bannerbannerbanner
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Кеңес Оразбекұлы
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Батаны әдетте қарт адам, үлкен орындағы адам, жолы үлкен адам береді. Мұның өзі бата берудің ислам дініндегі рәсім-қалыбынан гөрі, көшпелілердің Тәңірілік наным-сеніммен туындаған дәстүріне жуықтау. Аруаққа сыйыну, аруақтың назасына ұшырамау, сол үшін тілек айту, ол тілекті сол аруақты орындағы адамның айтуы көшпелілердің байырғы кісілік қалыбының дәстүрі екені айқын. Мұның дәлелін өзгеден емес, сол «бата» сөзінің тіліміздегі қолданысынан байқауға болады: бата, батагөй, батагөйлік, батадай, баталас, баталастыру, баталасу, баталы, батасыз, баташыл, теріс бата т. б. Міне осы ұғымдарды «фатиха» сөзімен шендестіріп қолданудың қисыны жоқ. Мәселен, «фатихалас» («баталас»), «фатихаласу» («баталасу»), «фатихадай» («батадай») деген тіркес-ұғым ислам қалыбына мүлде жат…

Демек, байырғы салт-дәстүрімізді, кісілік қалыптарымызды қит етсе болды ислам дінінің қанжығасына бөктере салу, түптен келгенде, өзімізді өзіміз жабайы етіп, тексіз, дәстүрсіз етіп көрсетудің бір түрі болып шығады. Тәңірілік наным-сенім өзге діндерге қарағанда өмір-дегі моральдық-этикалық дегдарлығымен, әлеуметтік-экологиялық өмірмен үндес демократиялық сипатымен ерекшелінеді. Біздің халықтың рухани болмысы ғасырлар бойы осындай үрдіс негізінде тәрбиеленген». (А. Сейдімбек, 94. 87-88-б.)

Бата сөздің ислам дініне дейін де халық дәстүрінде болғанын фольклоршы ғалым С. Нагимовтың келтірген мына дерегі де растай түседі: «Бата сөз тек қазақ жұртында ғана емес, түркі-монғол халықтарында бағзы заманда дәстүрге, салтқа айналған. Бурят елі мұны «юролы», ал алтайлықтарда «алқышы» немесе «алқыш сос», монғолша «еролы» деп аталады…

Монғол халқының салт, жорасында, атап айтсақ, киіз басу, жүн өңдеу, аңға шығу, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, некелесу, отау тігіп, шаңырақ көтеру, жаңа құрылған киіз үйді жабдықтау – бата сөзсіз өтпейді екен…

«Монғолдың құпия шежіресі» кітабындағы:

Асқар таудай алып бол,

Атпақ күндей жарық бол, —

деген жолдар да жақсы лебізге, ізгі сезімге толы». «Ақ бата», «Жазушы», 1992ж., 7б.

Жоғарыда аталған халықтардың бәрі қазақтармен көнеден келе жатқан қоныстас, көршілес елдер. Соған қарамай олардың діндері исламға жуықтамайды: буряттар мен монғолдар – будда, лама дінінде, алтайлықтар – христиан. Ал, «Монғолдың құпия шежіресі» – ислам дінінің «иісі мұрнына бармаған» Шыңғысхан, шаманизм заманындағы кітап.

Ал, бата, тілек – бәрінде ортақ. Ендеше, бата, тілектің негізі қайда жатыр?

БАТЫР БІР ОҚТЫҚ, БАЙ БІР ЖҰТТЫҚ

«Қой шаруашылығында, жалпы мал шаруашылығында ең қиын, қауіпті кезең қыс кезеңі, оның ең қатерлісі – жұт деген жағдай. Қар қалың түсіп, арты жаңбырға айналып, соңынан күн суытып кетсе, қардың беті мұз болып қатып қалады. Қой өз бетімен жайыла алмайды да, аштыққа ұшырайды. Бұл жағдайда әуелі жылқыны жаяды, оның тұяғы мықты, қарды бұзып, ол жеңіл жұтқа қиналмайды. Жылқының соңынан қойды жаяды, сөйтіп, малды қыстан аман алып шығады. Бірақ аяз қатты болса, бұл амал да жарамайды. Онда көшуге тура келеді. Егер көшіп, шөбі мол жерге жетсе, ол жақсы. Ал оған шама келмей, жұт ауыр болса, қазақтың малы жұттың құрбаны болады. Мыңғырған байлар барлық малдан айырылып, жалшылыққа жалданып кететін жағдайлар кездескен. „Батыр бір оқтық, бай бір жұттық“ деген мақал осыдан туған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.).

Мына алмағайып дүниеде бүгін бар болсаң, ертең жоқ болуың оңай деген мағынада айтылады.

БАТЫРДАН – САУҒА, АҢШЫДАН – СЫРАЛҒЫ

Біреудің олжасы мен табысынан сый дәметкен жағдайда, осы сөз тіркесін ауызға алады.

«Батырлар олжалы оралғанда, олардың қолындағы олжаның бестен бірі ханға тиесілі болады да, қалғаны соғысқа қатысқандарға үлестіріледі. Соғысқа, жорыққа қатысқандар олжадан сауға сұрап алады. Немесе тұтқынға түскен адамдардың бірін, тұтқын батырларды да қарсы жақтың адамдары сауға сұрап, оларды бас бостандыққа шығарып алу мүмкіндігі мен хұқын пайдаланған. Мұны сауға сұрау дейді. Кейде жеңілген жауынгер өз басын өстіп сұрап алып, бостандыққа шыққан немесе ауыр жазасын жеңілдеткен. Басын аман алып қалудың бұл жолын бас сауғалау дейді.

