bannerbannerbanner
Гүлмінездің гүлдері

Кеңес Оразбекұлы
Гүлмінездің гүлдері

Иллюстратор Олимпиада Грачева

Редактор Жақсылық Кенжалиев

© Кеңес Оразбекұлы, 2020

© Олимпиада Грачева, иллюстрации, 2020

ISBN 978-5-4498-9859-3

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

ГҮЛМІНЕЗДІҢ ГҮЛДЕРІ
(әңгімелер мен этюдтер, санамақтар жинағы)

Редакторы: Жақсылық Кенжалиев.

Суретшісі: Олимпиада Грачева.

Балалар жазушысы Кеңес Оразбекұлы – әңгіме, ертегілері оқулық, хрестоматия-ларға еніп, оқырмандарына кең танылып қалған қаламгер. Оған қоса оның «Ертегі туралы ертегі», «Иол – мәңгілік ағашы», «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нұр-дың ерлік жорықтары», «Наурыз көже», Оңтүстік Кореяда төрт тілде (қазақ, орыс, корей, ағылшын) шыққан «Жыл басы қалай анықталды?», «Жерұйық іздеген Кірпі мен Қосаяқ», Ресейдің «Ридеро», «Литрес», «Озон», «Амазон» және т. б. интернет-дүкендерінде екі тілде (қазақ, орыс) сатылымға шыққан «Жарғақбас, Кылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары», «Таң нұрындай Таңсұлу», «Қазақтың алпыс батыры», екі кітаптан тұратын «Қанатты сөз – қазына», «Жылыңды білесің бе?» және тағы басқа кітаптары да оқырмандарының қызығушылығын оятып, ыстық ықыластарына бөленді. Енді міне, бұл жолы «Гүлмінездің гүлдері» атты әңгімелер мен этюдтер жинағын ұсынып отыр. Қаламгердің бұл жинағы да оқырмандарының сондай ілтипатына бөленеріне сенімдіміз.

МҰХАМЕДЖАННЫҢ МҰРАТЫ

(Мұхамеджан Тынышбаевтың рухына арнаймын)

СЫНҒАН ТАЯҚША

Үзіліс уақыты. Сынып ішінде Мұхамеджан – жалғыз. Ол тақта үстіне ілінген Ресей империясының саяси-әкімшілік картасының алдында тұр. Қолында – басы үшкір ұзын таяқша. Таяқшаның ұшын карта бетіне жүгіртіп, қазақ елінің аумағын ойша белгілейді. Өйткені картада оның шекарасы атымен жоқ. Тек Ресейдің губерниялары мен уездерінің шекара сызықтары ғана. Еділ, Жайық, Торғай, Сары-арқа, Алтай,

Жетісу, Түркістан, Сырдария, Арал… Бұл өңірлердің бәрінде қазақтар мекендейді. Ендеше бұл өлкелер – қазақ жері. «Шіркін! Осы өлкелердің басын қосып, қазақтың өз мемлекетін құрар ма еді. Ол үшін мына кең-байтақ жерді Ресейдегідей игеріп, қалалар салып, өндіріс орындарын ашып, астана – орталығын орнатса. Астанаға қай қала лайық? Осы Верный қаласы қолайлы болар. Онда мына өлке-лердің бәрін Жетісумен байланыстыратындай етіп жолдар салуды қолға алған жөн. Өйткені, адамның он екі мүшесін басқару үшін жүрекке қан тамырлары қандай маңызды болса, мемлекет үшін де жол қатынасы сондай маңызды. Иә, иә, мемлекет құру үшін ең алдымен жолдар қажет. Сонда ғана қазақ елін тәуелсіздікке жеткізе аласың. Ендеше жол құрылысын салудың ғылымын меңгеруге ұмтылу керек…»

Мұхамеджанның қалың ойға беріліп, шабыттанғаны сондай, айна-ласын түгел ұмытып, еріндерін тістеп тұрып шалт қимыл жасағанын аңғармай қалды. Қолындағы таяқша «сарт» етіп қақ бөлінгенде ғана есін жиды. Оң жақ бүйірінде Асқар мен Сергей тұр екен.

– Мұхамеджан, саған не болды?! – деді Асқар таңданып.

