bannerbannerbanner
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Кеңес Оразбекұлы
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

АҚЫННЫҢ ҚҰЛАҒЫ ӨЗІНЕН

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН ТУАДЫ

«…Алайда отқа да түскен, суға да түскен сол Махамбеттің заманында қараорман елі де болған, шұрайлы жері де болған. Өріс толы малын шетінен кертіп жеп отырса, кім қой дер еді. Солай бола тұра жұмыр басын бәйгеге тіккені қалай? Қайда салса да қайтпай, ақ алмастай қиып түсіп, шамырқанса шарт сынатын құдіреті неде? Оның Абайға дейінгі ақын-жырауларға қарағанда өркештеніп, айбынды көрініп тұратын себебі: құр босқа шындықты айтып шырқырай бермей, ақиқаттың сөзін сөйлеп, халқына тізе батырып, қаңқақсатып жылатқан қарау күштерге қарсы майдан аша білгенінде; „Исатай – басшы, мен – қосшы“ деп, қала берді бүгінгі кейбір ұры ұлықтар секілді халықтың нанын жемей, қамын жеп, ашық айқасқа шыққан көзсіз ерлігінде; „Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек Біздің бүйткен бұл іске!“ деп кілең арыстан айбат, жолбарыс жүректі жігіттерді іріктеп, күреске бастаған көк серек азатшылдығында; өзі өмір сүрген өңірдің құбылмалы тіршілігіне қарап, алдағы күннің жақсылық, жамандығын сезе білетін көріпкелдігінде. Ноғайбай шешен: „Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады“ деп, мүмкін осыған қарап айтқан шығар, кім біледі». (Р. Ниязбек, 9. 21—27.08.2014.).

Әдетте ақын-жазушылар мен жалпы ойшылдардың интел-лектуалдық қабілеті жоғары болатынын, тарихи өткенді терең біліп, соның арқасында болашақты да болжай білетін көріпкелдік қасиетін Ноғайбай шешен дәл түйіндеп бере білген.

АҚЫРАП, ҚАУЫС, КӘРІ – ҚҰРТАҢДЫ ТАУЫС

«Қауыс амалы қарашаның 20—25 жаңасына дейін созылады. Бұл – араб тілінен енген сөз. Осы мезгілде жерге қар түсіп, төңіректі түгелдей ақ ұлпа жабады. Жеңіл, жұмсақ қар. Осыған байланысты қазекең бұл амалды ақ қар деп те атаған. Қауыс негізінен, қазақ тұрмыс-тіршілігіне қауіпті, қаһарлы амал саналған.

«Ақырап, қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал жәйден-жәй айтылмаса керек. Мұның мағынасы «ақырап» (қазан), қауыс (қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарыңды жара-татын уақыт болды» дегенді білдірсе керек. Міне, осы қауыс амалы кезінде күн суытып, бұрқақ, өткінші жаңбыр жауатын болған». (07. 20.11.2014.)

«Ақырап ақырын келді, қарлы боранын шақырып келді» деген сөз тіркесі де бұл ай, амалдың қандай қасиетке ие екенін айқындап тұр.

АҚШАНЫҢ СӨЗІНІҢ ҚЫНЫ БАР,

КҮНТУДЫҢ СӨЗІНІҢ ҚҰНЫ БАР,

ЫСТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛДАН ДАМБАЛЫ БАР

«Ақша батыр, Ақша елі, Ақшаның қулығы, „Ақша тоған“, Ақшаның бір ер-тоқымы бір кісіні алдағаны жайлы аңыз әңгімелер ұшан-теңіз. Ақша батырдың шыққан ортасы жайлы бірер сөз. Ақшалар қуақы, қақпа сөзге ұста келеді екен. Ел ішінде „Ақшаның сөзінің қыны бар, Күнтудың сөзінің құны бар, Ыстының қызылдан дамбалы бар“ деген бұрынғылардан сөз қалған. Олай дейтіні Ақшалар қу тілді, Күнтулер әр нәрсені дөп басып тауып айтады екен, ал Ыстылар шетінен батыр, әрі сәнқой болған. Олар ертеде қызыл бараттан дамбал киіп, сәнденіп жүретін көрінеді». (О. Хатитұлы, 48. №4, 2001.)

Бұл сөз тіркесіндегі Ақша, Күнту, Ысты – Ұлы жүздің құрамына кіретін рулық мәнге ие болған аталар. (Мәселен, Ақша Суаннан, Күнту Шымыр Дулаттан, Ысты Сарыүйсіннен тарайды). Ру-аталардың ерекше қасиеттерін дәріптеуден сөз тіркесі туған.

АЛА ЖІПТІ АТТАМА

«Қазақта «ала жібінен аттау» деген сөз бар, ол – ұрлық жасау және біреуге қиянат жасау дегенді білдіреді. Ал арғы танымдық – мифтік мәні қалыптасқан шектен, нормадан шығып кету, яғни, белгілі бір тәртіптің шекарасы осы – ала жіп, мысалы, екі дауласушы жақтың арасына ала жіп тасталады не керіліп қойылады. Бұл да шекара, төреші үшін ақ пен қараның шектесу аймағы – ақ пен қара арасы-дағы орта дүние.

