bannerbannerbanner
полная версияБақытты болуды үйреніңіз! 2 Бөлім

Нарша Булгакбаев
Бақытты болуды үйреніңіз! 2 Бөлім

7. Бейсанаға түсіру техникасы

Əдеттерді, өмірлік ұстанымды немесе қандай да бір жағдайды өзгерту туралы жалғыз шешім, автоматты түрде өзгеру үшін жеткіліксіз. Шешім қабылдау – бұл бірінші қадам. Өзі туралы бейсана ойларын өзгерту үшін қосымша əрекеттер қажет. Мақсат – қалаған нəтиженің психикалық көрінісі екенін біз бұрыннан білеміз. Сіз оны қағазға жазған кезде, ол растама (аффирмация) болады. Осылайша, ойлауды бағдарламалау, бейсанаға «түсіру принципі» бойынша жүзеге асырылады. Біз саналы, ерікті түрде түпкі нəтиженің жаңа қиялдағы бейнесін, ақылдағы ішкі сөз – ойды бейсанаға түсіріп, бекітуіміз керек.

Жүзеге асырғымыз келетін өзгерістердің барлығын тек өзіміз басқарамыз. Түсіру процедурасы үш кезеңнен тұрады:

1. Мақсатты растау.

2. Түпкілікті нəтижені көру.

3. Мақсатқа жетуге байланысты эмоциялар сезіну.

«Түсіру техникасы» туралы ешқандай түсініксіздік болмас үшін əр қадамды егжей-тегжейлі қарастырайық.

1. МАҚСАТТЫ РАСТАУ

Растау – бұл қазіргі уақытта жазбаша түрде расталған факт немесе сенімнің оң, жағымды, позитивті растамасы. Растама, мақсат қазірдің өзінде жүзеге асырылғандай болып жазылады. Қағазға растаманы жазу арқылы сіз бейсананы бағдарламалау процесін басқарасыз, қиял мен ақылды қалаған нəтижені көрсетуге итермелейсіз.

2. ТҮПКІЛІКТІ НƏТИЖЕНІ КӨРУ

Мақсатқа жету үшін елестетіп, қиялмен өмір сүріңіз. Сіз осы мақсатты жүзеге асыруға белсенді қатысатындығыңызды көруіңіз керек. «Конструктивті визуализация» деп аталатын бұл техниканың əрекеті репрессия (сананы айдау) принципіне негізделген. Сіз өмір мен өзіңіз туралы бұрынғы, пайдасыз ой-пікірді бейсанадан шығарып, оны жаңа ойлармен алмастырасыз. Есіңізде болсын, Бейсана бізді қиялмен бейнелейтін мақсатқа жетелейді.

3. МАҚСАТҚА ЖЕТУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЭМОЦИЯЛАР СЕЗІНУ

Бейсана сөздер емес, сезімдерге көбірек жауап береді. Эмоционалды реакцияның қарқындылығы ішкі тəжірибенің қаншалықты оң немесе теріс екендігімен емес, олардың қаншалықты жойқын екендігімен анықталады. Ой (сөз) бізге қаншалықты эмоционалды түрде жауап берсе, соғұрлым ол тезірек іске асады. Осылайша, эмоциялар мен тəжірибелер «түсіру процесінде» маңызды рөл атқарады. Өмірде растаудың іске асырылу жылдамдығы, жоспарланған мақсатты іске асырудың психикалық көрінісінің жиілігіне жəне эмоционалды қатысу дəрежесіне тең деп айта аламыз. Яғни аффирмация, визуализация мен ол тудырған эмоция жиірек қайталанған сайын, мақсатқа адам тезірек жетеді. Осыған қосымша, өзіңіз қалаған нəтижеге қалай жетуге болатынын елестетіп көріңіз, жеңіс қуанышын жəне осы жетістікке қанағаттану, көңіл толу сезімін сезініңіз.

Бейсанада жаңа ойлар мен ақыл-ой бейнелерін сəтті түсіру үшін барлық үш қадам қажет. Егер сіз жай ғана Растауды дауыстап оқысаңыз, жазсаңыз, тыңдасаңыз (мысалы мен диктафонға жазып, өзімнің мақсаттарыма байланысты құрастырған аффирмацияларды басқаның емес өз дауысыммен тыңдағанды ұнатамын) сəтті əрекеттердің үлесі шамамен 30% құрайды. Бейнелеумен бірге растау жағдайлардың 50% (жартылай бақыт) сəттілік əкеледі. Егер алғашқы екі қадам сіздің эмоционалды қатысуыңызбен толықтырылса, онда 100% табыс пен сәттілікке кепілдік беріледі!