– Жәй, әншейін, – деді де, Мұхамеджан қолындағы сынық таяқшаны үстел үстіне қалдырып, орындығына беттеді.

Шәкірттерінің ең соңынан кірген Михайл Васильевич жаңағы сын-ған таяқшаны үстел жанына жақындағанда ғана байқады. Түсі бұзы-лыңқы суық жанарымен сынып ішін шолып:

– Бұны кім сындырды?! – деп жеки сұрады. Шәкірттер тым-тырыс отырған күйі көздерімен жер шұқыған. Ол қырағы жанарымен шә-кірттерін бір барлап өтті.

– Мен – деді бір кезде шыдамай кеткен Мұхамеджан орнынан тұ-рып. Михаил Васильевич тәртіп, оқу жағынан ең үлгілі, сүйікті шәкір-тіне таңырқай қарады. Мұндай оғаш қылықты басқа-басқа, Мұхамед-жаннан күтпеген.

– Неге сындырдың? – деді даусын жұмсартып.

– Ой үстінде тұрып байқамай…

Мұхамеджанның бұл сөзіне курстастары ду күліп жіберді. Михаил Васильевич те езу тарта жымиып, артынша басын шайқап:

– Ендеше келесіде ойға берілгенде, қолыңа еш нәрсе ұстай көрме, қымбаттым.

Курстастары тағы да күлкіге кенеліп, сынып ішінде бір түрлі жай-машуақ жылылық орнады.

ЖОЛ АЙРЫҚТА

Гимназия шәкірттерінің жан-жаққа түлей ұшар сәті де жетті. Гим-назия директоры Вахрущевтың кабинетінен Мұхамеджанның көңілі өсіп шықты. Есік алдында курстасы Асқарға жолығып қалды.

Ол Мұхамеджанды көргеннен, екі езуі құлағына жете ыржия күліп келіп, қолын қатты қысты.

– Мұхамеджан, естіп жатырмыз. Педагогикалық кеңес сені барлық жағынан үздік деп бағалап, алтын медальға ұсыныпты ғой. Құтты болсын!

– Айтсын, рақмет. Өзіңнің де дипломың құтты болсын!

– Рақмет. Айтпақшы, педагогикалық кеңес сені Жетісу губернато-рының кеңесіне тілмаштық қызметке ұсынып жатқан көрінеді ғой. Сол рас па?

– Иә, рас, – деді Мұхамеджан. – Бірақ мен ол қызметтен бас тарт-тым.

– Не дейсің?! – деді Асқар Мұхамеджанның иығынан тартып тоқ-татып. – Өзге жұрттың мұндай мәртебелі қызметке қолы жетпей дің-кесі құрып жүргенде, сенің мұның не? Есің бүтін бе?

– Есім бүтін, – деді Мұхамеджан жымиып. – Директордың қабыл-дауында болып, оқуды жалғастырмақ ойым бар екенін айтып шық-тым.

– Қандай оқуды?

– Петербургтегі жол құрылысы инженерлерін дайындайтын инсти-тутқа түсуге жиналып жүрмін.

– Ой, бұл мамандық қазаққа қол емес қой. Ең болмаса сот, мұға-лім, не дәрігерлікті таңдамадың ба?

– Ондай мамандықты таңдаған қазақтар менсіз де жеткілікті. Ал жол құрылысы инженері – еліміздегі ділгір мамандық қой. Өстіп әр саладан мамандана берсек, еліміздің ертеңі үшін маңызды емес пе.

– Әй, Мұхамеджан-ай! Еліміздің ертеңіне несіне алаңдайсың? Қазаққа әр саладан маманданған мына орыстар да жетеді. Тұмсығымызды әр саққа тыға бергеннен жетісеріміз шамалы. Мал табатындай сауатымызды аштық, соның өзі олжа. Егер менің достық тілімді алсаң кеш болмай тұрғанда, сол тілмаштық қызметке қайта сұран. Ең дауасы – осы. Губернатордың алдында кеудеңді керіп, алшаң басып жүргенге не жетсін! Кейін бармағыңды тістеп қалма.