Ала жіп жас баланың аяғына тұсау ретінде де пайдаланылады, бұл жағдайда баланың о дүниеден (қазақта туған адам қырық күнге, не бір-үш жылға дейін «әлі бұл дүниелік емес» деп есептелінген) өтіп, тірі адамдар қатарына қосылуы, ала жіпті қиып, шекарадан өтуі болып табылады». (С. Қондыбаев, 62.).

«…Есігіне құлып салмай, ала жіппен байланған. „Ала жібіңді де аттаған жоқпын“, – деген сөз осыдан шыққан». (С. Мәдімарұлы, 73.).

Қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен – тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырын-дылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдірге алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді.

АЛА ЖІПТІ КЕСІСТІ

«Біреудің ала жібін аттамау» деген сөз кісіге қиянат жасамау мағынасында қолданылады. Адамдардың бірін-бірі көрместей болып араздасуы – бейнелеп айтқанда, «ала жіпті кесісті» делінеді. Бұл да жоғарыда айтылған ишара-белгіден келіп шығады. Қасиетті киелі жіпті үзу, дұшпанға өлім тілеу мағынасында да қабылданған. Кісілер арасындағы қарым-қатынасты тоқтату да ишараланып, ала жіпті үзу арқылы көрсетілген. Жалпы, ала жіп үзілсе, қасиеті кетеді деп есептелінген». (Г. Ақпанбек, 6).

Өзара ренжісіп, өкпелесіп кетті деген мағынаны береді.

АЛАҢ КЕЛЕ МЕ,

АЛАШ КЕЛЕ МЕ

«Қазақтың „Алаш“ атанғанынан хабардарсың ғой, ә? Бұл сөз сонау Шыңғыс хан тұсынан бастау алады, – деді жазушы (Ғабит Мүсірепов – К.О.). – Шыңғыс хан бар мүлікті төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға берген деседі. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар екен. Сол алты рудың һәр-қайсысына Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны „Алаш“ болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан, „Алты Алаш“ болады. „Алаш“ деген сөздің алғашқы мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген сөз десетін бұрынғылар. Және қазақта „Алаң келе ме, Алаш келе ме“ деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шет елдің кісісі, Алаш – Отан мағынасында алынған. Тіпті сол заманда Жошы ханға „Алаши“ деп лақап ат қойылған ғой. Алаши – алаштың басшысы (глава соотечества) деген сөз». (Қ. Сәрсекеев, 31. 21. 03. 2012.).

Бұл жаугершілік заманнан қалған сөз, яғни, жастарды күн салып қаратып, «Алаң келе ме, Алаш келе ме?» деп сұрайды, мұнысы: жау келе ме, өз қандасымыз келе ме дегенді аңғартады.

«АЛАШ» АЛАШ БОЛҒАНДА,

АЛАША ХАН БОЛҒАНДА

«Аламан деген ханның бір ұлы анасынан алапес болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын «Қара кеңгір» өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалған мазар Ұлытаудағы Кеңгір бойында әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы.

Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген де сөз бар. Соның мағынасы ғылым жүзінде бертінде ашылып, Қазақстан Ғылым академиясының баспасы, «Қазақстан эпиграфикасы» деген атпен шығарған кітапта белгілі тіл ғалымы Ғайнетдин Мұсабаев «Кеген жазуы» деген еңбегінде тастан жасалған мүсінге және көне жазуға сүйене отырып, «алаш» және «алаша» деген сөздерге талдау жасайды. Ғайнетдиннің баяндауынша, қазақтың «алты алаш» деген сөзі «алты ел» деген ұғымды білдіреді деуі шындыққа жатады. Демек, қазақ сол алтаудың бірі ғана. Өзге бесеуі: қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ және башқұрт. Бұлардың қазіргі аттары мен халық болып бөлінуі соңғы мың жылдың орта тұсынан басталды. Сондықтан қазақта бар рулардың көпшілігі оларда да бар. Кей халық өздері бағынған хандардың есімдерімен аталып кеткен. Мысалы, өзбек, ноғай, т.б.

Ғайнетдиннің жорамалынша, «алаш» хандығы құрылып, «Алаша» ханның билеуі, шамасы бұдан екі жарым мың жылдай бұрын болса керек». (С. Мұқанов, 77..29-30-б.).

АЛАШ АЛАШ БОЛҒАНДА,

АЛАША ХАН БОЛҒАНДА,

ҮЙІМІЗ АҒАШ, ҰРАНЫМЫЗ АЛАШ БОЛҒАНДА,

ҮШ ЖҮЗДІҢ БАЛАСЫ ҚАЗАҚ ЕМЕС ПЕ ЕДІК

(Екінші нұсқасы)