РАСТАМАЛАР КҮШІ

6-тарауда біз бұл мəселені қозғадық. Неліктен Растамаларды қолдану соншалықты тиімді? Өйткені, көп мəрте қайталау, ойларды (сөздерді) бекіту, əсіресе қиялдағы бейнемен жəне эмоциялық тәжірибемен, жаңа бағдарлама, жаңа көзқарас, жаңа «Мен» қалыптастырады. Сайып келгенде, растау тұрақты сенімге айналады. Біздің басым наным-сенімдеріміз шындыққа айналып, жүзеге асырылатындықтан, растау – бұл шындықты өзгертудің кілті.

РАСТАМАЛАР (Аффирмациялар) ШЫНЫМЕН КӨМЕКТЕСЕДІ МЕ?

Мүмкін сіз Растауды пайдасыз жəне тиімсіз деп санайтын шығарсыз немесе теориясы жақсы, бірақ іс жүзінде уəде етілген нəтижені бермейді деп ойлайтын шығарсыз. Көптеген адамдар Растауды қолдануға тырысады, бірақ көп ұзамай бұл əрекетті тастайды. «Мен тырыстым, бірақ маған көмектеспеді!» – мен бұл сөйлемді көп адамнан естідім. Бірақ іс жүзінде растау көмектеседі. Өзіміз туралы айтылған нəрсе әрдайым қызықтырады. Егер сіз Растаманы қолдана алмасаңыз, неге олар сіз үшін «жұмыс істемеді» деп ойлағаныңызды түсіндіруге рұқсат етіңіз. Бұл өте маңызды, сондықтан назар аударған жөн. Растамалар тиімсіз болып көрінеді, өйткені оларды пайдалану барысында сіз бейсаналық түрде бір сəтті жіберіп алдыңыз. Сөздің шындығын өзіңіздің эгоңызға дәлелдей алмадыңыз. Проблема принциптің тиімсіздігінде емес. Егер сіз өзіңіздің ішкі диалогыңызды мұқият тыңдайтын болсаңыз, онда сіз Растаманы қайталаудың тиімділігі туралы нақты дəлелдер аласыз. Күні бойы біз өз наным-сенімдеріміз бен өмірлік ұстанымымыз туралы үнемі растамалар (сөздер) айтамыз ішке/сыртқа. Бұл растамалар бізді бүгінгі күнге дейін қалыптастырды, яғни бізге көмектесті немесе қалағанымызға жетуге кедергі келтірді. Позитивті растамалардан шынымен пайда алу үшін, олар біздің бейсанаға əсер етуі керек. Бұл ең үлкен қиындық. Өкінішке орай, көпшілігіміз растау арқылы қажетті жетістікке жете алмаймыз. Неліктен? Өйткені, өзімізге дауыстап айтқанымызды қайталай отырып, біз өзімізге өтірік айтамыз! Біздің растамаларымыз көбінесе «жалған» болып келеді. Біздің көптеген растамаларымыз біздің сенімдерімізге қайшы келеді, сондықтан олардың əрқайсысына бейсана кішкентай, бірақ өте маңызды түзету енгізіп, басқа растама жасайды. Бұл растама «қате көзқарас» болып табылады. Айталық, сіз өзіңізге: «Мен толықпын». Сіздің растамаңыздың соңында теріс мəні бар бір немесе бірнеше қате «көзқарастар» пайда болуы мүмкін. Мысалы: «Егер Мен салмақ жоғалтсам, мен бұл салмақты ұстап тұруым керек». «Егер Мен салмақ жоғалтсам, мені ұятсыз ұсыныстары бар ер адамдар мазалайды». «Егер Мен салмақ жоғалтсам, сүйікті тамағымнан бас тартуға тура келеді». «Егер Мен салмақ жоғалтсам, жаңа гардеробқа (киімдерге) ақша жұмсауға тура келеді». Бұл қате «көзқарастардың» тізімі шексіз. Əрине, оларды сіз ешкімге дауыстап айтпайсыз, өзіңіге ғана айтасыз, бірақ іс жүзінде олар растаудың көмектеспеуінің себебі – қате көзқарас» болып табылады.