Гимназияда талай жыл бірге оқып, курстас, сыйлас құрбы ретінде талай жыл интернат нанын бөлісіп жегенімен, Асқарды мұндай ман-сапқұмар, тоғышар жан деп ойламаған. Адамның шын бет-бейнесі балалық, жастық шақта онша байқалмай, ат басын тартып мінген, онды-солын тани бастаған осындай азаматтық дәуренге жеткен кезде байқалады екен-ау. Сырлас, жақын болмаса да, сыйласып өскен досының өмірді осылай жеңіл-желпі бағалап, мардымсып шолақ ақыл айтқанына Мұхамеджанның ызасы келді. Бірақ, дәл осындай мерейлі сәтте дауласып, бетжыртысуды жөн көрмеді де:

– Бұл «данышпан» кеңесіңе рақмет, досым. Өйтіп өкінетін адам мен емес. Қош бол! – деп әңгімені қысқа қайырып, курстас досынан бөлініп, ұзай берді.

ОҚУ ОРНЫНЫҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА

Қабырғаларын ескі үлгідегі сүйегі ауыр, бірақ әсем өрнектелген кітап шкафтары мен сейфтері қайыстырған үлкен кабинет. Ортада «т» әрпі тәріздес етіп қойылған екі шомбал емен үстел. Басында үш адам отыр. Оның бірі – орта жастағы кең иықты, шашын жылмағай етіп артқа қайыра тараған, жалпақ бет кісі – институт ректоры. Екіншісі – жағы қушиған, көзілдірікті қасқабас қария – осы институттың аға оқытушысы әрі ғалым адам. Ал үшіншісі – институтқа талапкер ретінде құжаттарын тапсыруға келген – Мұхамеджан.

Төрдегі алдыңғы екеуі үстелдің бір қапталындағы Мұхамеджанға сынай, әрі күдік ала қарайды. Ал Мұхамеджан болса өзін еркін ұстауға тырысып, олардың сауалына мүдірмей жауап беріп отыр. Инсти-тут ректоры алдында жатқан құжаттарды аударыстырып, қағазда жазылған деректерді Мұхамеджан бет-жүзі арқылы анықтап алғысы келгендей, қағазға бір, Мұхамеджанға бір шұқшия қарап алды да:

– Хм-м, жігітім. Орта Азиядан. Жетісу өлкесінен келген екенсің ғой. Солай ма? – деді.

– Иә, солай.

– Қандай ұлттансың?

– Қазақпын.

– Қызық. Біздің институттың табалдырығын – Қиыр шеттегі бұ-ратана халықтың өкілі ретінде тұңғыш рет өзің басып тұрсың. Әдетте біздің техникалық институтқа ресейліктердің өзі сескеніп, келе бер-мейді. Сенің қалайша батылың барды?

– Жоғары мәртебелім. Мен Верный гимназиясының соңғы курс-тарында оқып жүрген кездің өзінде Сіз басқаратын осы мәртебелі институтқа түссем деп, алдыма үлкен мақсат қойған едім. Міне, сол мақсатым мені Сіздің алдыңызға жетелеп әкелді.

– Жарқыным, сен бұл оқу орнының техникалық екенін білесің бе? – деп сөзге қасқа бас шал араласты. – Оқу өте ауыр. Химия, физика, математика есептері, сызу макеттерінің өзі адамның миын шатастырып жібереді.

– Әрине, білемін. Сол себепті гимназия қабырғасында көп ізденіп дайындалатынмын. Кітапханалардағы әр қилы техникалық кітап-тарды зерттеп оқып, есеп, жаттығуларын шығарып, сызу өнерімен айналысатынмын.

– Мен қызмет бабымен ғылыми экспедицияларда жүріп, Орта Азия мен Түркістанды, қазақ елін көп аралағанмын. Сол себепті ол жақтың халқын, салт-дәстүрі мен шаруашылығын, адамдарының мінезі-қасиеттері мен психологиясын бір кісідей білемін деп айта аламын. Расын айтсам, қазақтардың рухани жан дүниесі өте бай. Музыка, фольклор, сөз өнері тұрғысынан қарағанда, алдыңғы қатарлы елдермен иық теңестіре алады. Мұны орыстың, батыстың ғалымдары да мойындаған. Сол себепті олар, яғни қазақтар гуманитарлық ілімді тез меңгеріп, игеріп кете алады. Бұл ақиқатты мен сондағы оқу орындарын аралағанда байқап, көз жеткізгенмін. Ал енді техникалық ілімді меңгеруге келгенде, көшпелі ұлттың өкілдерін… әй, қайдам… Көзім жетпейді. Бұл жерге адасып келген сияқтысың. Кеш болмай тұрғанда, сол гуманитарлық оқу орнынының есігін қаққаның жөн. Мына үздік диплом, алтын медальмен сен ол гуманитарды жақсы меңгеріп кетесің. Оған сенімім кәміл. Сөйт, жарқыным.