Ал аң-құс аулап, олжалы оралған аңшыдан олжасының бір бөлігін сұрап алу салтын – сыралғы деп атайды.

«Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» деген сөз содан қалған». (-)

БӘЙТЕРЕК

«Бәйтерек. Ғалам моделінің бір нақтыланып көрсетілген нұсқасы және ғаламның үш дүниесінің кіндік – осі, жалғастырушысы.

Ғазіреті Ғали тауында

Дарақ деген ағаш бар. (Қашаған).

«Ертегілер» жинағынан біз бәйтерекке қатысты тоғыз рет қайталанатын трафареттік сюжетті есептеп шығардық. Сол сюжеттер бойынша бәйтеректің образын аз да болса жинақтап көрсетуге болады.

Біріншіден, бәйтерек ғаламның орталығы болып табылатын киелі жерде, киелі бұлақ қасында орналасады. Ол үш дүниені жалғас-тырушы, төбесі – аспанда, тамыры – жер асты дүниесінде орналасқан. Екіншіден, бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс пен жылан – айдаһар бар, олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалануы болып табылады. Үшіншіден, бәйтеректің түбінде белгілі бір мифтік – киелі процесс өтеді, бұл – шамандыққа байланысты. Осы жерге батыр келіп жыланды өлтіріп, қарақұс балапандарын құтқарады, сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл тұрғыда бәйтерек – ғаламдардың есігі болып табылады. Бәйтерек ғаламдық ағаш ретінде басқа мифтік дәстүрлерде де тараған. Мысалы, скандинав мифінде осындай ағаш Иггдрасиль, саха – якуттарда пайқайың деп аталады. Бәйтерек сөзінің этимологиясы бәй – «байырғы, түпкі, алғашқы, бірінші», терек – «тіріг» сөздерінен құралып, «өмір беруші», «алғашқы өмір» дегенді білдіреді.

Балама атаулары – дарақ, дарау, дара». (С. Қондыбаев, 62.18-19-б.).

Қазіргі кезде бәйтерек ұғымы – мықты діңгегіміз, тірегіміз, ұйытқымыз деген мағынаны да береді.

БӘЛЕДЕН МАШАЙЫҚ ҚАШЫПТЫ

«Бәледен машайық қашыпты». Бұл арадағы машайық сөзі араб тіліндегі «шейх» -тің көпше түрі. Ал машайық «қарт, қария» («Арабско-русской словарь». М., 1962, 533-бет). Өзбек тілінде машойих – «дін қызметкері», қырғызша машайық – «тақуа, дін тәрбиесін ұстаушы (адам)». Қазақ тілінде де сол мағыналарды және «әулие-әнбиелер жерленген көне мазарлардың шырақшысы, күтушісі» деген мағынаны (қар. Ш. Уәлиханов. Шығ., 129) білдіреді. Белгілі диалектолог ғалым Ж. Болатов Семей облысының Абай, Шұбартау аудандарында шайқы – «қожанасыр кісі», «алаңғасар», шайқы мінез тіркесі – «мінезі шәлкес, қияңқы» дегенді білдіреді деп көрсетеді. (Ә. Керімов, 51.).

Бұл мәтел біреуге тиіскісі кеп, түртіншектеп жүретін қияңқы, көп сөзді мылжың, пәлеқор адаммен айтысып-тартысып жатудан гөрі, көзіне көрінбей, қашып құтылған абзал деген ауыспалы мағынаны білдіреді.

БЕЗІ ЖОҚ ЕШКІ ПЫШАҚТЫ ТАБАДЫ

«Бабаларымыз малдың күйлілігін сауырына, бауырына, жауырына қарап айырған. Жай уақытта ешкінің семіздігін айыру мүмкін емес. Оны ешкі бағушы шекшектер жақсы білген. Ешкінің бұғасында екі безі болады. Жай уақытта ол көзге көрініп тұрады. Ал мал семіргенде қолдың жұдырығындай майға көміліп кете барады. „Безі жоқ ешкі пышақты табады“ деген мәтелдің тура мағынасы осындай». (Т. Майбас, 31. 25.06.2014.)

Безі жоқ семіз, қоңды ешкі соғымға кетеді, союға жарайды деген мағынаны береді.

БЕЙШАРАНЫ ЖҮНДЕЙ САБАПТЫ

«…Киіз басу дегенің үлкен бір мереке болатын. Әуелі ауылдың қыз-келіншектері киіз басатын үйге жүн сабауға жиналады. Әрқайсысының қолында жіңішке қатқан ырғайдан не тобылғыдан алынған екі сабау болады. Ортаға тері тулақты төсеп, үстіне бір құшақ күзем жүнді тастайды. Содан соң қыз-келіншектер айнала тізерлеп, алқа-қотан отыра қалып, қос қолындағы сабаумен тулақтың үстіндегі жүнді сабауға кіріседі. Қазақта әлдекім біреуден таяқ жеп қалса, „бейшараны жүндей сабапты“ дейтін сөз осыдан қалған». (Н. Қазыбеков, 56. 96-б.).