ҚАТЕ «КӨЗҚАРАСПЕН» КҮРЕСУ

Біршама табандылық таныта отырып, сіз осы «қате көзқарастарды» жеңе аласыз. Егер растама бейсанада мықтап тұрса, оны жою оңай емес. Себебі ол сіздің өзіңіздің «Мен» бейнеңіздің негізі болып алған. Теріс «көзқарастар» (қара ойлар) бейсанаға салынып, сіздің шындығыңызды қалыптастыратын басым ойларға айналады. Қазіргі уақытта сізбен болып жатқанның бəрі, сіздің бейсана шындық ретінде қабылдаған, қазіргі көзқарастарыңызды ғана көрсетеді. Бұрынғы ойлар мен наным-сенімдерді жаңа растамалармен алмастыру үшін уақытпен айтарлықтай күш қажет. Бірақ жаңа оң көзқарастар ескі теріс көзқарастарды алмастырғаннан кейін, олар тұрақты жəне тиімді болады. Сіз бұрынғы мінез-құлқыңызға қайта орала алмайсыз, өйткені ол сіздің жаңа басым ойларыңызға сəйкес келмейді. Ішкі диалогты тыңдаңыз – сіз барлық жағымсыз «көзқарасты», теріс, алдамшы, қара ойлар естисіз. Бұл растамалар бүгінгі жағдайдың шеңберінен шығуға мүмкіндік бермейді. Көріп отырғаныңыздай, олар өте маңызды күшке ие. Сіз оларды күні бойы үнемі айтып отырасыз, нəтижесінде олар басым ойларға айналады, содан кейін шынайы өмірге ене бастайды. Қазіргі уақытта сіз жаңа ғана оқылған ақпаратты менімен келісу немесе келіспеу туралы шешім қабылдау үшін қазіргі сенімдеріңізбен сəйкестендіресіз жəне менімен оймен (сөзбен) күресуге дайындаласыз. Сіз өзіңізге: «Мен келісемін, бірақ бұл растау маған көмектеспейді» деп ойлайсыз. Егер солай болса, онда сіз, олар сізге көмектеспейді деп алдын-ала растайсыз жəне бұл сіздің шындыққа айналады және сіз одан пайда ала алмайсыз.