«Халықтың ауызша тарихнамасында Үш жүз қазақтың түп аталары Байшора, Жаншора, Қарашора, енді бірде Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген кісілерден тарайды. Олар бірде бір кісінің балалары болса, енді бірде үш атақты бидің балалары болып саналады. Түркі халықтарының тілінде «шора», «арыс» атты сөздер белгілі бір басшыға (ханға) немесе батырға «әскери серік, көмекші жігіт» деген мағына береді. Айталық, шора (кейде қазақша дыбысталуы «жора») – қазақ, қырғыз, башқұрт, татар тілдерінде «жолдас, жігіт» дегенді білдірсе, «арыс» сөзінің мағынасы «тіреу, тірек» деген ұғымға тіреледі. Арбаның атқа жегілетін белдігі «арыс» деп аталады, яғни ол арбаны аттың қамытына жалғастыратын тірек, тіреу. Шежірелік аңыздардың баяны бойынша, қазақтардың үш жүзге (үш арысқа) бөлінуі анадан ала болып туғандықтан, елден қуылған хан ұлы Алашаны Майқы би баласы Алшындардың өзара біріге отырып орталарынан хан көтеруімен байланысты қалыптасқан. «…Бастапқы бір келген жүз жігіттің қолбасы, мырзасы Үйсінді «Ұлы жүз Үйсін» атады. Түпқазық салықшы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас түйін боп тұрсын десті. Ортаншы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Болатқожа бұл жүз жігіт тосқауылшы орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын деп, оны Орта жүз «Ақжол» атады. Соңғы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Алшынды беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірің білмейтін кезуілші деп, қарсы алдында жүріп жауға шабатұғын да осылар болсын деп, Кіші жүз «Алшын» деп ат қойды. Кезуілші қашса тосқауылшыға, тосқауылшы қашса, салықшыға барады, салықшы қашпайды. Тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға бар, көңдімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың үш жүз аталған жері – осы. Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. Алаш деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» атты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, алаш деп шабыңдар! «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз содан қалды». (А. Сейдімбек, 32. 21-бет.)

 

Қазақтың Ұлы жүзі «Ақарыс», Орта жүзі «Бекарыс», Кіші жүзі «Жанарыс» болып аталып, ұзын саны он екі ата (кейде тоғыз) болып келетін ру-тайпаларының топтасуы – орталықтанған жүйеге – хандыққа тіреу болуға талпынысының, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» бірлікке ұмтылысының, ел-жұрт болып қалыптасу тарихының халық санасындағы жаңғырығы.

АЛДЫНА АС ҚОЙДЫМ,

ЕКІ ҚОЛЫН БОС ҚОЙДЫМ

Тамақ ал, же деген ұғымдарды береді.

«Ертеректе қазақ балыққа қақалып өлсе, туыстары оны балықпен сыйлаған адамнан құн сұрайды екен. Сондықтан қазақ қонаққа балық асса, „ал, же“ деп айтпайды екен. „Алдына ас қойдым, екі қолын бос қойдым“ деген сөз де, тегі, балықшылардан шыққан болуы керек. „Балық жеген бағыспас, жан-жағымен қағыспас“ деген сөзі де балықшылықтың қазақ арасында көп таралғандығын дәлелдейді». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 121-б.).

АЛДЫҢҒЫ АРБА ҚАЛАЙ ЖҮРСЕ,

СОҢҒЫ АРБА ДА СОЛАЙ ЖҮРЕДІ

«Қазақтың арбаны ерте заманнан пайдаланғаны тарихи деректерден мәлім. Арба көші-қонда да, соғыс құралы тұрғысында да қолданылған. Бұл жағдайдың екеуінде де әркім өз арбасымен қалаған уақытында қалаған жағына қарай жүре бермеген. Белгілі тәртіп, жүйе бойынша қозғалған. Көші-қонда көш бастаушы болған, ол алдыңғы арба. Қалғаны соның соңынан ереді. „Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді“ деген сөз сол заманда қалыптасқан болар ма деп жорамалдаймын. Ал, оның доңғалаққа ауысуы сөздің кейіннен туған баламасы болса керек. („Алдыңғы доңғалақ қалай жүрсе, соңғы доңғалақ та солай жүреді“). Тілімізде екі түрі де кеңінен қолданылады. Мән-мағынасын бір десе де болады». (С. Шүкірұлы, 9.).

Ата-баба мен ұрпақтың, аға буын мен кіші буынның, үлкен мен кішінің арасында жалғастық болады, жолы бір болады дегенді аңғартады.

АЛҚАТСАҢ АЛҚАТ ҚЫЗЫҢДЫ,

АҚТАР ОЛ ДӘМ-ТҰЗЫҢДЫ

Алқату – еркелету, ардақтау, қолпаштау. Соңғы кезде сөздік қордан шығып барады. «Алқатсаң алқат қызыңды, ақтар ол дәм-тұзыңды». (Мәтел). (Б. Қыдырбекұлы, 69. 35-б.).

Қызыңды ардақтап, үкілеп, ар-ұятын биік ұстап тәрбиелей біл, ол ет жақын жанашырың болып, еңбегіңді, дәм-тұзыңды ақтайды деген мәнде ұғынылады.

АЛТАЙ МЕН АТЫРАУДАН,

АРҚА МЕН АЛАТАУҒА ДЕЙІН

«Алтай-Атырау – әдебиет пен баспасөзде, теледидарда өте жиі қолданылатын тіркес. Батыстан Шығысқа бірнеше мың шақырымға созылып жатқан Қазақстан үшін бұл кеңдіктің, байтақтықтың көрсеткіші болып қала бермек». (С. Қондыбаев. 9. 6.10.94.)