Мұхамеджан қасқа бас шалдың бұл сөзіне іштей тіксініп, ұнат-пады. Бірақ сыр берген жоқ. Сөзді әріден өрбітті:

– Менің Әл Фараби, Ибн Сина, Беруни, Ұлықбек сынды ғұлама бабаларымды, мына беріде өмір сүрген Шоқан Уалихановты білетін шығарсыз?

– Әрине, білеміз.

– Міне, солар техникалық ғылымды игеріп қана қоймай, бұл ғы-лымды жоғары деңгейге көтеріп, іргелі жаңалықтар ашып, ілгері дамытты емес пе. Оларды қайда қоясыз?

 

– Олар, жарқыным, әр жүз, мың жылда бір келетін жеке тұлғалар ғой. Оларды қозғамасайшы, – деп, шал кеңк-кеңк күлген.

Мұхамеджан шалдың күліп болуын күтіп тұрды да:

– Кешіріңіз. Мен де сондай жүз жылда келіп қалған ұрпақтың бірі шығармын. Сол үшін де техникалық оқу орнына тайсалмай ұмтылып отырмын ғой, – деген. Бұл жолы екеуі де мырс-мырс етіп күліп алды.

– Болса, боларсың, бәрекелді! – деді қасқа бас шал.

– Құжаттарыңды қабылдадық, емтиханға дайындала бер, – деді институт ректоры, сол жымиған күйі Мұхамеджанға риза бол-ғанын сездіріп.

Мұхамеджанның тұла бойын бір ыстық сезім ду етіп билеп алды. Бұл жеңіс – алғашқы күшті тосқауылды күйреткен үлкен жеңіс екенін түсінген Мұхамеджан орнынан ширақ көтеріліп, еңсесін тіктеп шығар есікке беттеді.

ҰЛЫЛЫҚ – КІШІПЕЙІЛДІКТЕ

СЕГІЗ ЖАСТЫҚ

Бірде Дінмұхамед Ахметұлы ел аралайын деп жолға шығады. Орта жолда олардың машинасына бір әйел қол көтереді. Димаш ата машинасын тоқтатқызады. Оның да баратын жері Шелек болған соң, бірге алып кетеді.

Машина үйінің алдына тоқтағаны сол еді, әлгі әйел Дінмұхамед Ахметұлына:

– Үйге кіріңіз, шаңырағымнан дәм татыңыз, – деп қоймайды.

Сонда Дінмұхамед Ахметұлы:

– Жақсы онда, дәмнен үлкен емеспіз, кіріп өтейік, – дейді. Осы сөзді естігенде әйелдің қуанғаны сондай, үйіне жүгіре жөнелді.

Үйге кіргенде, әйел сегіз жастықты Қонаевтың жолына қаз-қатар тізіп қойған екен. Дінмұхамед Ахметұлы осыған таң қалып, жастықтан өте алмай дағдарып тұрғанда:

– Менің сегіз балам бар. Мына жастықтарды солар жастанады. Сіз осы жастықтардан аттап өтіп төрге озсаңыз. Сонда мен бұл жастық-тарды сіз аттаған қасиетті жастықтар екенін елге, балаларыма айтып, мақтаныш көріп жүрер едім, – дейді. Сонда Дінмұхамед Ахметұлы:

– Жо-жоқ! Сіздің сегіз балаңыз жатқан бұл жастықтарды атта-маймын. Қайта әрқайсысын маңдайыма тигізіп, тәу етейін. Балала-рыңыз мақтаныш көріп жатсын, – деп жол тауып кетіпті.

