..

Ұлжалғас. Қой, болды енді. Шеш!.. Мына жұртың күтіп қалды. Әлі талай адам тост көтеру керек.

Айдар балықшы киімдерін шешіп,өзінің орнына келіп отырды. Сонан соң жалма-жан қайтадан ұшып тұрады.

Айдар. Ханымдар мен мырзалар! Қазір мен бір-екі ауыз сөз айтып жіберсем деп тұрмын. Бұған қалай қарайсыздар? (Нұрсұлуға бұрылып) Нұреке, кешіріңіз, Сіздің кезегіңізді алып қойдым ба?..

Нұрсұлу. Өй, о не дегенің Айдеке! Сөйле-сөйле!.. Түн ұзақ, сөзді бәріміз қатырамыз ғой әлі.

Айдар. Онда, жігіттер, қыздар, бәріңізге рахмет! Мыналарыңыз бір керемет сый болды. Сіздер менің жанымды түсінеді екенсіздер. Шын айтам, өмірімде маған ешкім дәл осындай тамаша сый жасаған жоқ әлі.

Мына жалған дүниедегі азғантай қызықтың, рахаттың бірі осы балықшылық қой. Кешке қаладан жүз елу шақырым жол жүріп барып жарықтық Іленің басына барып қонасың. Палаткаңды тігесің. Дүние тым-тырыс, құлаққа ұрған танадай. Көктен сан миллион жымыңдаған жұлдыздар құттықтап тұрады. Өзен жақтан неше түрлі шөптердің жұпарын аңқытып,

болар-болмас самал желпиді. Түн ортасына дейін өсітіп табиғатпен табысып, түрлі қиялға шомып, жатасың. Содан таңертең орныңнан атып тұрып, апыл-ғұпыл киініп, бірдеңеден құр қалғандай өзенге қарай жүгіресің. Жардың басына шығып алып, бір Жаратқанға сыйынып, қармағыңды суға лақтырасың. Сонан соң екі көз – қалтқыда, деміңді ішіңнен алып, қатасың да қаласың!.. Бір кезде қалтқы қалтылдай бастайды. Бұл – балық қармақтың басындағы жемді түрткілей бастады деген сөз. Сәлден соң қалтқы суға батып, қармақтың жібі дір-дір ете қалады. Демек, балық қармақты қауып кеп алды. Осы сәтте жүрегің шымыр-шымыр етіп, бір сәтке тоқтап қалғандай болады. Шіреніп, қармақтың сабын құлаштай тартып кеп қаласың.

Дәл осы бір бақытты сәт үшін түн ұйқыңды төрт бөлесің-ау. «Балыққа барайық» деп, кейбір сал бөкселеу еріншек жолдастарыңды бір апта бойы үгіттейсің. Сонан соң арып-ашып 150-200 километр жол жүресің. Соның бәрі жаңағы бір мүйнеттік бақытты сәт үшін!..

Рейтинг@Mail.ru