Негізінен С. Қондыбаевтың бұл келтірген тіркесі толыққанды емес. Халық аузында «Алтай мен Атыраудан, Арқа мен Алатауға дейін» деген де тіркес бар. Яғни, Алтай мен Атырау – еліміздің кеңдігін көлденеңінен немесе Батыстан Шығысқа дейінгі белдеуін сипаттаса, Арқа мен Алатау – тігінен немесе Солтүстіктен Оңтүстікке дейінгі ауқымын көрнекі түрде көрсетеді.

АЛТАЙ – МЕНІҢ МЕКЕНІМ,

ЕЖЕЛГІ ЖЕРГЕ ЖЕТЕМІН

«Жоңғарлардың бетін қайтарғаннан кейін-ақ, қазақтың бір бөлім рулары сол жоңғарлар басып алған ежелгі атамеккенге табан тіреуді мақсат етіп, шығысқа бет алғаны тарихтан мәлім. Айдарынан жел ескен Қабанбай сынды қолбасылар бастаған қазақтың қалың көші осылайша атақонысқа табан тіреді. Осылардың бір дәлелі – найманның қызай руының 1757 жылғы „Мамырсу бітімінен“ кейін Есенгелді батырдың бастауымен Тарбағатайға, одан ары қазіргі қоныстары Іле алқабына көшуі. Бұдан соң Ер Жәнібек бастаған Абақ Керейлердің „Алтай – менің мекенім, ежелгі жерге жетемін“ деп аттанған дүбірлі көші де қозғалды. Қазақ елі осылайша Абылайдай кемеңгер дипломат басшысының жүргізген саясатының арқасында ежелгі мекенге керегесін жая берді. Бұл жерде Абылай ханның Аягөзде өткізген бірнеше маңызды кездесулері, қазіргі күні ол жақта өмір кешіп жатқан 2 миллион қазақтың орнығуына, Қазақ – Қытай арасындағы халықаралық сауданың басталуына, екі елдің бұдан былай бейбіт өмір сүруіне тікелей себеп болды десек, артық айтқандық болмас.» (Е. Айтмұхаммедұлы. 50. 2. 06. 2011.)

Иә, осы тұста айта кетейік, найман, керей, үйсін, қаңлы руларының, тіпті хандық мемлекеттерінің ежелгі түркі заманынан бері (Ү – ҮІ) осы Алтай тауы төңірегін айнала қоныстанып мекен еткенін, кіндік кескен атажұрты екенін тарихи, археологиялық деректер де растап келеді. Көш иелерінің: «Алтай – менің мекенім, ежелгі жерге жетемін» деп айтып отырғаны да сол ата-бабадан жалғасып келе жатқан жад.

АЛТАЙ – ТҮРКІЛЕРДІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

«Ақиық ақын М. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» деген әйгілі жырында:

Кел, кетейік Алтайға,

Ата мирас – Алтын таққа, —

деген жолдар бар. Яғни, Алтайдың күллі түркі-моңғолға ортақ мекен екенін айғақтап тұр. Бірақ, бүгінде төрт мемлекет – Қазақстан, Қытай, Ресей мен Моңғолияның аумағына кіретін қасиетті таудың төрт жағында да қазақтар мекен етіп отыр. Өр Алтайда да, Таулы Алтайда да, Қобда бетінде де, Батыс Алтайда да – киелі мекендердің бәрінде де қазақтар отыр. Демек, біз Алтайдан кіндігімізді үзбеген, қара шаңыраққа ие болып отырған жұртпыз». Д. Қыдырәлі. «Қазақстан тарихы» порталы.

«Қ. Салғарұлы бұдан әрі түрік атауының шығу төркінін іздейді. „Түрік“ атауының қай кезде пайда болғандығын көрсететін айғақтар жоққа тән, нақтылық жетіспейді. Зерттеуші сондықтан жанама деректерді де назардан тыс қалдырмайды. Жазба дерек бойынша – „түрік“ деген христиан эрасынан кейінгі ҮІ ғасырда Алтайда пайда болған халықтың және оның тілінің атауы. „Алтай – түріктердің алтын бесігі“ деген ұғым осыдан шыққан». (А. Ысымұлы, 31. 29.05.2013).

Түркі тектес халықтар біздің жыл санау дәуірімізден бұрынғы ежелгі замандарда Алтай тауының баурайында ел болып ұйысып (Ергенеқон), Тәңір тауы (Алтай) жоталарының айналасын бойлай мемлекет (қағанат) болып дамып-өркендегені белгілі. Ол мемлекеттер ыдырап, өз ара қақтығысып, біздің жыл санау дәуіріміздің алғашқы ғасырларында шар тарапқа жайыла қоныс теуіп, Ұлы көшті де бастап берген. Бірақ олар әлемнің қай тарабында өмір сүрсе де, ұлы отандары – Алтайды ұмытқан жоқ. Алтайды олар түркітектілерді ұйыстырған Алтын бесік деп құрмет тұтып, көтермелеп келеді. Сондықтан да бұл сөз тіркесін кейде «Алтай – көк түріктің қара шаңырағы», «Көк түріктің кіндігі – Алтайда», «Алтай – көк түріктің Алтын тағы» деп те түрлендіреді.