«ҚОНАЕВТЫҢ АРҒЫМАҒЫ»

Бірде бір кеңшардың жұрты Дінмұхамед Ахметұлына ақ боз арғы-мақ сыйлайды. Әлгі аттың тұлғасының сұлулығы, сыр-сымбатының келіскендігі сондай, қарасаң көз тоймайды екен. Қонаевтың өзі де сүйсінгенін жасыра алмапты. Дегенмен ол кеңшар басшысын бір шетке шығарып тұрып:

– Мақұл, мен бұл әсем арғымақты жұрттың алдында сый ретінде қабылдап алған болайын, – депті. – Бірақ оны өзіммен бірге әкетпей, сіздің кеңшарыңызда қалдырып кетемін. Өйткені, өзі нағыз бәйгеге қосатын жел аяқ тұлпарға ұқсайды. Сіздер оны бәйгелерге қосы-ңыздар. Бәйгенің алдын бермей, жеңімпаз шыққан кезде: «Бұл – Қонаевтың арғымағы!» – деп айтып жүрсеңіздер, маған соның өзі жеткілікті, – деген екен.

ЕРЕКШЕ БАЛА

Алтай Едіге атасымен қыдырыстап жүріп, ауыл орталығындағы ескерткіштің тұсына келді. Сол арадағы орындыққа жайғасқаннан кейін екеуінің де назары бірден алдарындағы ескерткішке түскен. Тастан қаланған биік тұғырда – бойында бес қаруы түгел алып батыр басын көтере ұстап, қияндағы көкжиекке тігілген күйі сесті көрінеді. Батырдың оң қолы – алдаспан қылышының сабында, ал сол қолы, жанына аңшы ит сияқты ерткен қызыл жолбарыстың желкесінде. Олар сол күйлерінде елдің тыныштығын қорғап тұр ма, әлде алыс қиырдан келе жатқан жауларын көріп, соларды күтіп алуға сайланып тұр ма, белгісіз.

– Ата, – деді Алтай ескерткішке ойлана қараған күйі. – Батыр-лардың жан серігі ат болады емес пе. Мәселен, Алпамыс – Шұбар ат, Қобыланды Тайбурыл мініп жауға шапқан. Ал, мына Ескелді бабамыз аттың орнына қызыл жолбарыс мінген бе?

– Олай емес, құлыным, – деді Едіге ақсақал немересінің басынан сипап. – Ескелді де кәдімгі батырлардай ат мінген. Ал, мына қызыл жолбарыс Ескелді батырдың пірі болған. Бұл ескерткішті тұрғызған мүсінші ағалар өзге ат мінген батырлардан ерекшеленіп тұрсын деп, батырды қолдаушы пірі қызыл жолбарыспен бедерлепті ғой.

– Ата, пір дегеніміз не?

– Пір дегеніміз, балам, ерекше жағдайларда, мәселен, соғыс, не басқа түскен қиындықтарда жанынан табылып, адамды қолдап, қорғап, демеп жүретін рух иесін – пір дейді. Міне, мына Ескелді бабаң басына қиындық төнгенде, қызыл жолбарысқа сиынған.

– Сонда қызыл жолбарыс жанына келіп, оны құтқарып қалады ма?

– Жоқ, олай емес, пір дегеніміз көзге көрінбейтін рух иесі. Ол тек қолдаушысына ғана, мәселен, Ескелді батырға қызыл жолбарыс болып елестеп көрінеді. Батыр сол рухына сыйынғанда, бойына ерекше күш-құдірет дарып, қуаттанып, кез келген қиындықты жеңіп шығатындай қуатқа ие болады.

– Сонда, ата, кез келген адамның пірі бола ма?

– Кез келген адамның пірі бола бермейді. Ондай рух ерекше адамдарда ғана болады. Мәселен, кейбір арқалы батырларға, ақын-жыраулар мен өнерлі адамдарға ғана дариды. Адамдардың аңыз етіп айтуынша, ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың, Кенен ақынның, Ағыбай, Сұраншы батырлардың, мына Ескелді бабаңның пірлері қызыл жолбарыс болған. Ал, Абылай ханның пірі – ақ бура, Қажымұқан балуанның пірі – Баба түкті Шашты Әзіз болған деседі. Өткенде біз «Алпамыс батыр» жырын оқыдық емес пе?

– Иә.

– Сонда жырдың бір жерінде былай дейтін еді ғой:

Сол уақытта батырға

Атса мылтық өтпеді,

Шапса қылыш кеспеді,

Ғайып-ерен қырық шілтен

Қолтықтап, сүйеп демеді.