Сондықтан мен Растауды қолдану мінсіз жұмыс істейді деп айтамын. Мүмкін, бұл өзін-өзі гипноздаудың ең тиімді құралы. Бірақ оны өзіңіз үшін пайдалы пайдалану үшін қажетті нəтиже туралы шынайы растама жасаңыз. Егер сіз өзіңізді шындық туралы ойларыңызға сəйкес келмейтін ақпаратқа сендіруге тырыссаңыз, ішкі дауыс: «Бұл дұрыс емес. Сіз кімді алдауға тырысасыз?» дейсіз, бұл теріс «қөзқарас». Көп жағдайда қандай да бір Растаманы дауыстап айту арқылы, біз бұл сөздердің өтірік не жалған екенін есімізде сақтаймыз, оларды жазған, тыңдаған дұрыс. Сонда процесс мағынасын жоғалтпайды. Бейсана ештеңеге қарсылық білдіре алмайтындай етіп растау керек. Ең тиімді əдіс – растамада «Мен шешім қабылдадым» сөзін қолдану. Бірнеше мысал келтірейін. Қатты дауыстап айтыңыз: «Мен жылына 100 мың доллар табамын». Бұл – қате растама! Суммасын сіз шама-жағдай, байлық туралы сенім мен түсінікке қарай таңдайсыз. Енді айтыңыз: «Мен жылына 100 мың доллар табуды оңай жəне тұрақты шештім». Айырмашылықты сезінесіз бе? Тағы бір мысал. «Мен тартымдымын» деп айтыңыз. Бұл – қате растама. Енді айтыңыз: «Мен айналамдағы адамдар мені тартымды санайтындай шешім қабылдадым». Екінші растама сізге сенімдірек болып көрінбейді ме? Жəне тағы бір мысал. Дауыстап айтыңыз: «Менің кәсібімде клиенттерім көп». Бұл – қате растама! Енді өзіңізге айтыңыз: «Мен кәсібімде көп клиенттерге ие болу үшін бар мүмкіндікті жасаймын». Екінші растамада біршама айқындық пайда болады, солай емес пе? Осы Растауды талдаңыз. Əр жұптың қайсысы сенімдірек болып көрінеді? Қандай қарама-қайшылықты сезімдер тудырады? Қайсысы үйлесімділік пен сенімділік сезімін қалдырады? Əр мысалдағы екі растаманың қайсысы сізді өзіңізден: «Сіз кімді алдауға тырысасыз?» дейді. «Мен (кез-келген проблеманы) шешемін» сөзімен растау əдетте сенімдірек естіледі, сондықтан оны сенім арқылы қабылдау оңайырақ. Сонымен қатар, ол теріс «көзқарасқа» жол бермейді, сондықтан ол тезірек жəне тиімді əрекет етеді. Айырмашылықты шынымен түсінгеніңізге күмəн болмас үшін, тағы бір мысалды қарастырайық. Өзіңізге айтыңыз: «Менің жаңа сəнді көлігім бар». Бұл – қате растама! Егер сізде жаңа сəнді көлік болса, бұл сөзді басқа растамамен ауыстырыңыз. Бастысы – сіз қалаған нəрсе туралы растама жасау. Сіз бұл растаманы қалай қабылдадыңыз, өйткені сізде жаңа сəнді көлік әлі жоқ. Енді айтыңыз: «Мен жаңа сəнді көлікке ие болуды шештім». Екі тұжырымның қайсысы сізге сенімді болып көрінеді? Олардың қайсысы бейсанада бірден қарсылық білдіруге тырысады: «Сіз кімді алдауға тырысасыз?» дейді. Бірінші растаманы айту арқылы, бейсана түкпірінде, сіз, ең алдымен, күмəн тудырасыз. Енді қате растамаларға кезек берейік «Мен жаңа сəнді көлікке ие бола алмаймын» немесе «Егер көлігім менде болса ғой!». Егер сіз «Мен шешемін» деген сөздермен растауды бастасаңыз, онда бұл сенімдірек естіледі, өйткені бейсана жаңа сəнді көлікке ие болу үшін «шешім қабылдағаныңызға» қарсы тұра алмайды. Және шешім қабылдау міндетті түрде жедел әрекетке алып келеді. Сізге ақыл мен қиялға қысым жасаудың қажеті жоқ – сіз жай ғана әрекетсіз әрекетті жасайсыз ж/е көп ұзамай физикалық әрекетке көшесіз.

 

Сонымен, энергетикалық деңгейде сіздің тілегіңіз орындалды! Сіз жеке таңдау жасау арқылы қажетті күйге жету ниетін білдіресіз. Басқаша айтқанда, «Мен шешемін» сөзін растамаға қосу айтарлықтай əсер етеді, өйткені оны бейсана қабылдайды. Растау бейсана тарапынан қарсылыққа тап болмайтын өзін-өзі гипноздың қуатты құралына айналады. Мен бұл тəсілді өзімнің жеке «Жаман Ауруыммен» күресуде қолданамын жəне оның жоғары тиімділігіне үнемі көз жеткіземін. «Мен… шешім қабылдадым» Растауды шындыққа айналдырудың ең жақсы тәсілі – шын және әділ.

НӘТЕЖИЕЛІ ЖӘНЕ ТЕЗ ӘСЕР ЕТЕТІН РАСТАМАЛАР ҚҰРУ

Дұрыс Растау жасау процедурасы бірнеше қадамнан тұрады. Қадамдарды дұрыс түсіну қажет, өйткені олардан кірпіштен үй тұрғызуға болатыны сияқты қадам қадаммен оң, жағымды, позитивті нəтиже қалыптастыруға болады. Əр қадамды егжей-тегжейлі қарастырайық жəне олар сіздің өміріңізді түбегейлі жақсартуға қалай көмектесетіні туралы сөйлесейік.