Киіз біртұтас, біртегіс болып шығу үшін, оған арналған жүн-жұрқаны алдымен сабап, түтіп жұмсартып, қопсытып алатыны да белгілі. Содан келіп, момын, қорғансыз адамдарды ұрып-соққанда немесе ұрсып жер-жебірене жеткенде «жүндей түтті», «жүндей түтіп жеді» деген сөз тіркестері де пайда болған.

БЕРГЕН ҮЙДЕ – БЕРЕКЕ,

БЕРМЕГЕН ҮЙДЕ БІТЕ БАР

«Жоққа жүйрік жетпейді, бар болса, берген жақсы. „Жасырғаның жоғалар, бергенің оралар“, – деп отырушы еді әжем марқұм. Ол кісі: „Берген үйде береке бар. „Берекем“ деген – періштенің аты. Бермейтін үйде біте бар, „біте“ деген – шайтанның аты. Пиғылы түзу адал адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады. Кіргеннің берекесін періштелер қорғап тұрады. Пейілден ортаймаңдар, мұқтажға қол созудан танбаңдар“, – деп отырушы еді рахметлік. Айналып келгенде мұның бәрі – халқымыздың даралығы мен дарқандығы»… (Б. Момышұлынан. 15.67-68-б.)

Мұндағы біте деп отырғаны көнеріп ескірген, тұрып қалған киім мен жүнге, мүлікке түсіп, оларды кеміріп бүлдіретін жәндік – күйені, құртты (моль) айтқаны. Иә, «бермейтін үйде» жатқан ондай зат, мүліктерге біте, күйе түсетіні рас қой.

БЕС БИЕНІҢ САБАСЫНДАЙ

«Жақсы әрі үлкен деген саба* бес жылқының терісінен жасалады. Зор денелі не етті-жеңді адамды «бес биенің сабасындай» екен деген сөз осыдан шықса керек.

«Төрт жылқының терісінен сабаның төрт қабырғасы шығады, оны сабаның бойы деп атайды. Сабаның бойы трапеция тәрізді пішіледі. Ал бесінші жылқының терісінен сабаның түбін шаршылап тігеді.

Болып-толып, кемеліне келген адамға «сабасына келіпті», ал ашуы басылған адамды «сабасына түсіпті» деген теңеу бар тілімізде. Ал сондай-ақ осыған байланысты халқымызда «Жалғыз ағаш пана болмас, жалғыз бие саба болмас», «Бес биенің сабасы, бес күн саусаң толмайды, жаманды қанша мақтасаң, жақсылардай болмайды» деген мәтел болса, Бұхар жырау: «Бәйбішеге жарасар еміздіктеген сабасы, келіншекке жарасар емшектегі баласы», – деген екен. (Д. Шоқпарұлы, 9.).

БЕС ЖАҚСЫ

Бес жақсы – қалыңмал немесе кісі құны ретінде төленетін дүние-мүліктің, малдың ең бағалы, басты деген бес түрі. «Бес жақсыны» кейде «бас жақсы» деп те атайды. Бұл «жақсылардың» түрі әр жерде әр түрлі: бір жерлерде оған нар түйе, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бұлғын ішік енсе, екінші бір жерде түзу мылтық, берік сауыт, бәйге аты, малдағы артық түйе және бір сырт киім жатады. Кейде мұндай жақсы аттар болмаған жерде әр жақсының орнына төрт ірі қараны немесе келісім бойынша басқа малды да, бұйымды да атаған…

 

*Саба – жүнін қырқып, ысқа салып, жылқы терісінен жасалған қымыз ашытатын ыдыс.

БЕС ТАҢБАЛЫ ҚЫПШАҚ

Орта жүз қыпшақ тайпасының құрамындағы ұзын, торы, көлденең, бұлтың, қарабалық руларынан өрбіген ұрпақты жинақтап, «Бес таңбалы қыпшақ» деп атайды. Шежіре дерегі бойынша Қыпшақтан – Сүлім алып, одан – Көбек алып, одан – Мүйізді, одан – Сары абыз, одан – «бес таңбалы қыпшақ» атанған Ұзын, Торы, Көлденең, Бұлтың, Қарабалық туған.

Шежіре дерегінің келесі бір нұсқасы Қыпшақ – Атансопы – Құл-ан-қытай – Сүлім алып – Мүйізді Сары абыз – Тоқтарбай – Қобылан-ды – Бөгенбай – Қаншошай – Қарадөң – Қарамерген деп келеді де, осы Қарамергеннен бес таңбалы қыпшақты өрбітеді. Бұл деректегі адамдардың басым көпшілігі қазақ фольклорындағы (жыр, ертек, аңыз) белгілі кейіпкерлер екені назар аударады». (А. Сейдімбек, 93. 434-б.)

БЕСҚОНАҚ

«Белгілі бір жұлдыздың батуынан келесі жылғы батуына дейінгі уақытты олар (есепшілер) бір жыл деп алды. Бұл аралықта 365 күн болатынын есепшілер жақсы білді. Осындағы 360 күнді шартты түрде 12 айға бөліп, әр айда 30 күн болады деп белгіледі. Қалған 5 немесе 6 күнді он екі айға қоспай, балақ күн немесе бесқонақ деп атады». (М. Ысқақов, 104. 220-221-б.).