Жоғарыдағы сөздерді оқып отырғанда, ойың қияндарға шарықтап, шабыт жетегіне ересің: сол атажұрт Алтай төңірегінде «Алтай – көк түріктің алтын бесігі» атты ғажайып ертегі қалашығын, «Ергенеқон», «Өтікен» өлкелерін орнатып, сонда жыл сайын халық-аралық түркі фестивалін өткізіп тұрса, қандай ғанибет болар еді! Онда көкпар, ат сайыстары, түркілердің әскери өнері, ұлттық қолөнері, ойын-сауық, күрес, айтыс, тоғызқұмалақ, асық ойындары және т. б. ұйымдастырып, Тоныкөк. Күлтегін, Білге қаған тас құлпытастары макеттері мен ескерткіштері орнатылса, Алтай өңірі туристік Алтын Ордаға айналмас па еді!

АЛТЫ АРЫС ЕЛ

«Қазақ шежірелерінде Ұлы жүзді алты арыс (тайпа) ел дейтін де дерек бар. Олар: Бәйдібектің бірінші келінінен туған Сарүйсін – бірінші арыс, екінші келінінен туған Шапырашты, Ошақты, Ысты – екінші арыс, үшінші келіннен туған Албан, Суан, Дулат – үшінші арыс, құрамына Шанышқылы мен Қатағанды қосып алған Қаңлы – төртінші арыс, Жалайыр – бесінші арыс, Сіргелі – алтыншы арыс. Шежіре деректерінде Бәйдібектің ағасы Байдұлладан тарады делінетін Шақшам ұрпағы санының аздығына байланысты тайпалық өреге кейіндеу жеткен. Орта жүз де алты арыс ел – Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ. Тарақты тайпасы Тәуке ханның «ноқта ағасы» институтын енгізуіне байланысты кейін дараланған сияқты»…Кіші жүздің он екі ата Байұлы да алты-алты тайпадан екі бірлестіктің қосылуы арқылы құралғаны байқалады. Әлім бірлестігі де алты арыс ел. Шежіре деректерінде Жетіру бірлестігінің де алғашқыда алты арыс ел болғаны, Тама тайпасының Жетіру бірлестігіне кейін қосылғаны айтылады». (А. Сейдімбек, 93. 86-б.).

Бір қауым ел деген мағынаға жақын.

АЛТЫ ЖАСАР БАЛА ЖОЛ ЖҮРІП КЕЛСЕ,

АЛПЫСТАҒЫ ШАЛ БАРЫП АМАНДАСАДЫ

«Жалпы ауыл адамдары ұзақ сапардан келген ағайынға жиылып келіп амандасу немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып барып» «жол болсын»деп тілек айту дәстүрі болған.» Алты жасар бала жол жүріп келсе, алпыстағы шал барып амандасады» деген мәтел соның айғағы. (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 75.34.)

«Алыстан қонақ келсе – ауыл адамдары оған міндетті түрде сәлем береді және үйіне шақырады. „Алыстан алты жасар бала келсе – алпыстағы адам барып сәлем береді“ деген қазақтың ғажап әдептілік мәтелі бар». (С. Кенжеахметұлы, 43.).

АЛТЫН КҮРЕК

«Алтын күрек – көктем желі. Арқа жұртында көктем желінің бірнеше атауы бар. Көктемгі қар ерітер қатты желді тұтастай Өкпек жел дейді. Оның аса қатты, екпіндей соққан сәттерін Атанжығар деп те атайды. Бұл жел өткір, салқын болғанымен, қарды қатырмайды, ерітеді. Өкпек жел кей мезгілде қар аралас жаңбырлы да болып келеді, кейде қара жаңбырлы болады. Осы желдің сәл жұмсақтауын Ебінің желі дейді. Арқа жұрты көктемгі күн мен түннің теңесуін „Самарқанның көк тасы еритін күн“, көктемнің басы деп, осы кеште наурыз көже деп көршілік қонақасы береді. Міне, нақ осы тұста оңтүстіктен соғатын жылы желді – Алтын күрек деп атайды. Бұл атау қарды өндірте ерітуіне қарай қойылған. Алтын күрек желі шынында да, күреп тастағандай, жерді қардан тез-ақ аршып тастайды». (С. Шүкірұлы, 9. 23.08.2001.)

Бұл сөз тіркесін негізінен оңтүстік өлкенің адамдары қолданады, соған қарағанда оңтүстікке тән жылы, қарды күреп ерітетін желдің түрі болса керек.

АЛТЫН АЗБАЙДЫ, ДАУ ШІРІМЕЙДІ

«Алтын азбайды, дау шірімейді», – дейді халқымыз. Яки, дәугерлер жеті атадан бергі дауды да қуып, биге жігунуге хақылы». (М. Тағыбергенұлы.).

Мұндағы айтылмақ ой, алтын – асыл металл, сондықтан ол бүлінбейді, тозбайды. Дау ескірмейді.

АЛТЫН ЕРІҢ АТҚА БАТСА,

АЛТЫНЫН АЛ ДА ОТҚА ЖАҚ

Қанша асыл, бағалы дүние болса да, біреуге немесе өзіңе зиян, залалы тиетін болса, одан құтыл, садақа, құрбандыққа бер деген мағынаны береді.