Міне, көрдің бе, Алпамыстың пірі Ғайып-ерен қырық шілтен бол-ған екен…

Алтай бұл сөздерді естісе де үндеген жоқ. Ол алдындағы ескерткішке қарап тұрып, бір терең қиялдарға беріліп кеткен еді…


***

Алтай бүгін мектептен көңілді оралды. Үйге кіргеннен сумкасын жерге қоя сап, атасының мойнына асылды.

– Иә, бүгінгі сабақтардан «бес» алғансың ау деймін, шамасы?

– «Бес» дегенің ол күнделікті бағалар ғой. Мен бүгін қазақша күрестен Сәбит, Досан, Асқарларды жеңіп, аудандық жарысқа жолда-ма алдым! Міне, «бес» дегеніміз – осы!

– Бәрекелді, құлыным! Қажымұқан атаңдай күшті балуан бол! – деп, немересінің маңдайынан сүйді. – Ал, енді бара ғой, анаңның дайындаған тамағын тойып іш. Балуандарға қажет мол күш! – деп ұйқастырып, немересін ас үйге қарай бағыттады.

– Міне күш! – деп Алтай екі қолын көтеріп, білек бұлшық еттерін бұлтыңдатып, ас үйге қарай аяңдады.


***

– Ат-а! – деп Алтай таңертең тұра салып, үстелде шай ішіп отыр-ған атасының жанына алып-ұшып жетті. – Ата, білесіз бе, мен ерекше баламын!

– Оны қайдан білдің?

– Мен бүгін түс көрдім. Түсімде жұлдызды көктен бір қанатты барыс ұшып келіп, төсегімнің басына қонды да: «Мен сенің піріңмін. Сен аудандық жарыста да жеңіп шығасың» деді. Ендеше мен ерекше бала болғаным ғой, иә?!

– Иә, – деді Едіге атасы жымиып. – Егер сенің пірің қанатты барыс болса, ерекше бала болғаның.

– Ендеше оның айтқаны айнымай келеді ғой, иә?!

– Келеді. Егер ол түсіңде аян беріп, «жеңесің» десе, жеңесің.

– Ала-қа-ай!

– Дегенімен, құлным, мына кеңесімді есіңде ұста: Қанатты барысың «жеңесің» десе, оның саған жігер, рух бергені. Сол жігер-рухпен қуаттанып, жаттығуыңды еселейтін болсаң, міндетті түрде жеңіске жетесің.

– Онда мен қазірден бастап жаттығуға кірісемін! Ала-қа-ай! – деген күйі ол сыртқа жүгірді.

ГҮЛМІНЕЗДІҢ ГҮЛДЕРІ


ҚАМҚОРШЫ

Есікті айқара ашып, тойған қозыдай томпиған кішкене қыз кірді. Бұл – бақшадан қайтқан Гүлмінез. Қолында тығыншықтай, қап-қара күшік бар. Оны еденге қоя берді. Өзі есікті жауып, ақ мамықпен көм-керілген қоңыр пальтосының түймелерін ағытты. Киім ілгішке бойын созып іліп жатып:

– Анашым, ау анашым, – деп еді, асхана жақтан «Ә, не дейсің?» деген дауыс естілді.

– Мұнда келші. Мен әдемі күшік тауып алдым. Өзі әбден тоңыпты. Қарны да аш болу керек, сүт бар ма?

Асханадан шыққан шешесі күшікті көрген замат:

– Е-ей, Гүлмінез-ай, – деді әбіржіп. – Оны қайдан алдың? Ада-сып жүрген біреудікі де. Апарып таста.

Гүлмінез күшікке ара түсті:

– Бұның иесі жоқ, анашым. Көшенің ортасында, әркімге бір алаңдап, бүрі-сі-іп тұр. Дірілдеп, көзі мөлдіреп, жалынышты қарайды. Қыңсылап-қыңсылап қояды. Маған адамдардан шеккен зәрібін айтып жатқандай сезілді. Аяп кеттім, Алайықшы?

Шешесі қызына мейірлене қарады:

– Бұл бәлең дүниеге келмей жатып, қандай зорлық көріпті?

Гүлмінез бота көздерін мөлдірете:

– «Бәрін сендер бүлдірдіңдер. Мені анамнан айырдыңдар. Суыққа тоңдырып, аштан-аш далаға тастадыңдар. Обал – дегенді білесіңдер ме? Әуф-әуф!» дейді.