Бесқонақ жұлдыздар ауысар кезде өтетіндіктен, бір күн боран, бір күн сырғыма, қатты жел болып, ауа райы құбылып тұрады. Сол себепті бесқонақ кейін келе амал атына айналып кеткен.

Қыс пен жаздың қақ ортасындағы (17—21 – наурыз аралығы) «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» болып тұрып алатын «бесқонақты» есепшілер «Жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер тұсы» деп түсіндірген. Қазақ бұрын осы өлараны өткізбей жолаушы жүрмеген, көшпеген, жиын-той жасамаған, мал сойып, қонақ шақырмаған.

БЕС ТОҒЫСТЫҢ БЕТ ЖУАРЫ

«Наурыздың соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар 5—10 күндік жауын-шашынды амал – Бес тоғыстың бет жуары. Бұл ай – ит шуақ, кемпір шуақ, ескек желді ай. Наурызда Үркер туа таң атады». (Ж. Кейкін, 42.).

БЕСІКСІЗ ҮЙДЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ

Бұл – баласыз үйде береке жоқ дегені.

«Қай халықта да жұбайлар отбасын құрған соң, олар баласы болуын арман етеді. Себебі, бала – өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі, берекесі, ерлі-зайыптылардың тіреу-діңгегі. Сондықтан да қазақ халқы „Бесіксіз үйде береке жоқ“ деп ой топшылаған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.).

БЕТКЕ ҰСТАР

«Ендігі әңгіме мейлі ханзада Сыңлы немесе Нулы болсын, біз айтып жүрген еш қазақ тайпаларының құрамында аты жоқ сақ ханзадасы болсын, әйтеуір бүгінгі қабырғалы қазақ халқының, дүниежүзі мәдениеті алдында бетке басар байлығы, ұлттық мақтанышы, рухани азығы, алтын тамыры екендігі анық». (С. Әмірбекұлы, Г. Айтжанбай, «Айқын», 09. 01. 2015.).

«Бетке басу» сөз тіркесі, «адамның айыбын, мінін, кемшілігін бетіне айту, көзінше ашық мәлім ету» деген мағынаны білдіреді. Әңгімеге арқау болып отырған ханзадаларымыз біздің бетке басар мініміз, кемшін тұсымыз емес, тамыры терең тарихымызды паш ететін ұлттық мақтанышымыз. Ендеше, бұл жерде «бетке басар» емес, керісінше, «үлгі тұтар, мақтан етер» деген оған кереғар мағынада жұмсалатын «бетке ұстар» тіркесі қолданылуға тиіс еді. Қаламы төселеген, көп жылдық тәжірибесі бар, тілді тәуір біледі деп саналатын белгілі журналист әріптестеріміздің осы сөз тіркестерінің мағынасын айырмады деуге сену қиын. Алайда, газет бетіне тайға таңба басқандай жазылған сәтсіз қолданыс көзге ұрып-ақ тұр». (Ш. Құрманбайұлы, 9. 5—11. 11. 2015.).

БЕТІНЕН БОЗДАҒЫ АҒЫП ТҰР

«Боздақ көктемде жүні күзелген түйе жануарының терісі үстіне күсқыртысы сорланып, тұз тәрізді бір зат бетіне жағылғандай көрінеді. Түйе терісінің күсқыртысындағы осы реңді қазақ тілінде боздақ деп атайды. Адамның қарны ашып, күйі кетіп, әлсіреген кезде, бет әлпеті, өң-түсі өзгеріп, қаны қашып, бозарып, сұрланып, беті шаңыттанып, бет түгі үрпиіп көрінген сол сәтін қазақтар „бетінен боздағы ағып тұр“ дейді. Бұл жалғаннан қыршын кеткендерді „боздақ“ дейді. Боздақ – кінәсіз, кіршіксіз жас, таза жастар, сүттен ақ, судан тұнықтар». (Ж. Бабалықұлы, 24.222-223-б.).

Бетінен боздағы шықты деген түрі де бар. Түр-кескіні бұзылып, өңі қашып, жағдайы болмай тұр деген мағынада.

БЕТІҢ ТІЛІНСІН

«Империя болып ғасырлар бойы дамығандықтан, Хун ордасында қатаң тәртіп болған. Кімде-кім ұрлық қылса, әлде басқа бір қылмыс жасайтын болса, бұдан былай ондай істі жасамас үшін әлгі айыпты адамның бетін тілетін болған. Тілінген жер өмір бойы тыртық болып қалады, демек бір кезде жасаған қылмысы мен қиянаты бүкіл өмірінде көрініп жүреді. Ондай адам екінші қылмыс жасауға батылы бармайды, себебі келесі жаза – өлім. Сондықтан осы күнге дейін қазақ арасында ұрысқанда, қарғағанда „бетің тілінсін“ деп айтады. Міне, сол заманмен тікелей жалғастырып тұрған әдет-ғұрыптың бірі – осы». (С. Өтенияз, 84.48-б.).

Ашу, ызалы жағдайда негізінен әйелдер тарапынан айтылатын сөз.

БОЗДЫ ЖЕРДЕ БОЗ ЖЫЛҚЫ СЕМІРЕР

«Боз от – бидайық, бетеге, қоңырбас, изен, ебелек, тағы басқа шабындық шөптердің жалпы атауы. „Бозды жерде боз жылқы семірер“ деген мақал осыдан шыққан. Бетегелі жондар, қауданды ойпаттар жылқыға қолайлы». (Ж. Әмірханова, 37.).