«Ел ағасы атанған сыйлы адамдарды ақындар:

Бір тайпа елдің басы еді,

Алтын елдің қасы еді, —

деп мақтаған. Кейбіреулері музейлерде сақталған ондай тұрман-дар нәзік шеберліктің куәсі іспетті. Алайда халықтың қастерлейтіні сәнді алтын тұрманы емес, аты болған. Сондықтан: «алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» деген мақал қалған». (С. Мұқанов, 77. 126-б.).

АЛТЫН КӨРСЕ, ПЕРІШТЕ ЖОЛДАН ТАЯДЫ

«Алтын көрсе періште жолдан таяды». Бұл тәмсіл сонау заманда да бар екен. Біреудің дүниеқұмарлығын әшкерелегенде айтылса керек. Періште жолмен келе жатады. Жол жиегінде алтын жатыр екен. Соны алмаққа бола періште жолдан шығады дейді. Жұрттың бәрі осылай түсінеді. Ал бұдан 60—70 жыл бұрын атам Нұрсұлтан маған бұл тәмсілді мүлде басқаша айтып еді.

Періште келе жатады. Жолында алтын жатыр. Алтынды алмау, оған жоламау үшін періште жолдан таяды. Меніңше тәрбиелік мәні бар нағыз тәмсіл осы болмақ». (Ж. Нұрмахан, 9. 25—31.08. 2011.).

«Зерделей келгенде, бұл мақал алтын көрген періште оны айналып өту үшін тура жолынан бұрылуға мәжбүр болады деген мағынаны береді екен. Шындығында да жолда жатқан алтынның бәрін құшақтай құласа, оның қай жері періште?

Сондықтан да ақиқат жолынан ауытқып жүргендер осы мақалды малданып, өздерін періштеге апарып теңеп әуре болмай-ақ қойсын…» (Қ. Әбіл, 31. 30. 07. 2008.).

Ал бұл мақалдың қазіргі мағынасы: Егер біреу, алтын, байлық, ақша ұсынып жатса, періштедей таза адамның өзі әділеттілікті белден басып, тура жолдан таяды, ақшаға, мол тегін байлыққа қызықпай қоймайды деген мағынада қолданады. Адамдардың дүниеқұмарлығын, дүниеқоңыздығын әшкерелегенде айтылады.

Бір өкініштісі, Жанаш ата келтірген екінші тәмсілдегі мәнінен айырылып қалған.

АЛТЫ САН АЛАШ

«Сан. Сандық ұғым қазақ халқында ерте кезде тек мыңдыққа дейін ғана жақсы дамыған. Тұрмыс-тірлікте одан жоғары, күрделі сандарды қолданудың қажеті де шамалы болған. Сондықтан „миллион“, „миллиард“ сияқты терминдерді пайдаланбаған. Есеп мыңнан асқан жағдайда „түмен“ (туман) деген терминді қолданған. Бір түмен он мыңға тең. Ал егер есеп жүз мыңнан асса, „сан“ терминін пайдаланған. Бір сан – жүз мыңға тең болған. Тілімізде „Алты сан алаш“ деген тіркес бар. Ол қазіргі есеппен „алты жүз мың алаш“ дегенді білдіреді. Қазақтың ең көп есебі „мың сан“ болған, ол – жүз миллионға тең». (Д. Жүнісов, 9. 1—6.05.2014.).

Ал, «алты сан алаш» деген тіркес көп сан халық, қазақтың құрамы көп, төрт көзіміз түгел деген мағыналарды білдіреді.

АЛТЫ САН АЛАШ,

ҚЫРЫҚ САН ҚЫРЫМ

«Халық әдебиетінде ежелден келе жатқан „Он сан оймауыт, тоғыз сан – торғауыт, сегіз сан – сейілхан, жеті сан – жем (бойындағылар, келімсіктер), алты сан – Алаш, қырық сан – Қырым“ деген ұғымдар бар екендігі белгілі. Солардың шешуіне келсек: он сан оймауыт дегеніміз – ноғайлы елі, ноғай халқы, тоғыз сан торғауыт – қалмақтар, сегіз сан сейілхан – сегіз арыс түрікпен халқы, алты сан Алаш – қазақ халқы. Мұның кейде Түрік ханнан тараған алты халық мағынасын беретіні бар. Осылардың бәрі жиналып, кезінде қырық сан қырым аталған. Қырымымыз – қазіргі Қырым түбегі. Демек, Қырым ерте замандарда аталмыш елдердің бәрінің орталығы болғанға ұқсайды. Соңында қырық сан халық бөлініп-бөлініп, әрбір ұлт, әр ел өз алдарына енші алып кеткен деген жорамал бар». (М. Жаданов, 9. 1.10.1993.)

 

«Ақ Орда құрамына кірген тайпалардың ішіндегі алты арыс ел – қыпшақ, жалайыр, найман, қоңырат, қаракесек (арғын), алшындар – Шыңғысханның батысқа жасаған жорығының алғашқы кезінде- ақ «алты сан алаш» деген атпен Жошы ұлысына енген. Жошы хан оларды үйсін Майқы би арқылы басқарған. «Алты сан алаштың ол кездегі қоныстанған жері – Алтай мен Каспий теңізінің аралығы, бір шеті Тобыл мен Сыр бойы, Жетісу өлкесі. 13-ғасырдың екінші жартысында бұлар одақ болған ізімен Алтын Ордадан бөлініп, Ақ Орда атты мемлекет болған». (М. Қани, 55. 209-б.).