Күшік бойы жылынған соң ба, Гүлмінездің сөзіне пысқырып та қа-рамай, талтаң-талтаң басып бөлменің ішін қыдыра бастады.

Шешесі қулана езу тартты.

– Ә-ә, солай дей ме? Титімдей боп, қарашы. Өзі де сүйкімді ғана екен. Мейілің, асырай ғой.

Жүзі бал-бұл жанған қыз шешесіне еркелей асылды.

– Болар енді. Менің асханада жұмысым қалды. Жүр. Күшігіңе сүт құйып берейін.

Сүт құйылған консерв қалбырын күшіктің алдына қойып еді, ол жолай қоймады.

– Ал іше ғой, күшігім, – деді Гүлмінез, оның басын қалбырға сұғып. – Сен ұнататын сүт қой бұл.

Күшік қырыса кейін шегінді. Езуіне жұққан сұйықты тілінің ұшы-мен жалап жатыр. Дәмін ұнатса керек, баяғы кірпияздығы жайына қалып, ыдысқа ашқарақтана қайта ұмтылды.

Біраздан кейін шешесі кірді. Тымпиып тойып алған күшік қыздың жеңінен тартқылап, құйрығын бұлғаңдатады. Шәу-шәу үріп қояды. Гүлмінез – мәз. Шешесі оны сөйлетуге құмартып:

– Не дейді, мына шіркінің? Түсіндіріп берші, – деп еді. Гүлмінез:

– «Ваф-ваф! Сен жақсы қыз екенсің. Анаң да тамаша адам. Ваф-ваф! Екеуміз дос боламыз. Жалықтырмаймын сені. Жүр, бірге онай-мыз», – деп ойынға шақырады.

– Жәндіктің қамқоры бола білген кішкентай жүрегіңнен айнала-йын. Шүлдір-шүлдір еткен тіліңнен айналайын, сенің, – деп, том-пақ бетінен шөпілдете сүйіді. – Досыңды ренжітпе, бара ғой.

Гүлмінез шешесінің құшағынан босана сала:

– Күшігім, күшігім, жүр мұнда. – деп, өзінің ойнайтын бөлме-сіне жүгірді. Күшік те соңынан арсалаңдай ілесті.

ҚҰШТАРЛЫҚ

Аласа кереуетте балбырап ұйықтап жатқан Гүлмінез бір селк етті де, көзін кенеттен ашты. Кірпігін жыпылық-жыпылық еткізіп, ала көбең бөлме ішін таңдана сүзіп шықты. Есінеген күйі ақ жайма көрпесін серпіп тастап, орнынан жылдам көтерілді. Үстіне раушан гүлді көйлегін, көгілдір свитрін киіп, шашы жалбыраған күйі есікке ұмтылды. Ауызғы үйде, терезе алдында отырған атасын көріп барып, көңілі жайланды. Ерекше бауыр басқан адамы әрқашан да осылай жанынан табылып отырса қандай рақат. Ал Гүлмінез үшін атасы бір бөлек жан емес пе. Атасымен бірге болса, бар нәрсеге қанығады. Көкейінде жүрген сауалдарына жауап алады. Ертегілер, қызғылықты әңгімелерге қарық болады. Тіпті, атасы екеуінің өз-ара сөздері, ойындары да жарасымды.

Жарқ етіп кіріп келген немересін көріп, қарттың күрең жүзі күн ашылғандай шырайланды. Мейірлене жымиғанда, жанары – қою қас-тың арасынан жалт-жұлт сығылады. Гүлмінез де жүзі гүлдей жайнап, екі қолын құс қанатындай жайып, атасына ұшты. Қария әлеуетті қол-дарымен оны көтеріп алып, құшағына қысып, жұпар шашын иіскеді. Гүлмінез басын атасының кеудесіне қойып, елтігендей көзін жұмды. Құлағына дүрсілдеген дыбыс естілді:

– Ата, – деді кенеттен.

– Әу?

– Сіздің жүрегіңіз сағаттың жүрісіндей соғады екен.

– Дұрыс айтасың, қызым. Бұл кәрі жүрек талай уақытты санап тас-тады ғой. Сондықтан да біз, қарияларды – «уақыттың шежіресі» дейді.