Бұл мақалды «бозды жерде боз жылқы ғана семірер деп тура мағынада емес, жалпы жылқы малы бозды жерде семіреді, қоң жияды деп ұғу керек.

БОЗҚЫРАУДЫҢ АМАЛЫ

«Бозқыраудың амалы. Қазақ сөздігі бойынша „бозқырау“ деп, қара күзде ағащтың бұтақтарында, шөптің бетінде болатын қырбықты айтады. Қазан айының 20-21-лері шамасында күн райы салқындай бастайды. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25-і шамасындағы қардың көрінуін „ұшқын“ деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5-інде қар түсіп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын халық есепшілері күні бұрын ел-жұртты хабардар етіп отырған». (Г. Исаева, 9. 24—30.09.2015.).

БОЙ ЖАСАДЫ

Адамның қайтыс болар, үзілер алдындағы көңіл көтеріп, сергек қалыпқа түсуі.

«…Өлген адамнан келер ешбір қауіп жоқ, тірі адамнан қорқу керек. Жаны ұшып кеткен марқұм тірілердің қамқорлығына мұқтаж болып қана жатады. Мен майданда өлімді көп көрдім. Өлімнің бетіне тура қарап жүрдім. Талай боздақтар көз алдымда жан үзді. Жаралы болып қансырап жатса да, алда өмірі бар адам мен татар дәмі таусылған адамның көзқарастары екі бөлек болады. Мен соны ұққан адаммын. Қазақта „бой жасады“ деген сөз бар. Көп адамдар бақиға аттанарда бір күн бе, бір сағат па, бір сәт пе – былайғы адамдарға тәуір бола бастағандай көрінеді. Мен ешқандай сәуегейлік жасаған жоқпын, ұқтың ба?..» (Б. Момышұлы.15. 318-б.)

БОҚЫРАУ

«Боқырау – күздің қар жауып, суық түсе бастаған кезі. Күздің бұл мезгілі Сары жұлдыздың (Есек қырған) көкке көтеріліп, жер-көктің суыта бастайтын, жер бетіне алғаш қырау түсетін кез. Мал аяғы қыстауға ілігіп, күйекке түсетін уақыт. Қазақстанның кейбір аймақ-тарында (Орталық, Оңтүстік облыстарда) бұл мезгілді „мал күйектейтін шақ“ деп те атайды». (Г. Исаева. 9. 24—30.09.2015.)

БОЛАТ КЕЗДІК ҚАП ТҮБІНДЕ (ЖАТПАС) ЖАТПАЙДЫ

«Бұл мәтел жайында ел арасында талас та, дұрыс айтпаушылық та көп. Сөзіміз дәлелді болу үшін баспасөз бетінде жарияланған екі мысалды ғана келтірейік.

«Ана тілі» 2005 жылғы мамырдың 26-сы. Тақырып: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» (?) деп жазды.

Бұл мүлде дұрыс емес! Өйткені, ол қылыш туралы емес, ол: «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды!» деп айтылады. Дұрысы сол! Енді қылыш туралы: біріншіден, қылыш алмастан жасалмайды, екіншіден, қылыштың қабы қын емес, қынап! Қын пышақтың, кездіктің қабы. Бір метр қылыш бір қарыс қынға қалай сияды? Міне, білмей, білуге де талпынбай жаза салу деген осы». (Ү. Тастанбеков, 9. 10—16.07.2014.).

«Болат кездік қын түбінде жатпайды» делінген нақылымызды: бірі «алтын кездік», бірі «асыл кездік», енді бірі «алмас кездік» деп «анықтап» әлек. Қазақ кездікті алтыннан да, алмастан да емес, болаттан жасаған. Сондай-ақ, бұл «анықтағыштардың»: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дейтінін қайтерсің. Қын-пышақ пен кездіктің қабы, ал қанжар, қылыш, семсердің қабы – қынап». (Ғ. Қабышұлы. 47. 19.09.2014.).

Ал бұл мәтелдің тағы бір нұсқасын белгілі ақын, этнограф Өтебай Тұрманжанов «Қазақтың мақал-мәтелі» жинағында (Алматы-1980, 121-бет) «Болат біз – қап түбінде жатпас» деп келтіріпті.

Біздің ойымызша, қисын, логикаға келетіні: «Болат кездік қап түбінде (жатпас) жатпайды» деген нұсқасы болар. Өйткені, өзіне сайланып жасалған қында тұрақтап тұратын өткір кездік қаптың түбіне тастаса, оны тіліп түсетіні белгілі ғой.

Ал енді мәтелдің мағынасына келсек, бойында талап-жігері, өнер-өрісі бар адам құр бекер жатпайды, елге, жұртқа пайдасын тигізеді, бойындағы сегіз қырлы өнерімен, өткірлігімен жарқырап шығып, елге атын танытады деген ойды бейнелейді.