1. РАСТАМА ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ЖАСАЛУЫ КЕРЕК

Растама қазіргі уақытта бекітілуі керек, өйткені бейсана қазірден басқаны білмейді, ол үшін өткен де, болашақ та жоқ, сондықтан сіздің растамаларыңыз өткенмен, болашақпен байланысты болмауы керек, тек қазіргі уақытпен, қазіргі сәтпен байланысты болуы керек. Бейсана өткенді де, болашақты қазір болып жатыр деп ойлайды. Сондықтан ерікті сана, ақылға өткен оқиғалар туралы үнемі ойланудың, болашаққа қате назар аударудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта Растаманы қолдану кезінде «бір күні», «жақында» немесе «ертең» сөздерін қолданбаңыз. Сіз өзіңіз айтқан жəне елестететін барлық нəрсені дəл қазір бейсана қабылдайтынына сендіруіңіз керек. Бұл дегеніміз, егер сіз оны қазіргі уақытта растайтын болсаңыз, онда ол өте тез іске асады, өйткені бейсана оны факт ретінде қабылдайды. Айта кету керек, біз растайтын жəне елестететін нəрсені қабылдау қабілетіміз оның қаншалықты тез орындалатынына байланысты. Біз шынайы өмірді, өзімізді қалай дұрыс қабылдаймыз барлығы соған байланысты. Қазіргі уақытта Растауды бекіте отырып, қазіргі сәтте не болып жатқанын түсінесіз жəне бейсана оларға дереу жауап береді.

2. РАСТАУ АРҚЫЛЫ, СІЗ ҚАЛАМАЙТЫН НƏРСЕ ТУРАЛЫ ЕМЕС, ӨЗІҢІЗ ҚАЛАҒАН НƏРСЕ ТУРАЛЫ АЙТУЫҢЫЗ КЕРЕК

Растамада жоғалту емес, алу фактісі көрсетілуі керек. Сіз неден аулақ болғыңыз келетіні немесе одан құтылғыңыз келетіні туралы айтпаңыз. Бұл сіз іздейтін нəрсе туралы болуы керек. Растау жəне бейнелеу өткенге емес, сіздің мақсаттарыңызға бағытталуы керек. Көптеген адамдар кері Растауды қолданады, яғни олар өздері қалаған нəрсені емес, өздері қаламайтын нəрсені талап етеді. Сонымен қатар, сіз өзіңіз қаламаған нəрсені емес, өзіңіз қалаған нəрсені сипаттауыңыз керек. Мысалы, бала кезіңізде анаңыз сізге: «сен дəрігер болуың керек», – деді. Сізде екі-ақ таңдау болды: не «керек», не «керек емес» деп қарсылық білдіру. Егер сіз өзіңіз дəрігер болғыңыз келмесе, онда ол сіз үшін «керек емес». Егер Растауды қайталау процесінде сіз біртіндеп ынта-жігеріңізді жоғалтсаңыз, бұл сіз шынымен қалаған нəрсе туралы емес, не істеу керектігі туралы сөйлесетіндігіңіздің нақты белгісі. Проблема мынада, көптеген адамдар өздері қалаған нəрсені білмейді, сондықтан оң нəтиженің орнына олар теріс растама жасайды. Көп жастардың өз қалауларын нақты айта алмайтындығына таңданбаймын, оларда тек еліктеуден туындаған қалаулар, себебі олар өздерінің шын қабілеттерін білмейді.

Адамдар қазіргі жағдайды өзгерту немесе жағымсыз әдеттен арылу туралы көп ойланады. Əдетте, олар «көбірек», «жақсырақ» жəне т. б. сияқты сөздерді қолдана отырып, қалағанын өзімен салыстырады. Мысалы: «Мен өзімді жақсырақ сезінгім келеді». «Мен өзіме көбірек сенімді болғым келеді». «Мен көбірек ақша тапқым келеді» жəне т.б. ойлар, бұл теріс пікір білдіруден гөрі жақсы болса да, мұндай растау адамды өзгертпейді, яғни «жақсырақ» немесе «көбірек» деу, салыстыруға назар аударады. Нəтижесінде, оң растауды қайталаудың бүкіл процесі өз мағынасын жоғалтады.