Бұл сөз тіркесі кейде «Алты алаш» деп те аталады. Алты алаш туралы ел аузында әр түрлі пікірлер айтылады. Оның бірінде бұл санатқа алты ұлтты кіргізсе, енді бірінде жоғарыда айтылғандай, қазақтың өз ішіндегі тайпалар бірлестігі жатқызылады. Солардың бір-екі варианты мынадай:

а) 1.Қазақ. 2.Өзбек. 3.Қарақалпақ. 4.Башқұрт. 5.Ноғай. 6.Татар.

ә) 1. Өзбек 2.Қазақ. 3. Ұйғыр. 4.Түрікпен. 5.Қырғыз. 6.Қарақалпақ.

Бір ұлт, халықтың өзі бірнеше ру, тайпадан құралады немесе бірнеше ру, тайпа жиылып бір халықты құрайды деген мағынаны береді. «Қырық сан қырым» тіркесі қазақтың «Қырымның қырық батыры» эпостық батырлар жырын да еске түсіретіндей.

АЛТЫ ТАСПА БҰЗАУ ТІС,

БЫЛЖЫРАМАЙ АТТАН ТҮС

«Әсілі, мықты қамшыға ең керегі он екі таспа. Он екі таспадан өрілген өрім алты қырлы болып түседі. Қамшының бұл түрі көзге де сұлу көрінеді, әрі атқа мінеген адамға айбат беретін қару есебінде болып келеді. Одан кейінгісі сегіз таспа төрт қырлы болып шығады. Ал, алты таспадан өрілген қамшы дөңгелек болып түседі. Оны бұзау тіс қамшы деп те жатады. Бұл енді кез келген адам ұстайтын қамшының жеңілдеу, қарапайым түрі. „Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс“ деген сөз содан қалған». (Ш. Екеев.).

Ел, жер қыдырған қыдырымпаздар мен хабаршыларды, қыр көрсетіп маңғазсынған адамдарды сабасына түсіріп, мысын басу үшін айтылатын нақыл сөз.

АЛТЫ ТҰТАМ АТ ҚАМШЫ,

ЖЕТІ ТҰТАМ ЖЕР ҚАМШЫ

«Егер, қажетті материалың, яғни, тобылғы, қайыс былғары және өткір бәкің мен жеңіл қайрағың даяр тұрса, бір қамшыны бір сағаттың мөлшерінде жасап шығаруға болады. Сабы тобылғыдан жасалады. Тобылғының сабының ұзындығы алты тұтам болуы тиіс. Ел ішінде „Алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы“ деген де сөз бар. Ал, бәйгеге шабатын шабандоздар мен балалар ұстайтын қамшыны жеңілдеу болсын деп, оның сабын төрт тұтам тобылғыдан жасайды. Бұрынғы уақытта қыз балалар ұстайтын қамшының тобылғысының үстін қайыспен қос сақиналап басады екен. Қазіргі күні бұл ғұрып ұмтылған десе де болады». (Ш. Екеев.).

Қамшыны сипаттап, ерекше қасиетін ашып көрсетерде айтылады. Екінші сыңарын кейде «Жеті тұтам «жез қамшы», «Жеті өрім қамшы» деп те айтады.

АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ

«Ана құрсағындағы жан иесі тоғыз айдың ішінде, тіршіліктің әр сатысындағы табиғатта бар он сегіз мың ғаламдық жолын басып өтеді. Былайша айтқанда, бір клеткалық „қарапайым тіршілік“ кезінен бастап, адамға дейінгі жетілу баспалдақтарын басып өтеді. Бұл табиғат жаратылыстарының ішіндегі аса күрделі құбылыстарына кететін миллиондаған жылдарды адам баласы анасының құрсағында жатқан тоғыз айда-ақ басып өтетіндігі, тек табиғат шеңберінің ғана құдіретіне сыйса керек. Олай болса, адам ғұмырының ең ұзақ та ауыр жолы ана құрсағында қалыптасады екен. Міне, осынау өсу сатысында, жан иесінің жүрек тәрбиесін тек ана сезімі ғана дұрыс бағыттап, жетілдіріп отырады. Тап осы кезеңде адамшылықтың алтын діңгегі болып саналатын, күллі тәрбие атаулының арқауы – жүрек тәрбиесінің мазмұны қалыптасады. Мінеки, осындай өте нәзік, табиғат құбылыс-тарын тереңінен тартып түсіне алған халық даналығы: „Алып анадан туады“ деп тұжырымдағанын зор мақтанышпен айтуға болады. Мейірімді ананың парасаты мен дарқан мінезді әженің шапағаты дүниеге келген сәбиді халықтық тәлімнің ғасырлар бойы қалыптасқан алтын бесігімен тербеп отырып ер жеткізеді». (13).

Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы: Ат – биеден, аруана – түйеден, алып – анадан» болуы мүмкін.

АНА МЕН БАЛА КІНДІКТЕС

Ана мен баланың өзара жақындығын, ыстықтығын, қымбаттығын бейнелегенде қолданылады.