БОТА ҚАЛЖЫҢ

«Қазақ – малжанды халық. Табиғатындағы жарасымды бір мінез-құлыққа зер сала қарасақ, төрт түлік малынан да байқалады. Мәселен, ел ішінде бота қалжың деген сөз бар. Жас бота бір-бірімен ойнағанда ерке баладай қылықтанады. Ауыздарын маймаңдатып, енді болмаса опырып тістеп алатындай ыңғай байқатады. Жануар, ол еркелігін иесіне де жасайды. Шыбықтай бұралған тізесімен қағып қалатын да әдеті бар… Сөйтіп жеңіл ойынға, қалжыңға шақырады. Қазақтың „бота қалжың“ деген сөзі осыдан өрбісе керек». (Д. Қонаев, 61.303-304-б.).

«Бота қалжың» – жеңіл, зілсіз, ойнақы қалжың дегені. Қазақ арасында мұндай қалжың әсіресе достар мен құрдастар, нағашы мен жиен, жезде мен балдыз арасында жиі айтылады.

БӨГЕЛЕГІ ҚУРАҒАН

«Қазақта отбасы сөзінің ауыспалы мағынасы – шаңырақ. Қара шаңырақ бүкіл әулетті айғақтайды. Себебі, жоғарғы әлемнен құт-несібе шаңырақ арқылы үйге құйылады. Сондықтан оның тура астына қазан тосылады. Шаңыраққа кепкен төстік, үрген қарын ілінеді. Ертөстіктің анасы сол төстікті жеген соң оны туғандығы ертегіде айтылған. Шаңырақтың күлдіреуіштерін бекіте түсу үшін кесе-көлденең байланатын кесінді ағаштарды бөгелек деп те атайды. Жалпы, көшпелілер түндікті, шаңырақты, бақанды ұрпақтың өмірге келу салтымен көп ұштастырады. Мәселен, бала көтермеген әйелді „бөгелегі қураған“ деп те жазғыратын болған». (А. Тойшанұлы.).

БӨРІСЫРҒАҚ

«Ұлы даланы мекен еткен жұрттың әр аймақта әр айда болып өткен уақиғаға байланысты, сол айға қосымша ат таға салуы да болған. Ақпан-Тоқпан әңгімесі соның бір ғана көрінісі деп қарастырған жөн болар. Бұл айдағы бар қазаққа белгілі қыс амалы ақпанның 17-23-і арасында өтетін „Бөрісырғақ“ бораны. Осы боранда даланың көкжалдары жұптасып, 62 күннен соң бөлтіріктерін туады».

Халық аузында бөрісырғақ боранды-шашынды амалдардың бірі. Бұл амал кезінде боран-шашынмен ұйытқып сырғақ жүреді. Ал сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады.

БҰҒЫНЫҢ МОЙЫН ЖУАРЫ

Жауын-шашынды күндер.

«Қазан айының соңында, қарашаның бас кезінде 5—10 күндік жауын-шашынды кезде бұғы маралмен насай-топыр құрады. Он бес тоғысқа сәйкес келетін бұл амал – «бұғының мойын жуары». (Ж. Кейкін, 42.14—6.).

«Қазанның 20-жаңасынан Бұғының мойын жуары амалы басталады. Бұл мезгілде бұғының түгі түсіп, әбден семіреді. Мойны жуандайды. Бұрынғылар бұғының осы өзгерістерін негізге алып, осы мезгілді бұғының мойын жуары деп атаған сыңайлы. Тағы бір дерек, бұл атау бұғының тау басындағы қарға мойнын сүйкеп жуғанын мегзейді дейді. Кей өңірлерде бұғының мойын жуандауы деп те атайды.

Жыл есепшілері бұғының үйірге түсуіне ерекше көңіл бөлген. Егер бұғылар үйірге ерте түссе, қыс аяғы созылады деп топшылаған. Осы амал кезінде бұғылар жарай бастайды, бұл үйірге түсудің алғашқы дайындығы есепті». (7.).

БҰЛ МЕНІҢ ҚОЛЫМ ЕМЕС,

ЖАҚЫП ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚОЛЫ

«Құмалақ бөлу – құмалақты оң қол мен сол қолдың көмегімен үш топқа жіктеу. Құмалақшылардың айтуына қарағанда, қырық бір құмалақ тұтас күйінде киелі саналады. Оны үшке жіктеген кезде бөлінбейміз деп дау шығарады екен. Сондықтан да, оны бөлген кезде, „Бұл менің қолым емес, Жақып пайғамбардың қолы“, – деп бөлу керек дейді. Құмалақты басқа, жүрекке және өкшеге деп үш топқа ыдыратады». (Т. Міштайұлы, 9. 28.03.91.)

Құмалақшылардың бал ашқанда, сыйынатын пірлері Жақып пайғамбар болса керек. Құмалақшылар мен балшылар осы сөзді айта отырып, өздерінің құмалақтары мен балына қасиет дарытады.

БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ

 

«Бала кезімізде бұлақтың көзін тазалауды парыз деп білдік. Әсіресе, наурыз кезінде. Ата-әжелеріміз: „Бұлақтың көзін ашу – Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, олар тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау – бұлақтардың көзін ашқандарың – өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың,“ – дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кетуші едік. Бұл – біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі болатын». (3.)

Ауыспалы мағынасы: Талапты жас көрсең, қолдап-қуаттай біл, білім бер, үйрет, баулып, көзін аш дегенге келеді.

БҰЛ НЕ ОТТАП ОТЫР

Мылжыңдап бос сөйлеп кетті, көп сөйлеп, адамның берекесін алды деген кейістікті білдіреді.