– Уақыттың шежіресі деген не, ата?

– Ол ма. Бұрынғы өткен өмірді, тарихты көкірегіне түйіп, кейін-гілерге білікті етіп айта білген адамдарды солай дейді.

Гүлмінездің жүрегінің дүрсілі, өз жайын қайта есіне салды. Ол:

– Ал енді мені тыңдаңызшы, ата. Қалай соғады екен? – деді.

– Кәне? – Ол немересінің құртымдай көкірегіне жарғақ құлағын тосты.

– Ой-о-ой! «Дік-дік-дік…» Жаңа туған құлыншақтың шабысындай. Алып-ұшып тулайды ма – әй?!

– Дәл таптыңыз, ата. Ол құлыншақ неге асығулы, білесіз бе?

– Неге?

– Кеше, кешқұрым әдемі шана әкелген едіңіз ғой. Сол шана-мен тезірек ойнағысы келеді екен оның. Жүріңіз, ата. Сырғанақ тебеміз.

Қария жымия түсіп, ойланып қалды. Кеше жұмысы болып, қыстауынан тура аудан орталығына тартқан. Қайтарда – ауылға, баласының үйіне соғатын болған соң, сүйікті немересін қуантқысы келді. Дүкендерін аралап жүріп, шана сатып алып еді. Гүлмінездің айтып отырғаны сол. Әрине, көз алдында ойнағанға не жетсін. Бірақ, ойынның да мезеті бар. Ал тыста – адам денесін түршіктірер ертеңгілік ызғар әлі тараған жоқ.

– Айналып кетейін, аппағым менің. Шананы саған әкелмегенде, кімге әкелдім. Әлі онымен талай ойнарсың… Ал, қазірше, – ол сұқ саусағымен терезе жақты мегзеді. – Көрдің бе? Таң енді бозарып ке-леді. Дала суық. Құр босқа тоңып қаласың. Одан да, қорада мал жайғастырып жүрген папаң мен мамаңды күтейік. Бірге тамақтана-мыз, кейін ойнаймыз. Тойған қозыдай рақаттанып ойнаймыз.

 

Гүлмінез басын бір иығына қисайтып, өтінгендей түр көрсетті.

– Тамаққа зауқым жоқ, ата.

Қария қырау қаймыжықтаған терезенің бетін ысқылап сүртіп:

– Қарай қойшы өзің, – деді. – Сөзге түсінесің ғой. Далада бейсәубет жүрген біреу бар ма? Тіпті қыбырлаған нәрсе көрмейсің.

Гүлмінез әйнек көзіне үңілді. Сыртта – мүлгіген қыстың бозамық күні. Қары сірескен үйлердің мұржаларынан шыққан түтін түнерген аспанға баяу сіңуде. Әудем жерде, қоршау ішіндегі сидам ағаш-тардың бұтақтары ғана желмен тенселеді. Гүлмінез соны байқады ма, қулана:

– Кәне, ата. «Қыбырлаған нәрсе көрінбейді» дейсіз. Ана бұтақтар қимылдап тұр ғой, әне қараңызшы, – деді.

Қария немересінің байыптылығы мен тапқырлығына сүйсініп, мәз болды. Күлкісіне шашалып:

– Атаңды сөзден ұстадың, қызым. Өзіме де сол керек. «Қыбырла-ған жан көрінбейді» деудің орнына «нәрсе» дегенімді қарашы. Сөз қа-дірін білген ата-бабаларымыз, билікті қашан да жеңгенге берген. Де-генің орындалсын, қарағым. Бара ғой. Жылы киімдердіңді киі-ніп шық – деді. Гүлмінез:

– Ала-қа-ай! – деген бойымен бөлмесіне қайта жүгірді.

Немересінің шаттанғанына, қарияның да көңілі тасыды.

– Иә-ә, – деп тамсанды ол. Құштарлыққа не жетсін. Талай ізгі армандар мен мұраттар, осындай жолы жіңішке бастаудан нәр алған. Ендеше қайнар тұманың көзін бөгемейін.

Біраздан соң, қария мен немересі – көшеге шана сүйіретіп, томпаңдап кетіп бара жатты.

1  2  3  4  5  6  7  8 
Рейтинг@Mail.ru