Атамыз қазақта: «Ана мен бала кіндіктес» деген сөз бар. Өйткені, құрсақ көтерген әрбір ананың көңіл күйі іште жатқан нәрестеге тікелей әсер етеді. Анам жарықтық: «Балаң жақсы болсын десең, үнемі жақсы нәрсеге көз тоқтатып, жақсылықты ғана ойла» дейтін. Ана баласын емізгенде өзін салмақты ұстап, еміренсе, емшегі иіп, сүті көбейіп, балаға жұғымдылығы артады. Бала рақаттанып, терлеп-тепшіп емеді. Тыныш емген бала ақылды болады. Баланы емізіп отырған ана ашуланса, дауыстап сөйлесе, бала шошынып қалады. Жас сәбидің мінезінің өзгеруіне ол да әсер етпей қоймайды». (Н. Ырысбекова.).

АПАМ ҮЙІ – АҚ ЖАЙЛАУ

«Қазақта бауырларының шалғай елге ұзатылып кеткен апаларын ер жеткен соң іздеп бару салты болған. Сағынтып келген бауырымен қауышқан апаның қуанышын айтып сөз жетпес. Өткеннен де, кет-кеннен де ата-анасы, бауырларының амандығын сұрап, сағыныштан әбден құсаланып, зарығып жүргенде, інісін көріп көзайым болып, өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешеді. Қайран апа бауырына көңілі тойып, мауқын баса алмай, ертелі-кеш айналып-толғанып, барлық тәтті-дәмді, жылы-жұмсағын соның алдына жайып, аузына тосады екен. Сірә, „Апам үйі – ақ жайлау“ деген сөз де осындайдан қалған болса керек». (М. Ниязбеков, 82.10-б.).

Бұл сөз тіркесін кейде ер кіндікті бауырларына қаратып, «Ағам үйі – ақ жайлау» деп айтатыны да бар.

АРАЛ МЕН СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІ

«Арал мен Семей – ХХ ғасырдағы Қазақ халқының басына түскен нәубет-тауқыметтердің жиынтық образдарына айналған топонимдер. Теңіздің тартылуы – ойсыздық пен жөнсіз әміршілдіктің (Кеңестік тоталитаризм кезеңіндегі – К.О.), ал Семей полигоны (ядролық сынақ полигоны – К.О.) – тұтас халыққа істелінген қиянаттың ең танымал ескерткіштері». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)

«Арал мен Семей қасіреті» дегенде біз тартылған теңіз табанынан көтерілген тұзды шаңның, полигондағы ядролық сынақтан жер бетіне шөгіп қалған радияцилық сәуленің зардаптарын айтып отырмыз. Олар сол өңірлердегі табиғат пен тұрғын халқына қатты әсер етіп, талай адамдар денсаулықтарынан айрылды, мүгедектікке ұшырады, қайғы-қасіретке тап болды. Міне, осындай экологилық зардаптардың табиғатқа, адамзатқа тигізген әсерін Арал мен Семей қасіреті дейміз.

АРАМЗАНЫҢ ҚҰЙРЫҒЫ БІР-АҚ ТҰТАМ

«Қойдың төлі – қозы. Қойлар көктемсіз төлдемес үшін, қошқарға күз айларында күйек* байлайды. Қыс туатын қозылар «арамза» аталады. Ол жүдеубас болады. «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам* (кішкене мағынасында) деген мақал содан». (С. Мұқанов, 77. 83-б.).

«Қазақтар иттің ақ, сары, шымқай қара (меңсіз қара) түстісін ұнатпайды. Ор және төрткөз итті қолға мүлдем ұстамауға тырысады. Онан гөрі төбел, ақтөс, алаяқ, аласын „иесіне адал серік“ ретінде артық бағаласа, құйрығының ұшында ғана кездесетін ағын „арамза“ деп танып, оның бір тұтамдайын кесіп тастайды. „Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам“ деген тіркес осыған қатысты тууы ықтимал». (Б. Қиянатұлы. 9. 30. 11. 1995.).

Арамдық пен қулықтың, өтіріктің өмірі қысқа, ерте ме, кеш пе оның жайы ашылады, әшкере болады дегенді аңғартады.

АРАНДАП ҚАЛДЫ

«Жым – аңдардың өздерінің қалың бұта арасына салып алған жолы. Сенен тұра қашса, жымға кіріп кетеді. Сен кіре алмай қаласың. Соны „жым“ дейді. Жымға қазақ „аран“ құрады. Анау тар жер ғой, теңселіп, ирелеңдеген сондай бір ұрымтал жерге істікті қойып, ағашқа бекітеді. Ана жақтан қуаласаң, үріккен аң ентелеп келген бетімен, көкірегімен қадалады. Соны қазақтар „аран“ дейді. Немесе аранның екінші түрі бар. Жолбарыс, аю секілді ірі аңдарды ұстауға арналған. Жерді қазған соң, үстін бұтамен, шөппен жауып, қазылғанын білдірмей қояды. Ал шұңқырдың ішінде үлкен-үлкен қазықтар болады. Аңдар шұқырға түссе болды, әлгі қазықтардың біріне қадалып, сол жерде қалады. Бұл тәсілді соғыста да пайдаланады. Ертеректе кәдімгі ағаштың басын жонып, қаламның ұшы секілді етіп, үшкірлеп көміп, аран жасаған. Қашқан жаудың әскері келіп қадалатын болған». (Ж. Бабалықұлы,24..204-295-б.).

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22 
Рейтинг@Mail.ru