«Қазақ даласының табиғаты отқа мол, кейбір жері суға тапшы. „От“ дегені „шөп“. Малдың шөп жеуін қазақ „оттау“ дейді. Бос немесе теріс сөз айтатын адамдарды да қазақ „бұл не оттап отыр“ дейді. Онысы адамды адамға емес, хайуанға теңегені». (С. Мұқанов, 77.86-б.).

БҮГЕ-ШІГЕСІНЕ ДЕЙІН

Бүге немесе Бүк – асықтың дөңес беті жоғары қарап жатады.

Шіге немесе Шік – асықтың бүгесіне қарама- қарсы шұңқыр қапталы. Тіліміздегі – «Бүк түсіп жатыр», «Бүге-шігесіне дейін» деген сөз тіркестері осыдан қалыптасса керек». (Д. Шоқпарұлы, 9. 17.02.94.)

Егжей-тегжейіне дейін немесе бұлтарыс-қалтарысына дейін (қарады, анықтады) тексерді дегенді білдіреді.

БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРАДЫ

«Қысқы азыққа, яғни соғымға ірі қара мал сойылған. Әсіресе соғымға жылқы малы көптеп сойылады. Орта дәулеттілер бірен-сарандап, ал тұтас жылқы союға әлі келмейтіндер бірігіп бір жылқының етін жартылап немесе сирақтап алатын болған. Тұтас малдың етін жартыға бөлу оңай да түсінікті, ал сирақтап бөлу дегеніміз – тұтас малдың етін төртке бөлу. Мұндай бөліске жататын мал етін алушыларды риза қылатын қасапшылар. Олар өз ісінің шебрі саналады. Сондықтан қазақ шеберлік жайы сөз болғанда немесе сөзін жөндеп сөйлей білмейтіндерді кекесін ретінде „бүйректен сирақ шығарады“ деуі осыдан». (С. Мұқанов, 77.117-б.).

Бар нәрсені бүлдіреді, болайын деп тұрған істі бөгеді, түзу, жөн істің шырқын бұзды деген мәнде қолданылады.

БҮК НЕ ШІК ТҮСТІ

«Асықтың дөңестеу арқа жағының үстіне қарап етбетінен түсуін бүк немесе бүк түсті деп атайды. Ал егер дөңестеу арқа жағы жер жастанып, шұңқыр болып келген кіндік тұсы үстіне қарап шалқасынан жатса, оны шік немесе шік түсті деп атайды. Асықтың осылай бүк, не шік болып жатық түсуінен «Бүк не шік түсті» деген сөз тіркесі пайда болған. Бұл сөз тіркесі екі жақ болып бәстескенде, өзара жеребе тастағанда айтылады. Оның орысша баламасы – «орел и решка». Олар металл теңгелердің түсуі арқылы жеребелерін анықтаса, қазақтар асық арқылы «Бүк не шік түсті» деп анықтаған. Жеребе тастаудың бұл ұлттық нұсқасын ұлттық спорт түрлеріне кеңінен пайдаланса, игі болар еді.

БҮЛІНГЕН ЕЛДЕН БҮЛДІРГЕ АЛМА

«Бүлдірге – қамшы, найза, сойыл, т.б. қару-жарақтарды білекке іліп алу үшін қайыстан немесе былғарыдан тағылатын жіңішке бау. Халық шеберлері бүлдіргені көбенесе іске жарамсыз сыдырынды қайыстан тағады.

«Бүлінген елден бүлдірге алма» мақалында бүлдірге түкке тұрмайтын «арзан» зат ретінде қолданылып отыр. Яғни, халық даналығы: «Бүлінген елге зәредей, иненің жасуындай қиянат келтірме, зиян іс жасама», – деп отыр емес пе?!» (Д. Шоқпарұлы, 9. 1992.).

Бүгінде бұл сөз тіркесі жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғат апаттарынан қираған, өрт жалмаған үйлерден зат, дүние-мүлік алуға қызықпа, олардың иесінің қайғысына қиянат жасама деген мәнде қолданады.

БҮРКІТ ҚАРТАЙСА, МОЛА БОЛАДЫ

«Қартайған бүркіт еріншектеніп, ірі аңдарға жөнді түспей, ұсағына ұмтылады. „Бүркіт қартайса тышқаншы болады“ деу сондықтан. Тым қартайған бүркітті еркіне жіберу салты бар». (С. Мұқанов, 77..95-б.).

«Қазақта „бүркіт қартайса, тышқаншы болады“, „бүркіт қартайса, мола болады“ деген сөздер бар. Тісі пышақтай түлкі мен тұяғы пышақтай қоңыр аңдарды алуға шамасы жетпейтінін шамалаған қыран қартайып, әлден тайғанда, „тышқаншы“ болмағанда не істейді. Икемділігі жетсе, иек артпадан сарт етіп бір тышқанды қолға түсіре алса, одан үлкен олжа бар ма. Тышқан қорыққа жақындау жерден молаға қонып, моладан ұшпаса, „мола да“ атанбас еді. Осының бәрі де қыран өмірінің ең соңғы кездерін бақылаған құсбегілердің сарапты тұжырымынан шыққан өте орынды айтылған дәлелді сөздер». (Ж. Бабалықұлы, 23.76-77-б.).

Бұл мақал адамға қаратылып та айтылады. Яғни, адам қартайса, күш-қажыры азайып, қарым-қабілеті төмендеп, бүркіт сияқты іс-қарекеті майдалап кетеді дегенді ұқтырады.

БІЗ АТСАҚ, ТАСҚА ТИЕДІ,

ЖАҚЫПБЕРДІ АТСА, БАСҚА ТИЕДІ

Бұл сөз тіркесі адамның мергендігін, әбжілдігін дәріптегенде ауызға түседі.

«Атақты Қарқара көтерілісінің батыры, Әлмеректің ұрпағы Тазабек бидің немересі Жақыпберді асқан мерген болған. Атқан оғы мүлт кетпейтін қолмергенге қатысты әңгіме, дерек көп.

Қулық тауында Жақыпберді жасақтарымен атысқан ГПУ-дің әскері: «Біз атсақ, тасқа тиеді, Жақыпберді атса, басқа тиеді» деп одан үрейленеді екен. Батырдың серігі, Жақыпбердімен бірге атылған Әуезхан ақын «Тас түрмеде туған жыр» атты дастанында Жақаңның Айырлы асуында жалғыз оқпен аэропланды атып түсіргені баяндалады». (О. Қауғабаев, 31. 29.05.2013).

БІЛГЕНГЕ – МАРЖАН,

БІЛМЕГЕНГЕ – АРЗАН

Не нәрсе болсын оның сыр-мәнісін білмесең, аяғыңның астында жатса да, керек қылмайсың, жерден көтеріп те алмайсың, тас құрлы құны да болмас еді.

Ал егер оның сыр-мәнісі саған белгілі болса, яғни қасиет-сырын білетін болсаң, оны іздеп, керегіңе жаратып, пайдаға асырар едің. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деп, жерден көтеріп алып, бағалайтын да едің деген мағынада ұғынады.

«Ерте кездің өзінде үйдің ауасын тазартуға адыраспан түтінін пайдаланудың екі түрлі пайдасы бар екен. Бірінші – үйдің ауасын тазартып, иіс-қоңысты кетірсе, екіншісі – үй ішін жылан-шаян, қара құрттардың жолауына кедергі жасайды екен. Бабалар осының бәрін өмір тәжірибесі арқылы пайдаланған. Адыраспанның емдік қасиет-терін біздер де пайдалансақ, еш артықшылығы жоқ. Түптеп келгенде, білген істің зияны жоқ. Сол үшін бабалар: „Білгенге – маржан, білмегенге – арзан“ деп қорытқан». (З. Мейірманов, 76. 81-б.).

Біліп, таныған нәрсенің бір пайдаға, қажетіңе жаратасың, сондықтан да ол – құнды, бағалы, қадірлі. Ал сыр-құпиясы белгісіз нәрсені қанша бағалы болса да керегіңе жарата алмайсың. Демек, оның құны көк тиын, тегін берсе де алмайсың. Міне, «Білгенге – маржан, білмегенге – арзанның» мәнісі сол.

БІЛМЕСЕҢ, БІЛДІРЕМ,

БІЛСЕҢ, БҮЛДІРЕМ

«Ақпан – «ақ ықпа» сөзінен шыққан. Бұл ай ішіндегі ауа райының аумалы-төкпелі, құбылмалы сойқандығын білдіреді.

Қаңтар – аяз айы, ақпан – боран айы,

Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады,

Ақпан – қайталаманың ақ бораны,

Ақпан: «Білмесең, білдірем, білсең, бүлдірем» —

дейді». (Ж. Кейкін, 42.153-б.).

Бұл сөз тіркесін тек ақпан айына ғана емес, сел, су тасқыны сияқты табиғат апаттарына қаратып айтуға да келетіндей.

БІЛСЕ БАРЫМТА,

БІЛМЕСЕ СЫДЫРЫМТА

«Қазақтың жесір дауы барымтаға соқтырған. Барымта жәбірлік көрген елдің (рудың, атаның) жәбірлеген елден (рудан, атадан) зорлықпен мал, әсіресе жылқы айдап алуы. Әдетте, бұл әрекет түн мезгілінде жасалады. Жәбірленушілерден бір топ салт атты жәбірлеушілер еліне түн жамылып барады. „Барымта“ ру намысына жататын ұғым. Ол намысқа шаппайтын ағайын қалмаған. Олар өздеріне қарсылас елдің кез келген жылқысын айдап әкете берген. Оны білдірмей сіңіруге тырысқан. Қазақтың „Білсе барымта, білмесе *сыдырымта“ деуі содан». (С. Мұқанов, 77.64-б.).

Бүгінгі «рейдер» деп жүргеніміз де сол барымта мен сыдырымтаның айналасы ғой.

БІЛІМДІНІҢ БЕТІ ЖАРЫҚ,

БІЛІМСІЗДІҢ БЕТІ – КӨН ШАРЫҚ

«Шарық – теріден тігілген, үй іші, ауыл ішінде жүріп-тұруға қолайлы, жайлы, қара-дүрсін аяқ киім. Оны кейде шәркей деп те атайды.

Шарықты үш түрлі теріден жасайды. Бірінші, иленбеген шикі (шылғи) теріден жасалынады. Оны көн шарық деп атайды. «Білімдінің беті жарық, білімсіздің беті – көн шарық», – деген мәтел содан шыққан». (А. Сейдімбекұлы, 92.).

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22 
Рейтинг@Mail.ru