Рұқсат етіңіз бір мысалға. Адамнан қаламайтын нəрселер туралы сұрағанда, олар өз өмірлерінен жойғысы келетін нəрселер туралы егжей-тегжейлі айта бастайды. Мысалы: «Менің сүйіктім достарымен көп уақыт өткізгенін қаламаймын» немесе «Маған ұзақ сапарларға арналған жұмыс ұнамайды». Өйткені, олар өздері қаламайтын нəрсені нақты елестетеді, бірақ олар өздері қалаған нəрсені елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олардың барлық ойлары проблемаларға, олар қанағаттанбаған нəрсеге назар аударады. Өкінішке орай, осылайша сіз тиімді Растауды ешқашан бейсанаға бекіте алмайсыз. Үнемі қаламайтын нəрсені ойлау беру жадта сақталады және ол ойлар сізге зиян болады, ал қалайтын нәрсені ойлау қуаныш эмоциясын тудырады. Бірақ егер сіз қолайлы нəтижені елестете алсаңыз, оның мүмкіндігі əлдеқайда жоғары болады. Осылайша, егер сіз өзіңіз қалаған нəрсеге назар аудара алсаңыз, онда бұл – нəтиже болады. Неліктен бұл өте маңызды? Себебі бейсана компьютер сияқты жұмыс істейді. Өздеріңіз білетіндей, компьютер сөзбе-сөз «ойлайды», сондықтан қандай да бір сұранысты енгізу арқылы сөздерді мұқият таңдау керек. Бейсана мен сана бірдей əрекет етеді. Компьютер сияқты, олар барлық кіретін ақпаратты сөзбе-сөз қабылдайды. Шығу туралы ақпарат, яғни бұл жағдайда іс-əрекеттің түпкілікті нəтижесі команданың нақты растамасына байланысты болады. Егер біздің ішкі компьютеріміз нәтижені түсінбесе, ол не істеу керектігін білмейді! Сондықтан, егер сіз Растауда салыстыруды қолдансаңыз, мысалы, «жақсырақ/көбірек», онда бейсана бұл команданы түсінбейді. Ол үшін «жақсырақ» кез-келген нəрсені білдіруі мүмкін. Сондықтан, егер сіздің растауыңыз екі жақты болса, онда нəтиже де жақты болады (қалаймын/қаламаймын).

3. РАСТАУ НАҚТЫ БОЛУЫ КЕРЕК

Өздеріңіз білетіндей, сіз өзіңіздің тілектеріңізді дəл растауыңыз керек. Растауда «үлкенірек» немесе «жақсырақ» сияқты белгісіз салыстырулар болмауы керек. Өзіңіз қалаған нəрсені нақты айтыңыз. Мысалы: «Мен биыл бір айда 1 млн тг табуды шешемін». Ал енді екінші растама: «Мен биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда көбірек ақша тапқым келеді». Бірінші растама нақты (азық), ал екіншісі белгісіз (қоқыс). Бейсана түсініксіз командаларды түсінбейді. Егер сіз жылына 10 млн тг тапқыңыз келсе жəне «Мен биылғы жылы былтырғыға қарағанда көбірек ақша тапқым келеді» деп айтсаңыз, бейсанада «көбірек» деген не екендігі туралы түсінік жоқ, сіз 10 млн тг емес 10 мың тг табасыз! Бұл Факт! Сонымен қатар, бейсананы бағдарламалау кезінде «өркендеу» немесе «молшылық» сияқты сөздерді қолданбауға тырысыңыз. Ол мұндай абстрактілі ұғымдарды түсінбейді, өйткені олар нақты емес. Сіз қандай ақша алғыңыз келетінін нақты көрсеткен дұрыс. Алдыңғы мысалды еске түсіріңіз. Біз айттық: «Мен биыл 10 млн теңге табуды шешемін». Ал енді басқаша: «Мен қаржылық өркендеу мен молшылыққа жетуді шешемін». Нəтиже сіздің өзіңіз туралы ой-пікір тұрғысынан нақты көрінуі өте маңызды. Асыра айтпаңыз немесе төмендетпеңіз. Айқын елестетіп, содан кейін, қол жеткізуге қабілетті болуы тиіс бейсана, мақсатты ешқандай қарсылықсыз қабылдайды. Мұның бəрі қабылдауға байланысты. Сіз қанша ақша қабылдай аласыз? Ақша көп тапқан сайын, оны көп жұмсау керек болады.

Егер сіз салмақ жоғалтқыңыз келсе, онда нақты салмақты көрсетіңіз. «Мен 60 келіге дейін салмақ тастағым келеді… (мерзімін көрсетіңіз)». Егер сіз жақсы ата-ана болғыңыз келсе, «Мен жақсы ана/әке болуды шешемін» деп айтпаңыз. Бұл қалаған нəтиженің нақты бейнесін елестетуге көмектеспейді. Айтыңыз: «Мен күн сайын балама сенімді болуға көмектесу үшін он минутты бөлуді шешемін», «Мен күн сайын он минутты балама ата-ана махаббаты мен қолдауын сезінуге көмектесуді шешемін» немесе «Мен баламды əділ, берік жəне табанды түрде тəрбиелеуді шешемін».

«Мен футболды жақсы ойнаймын» деген растау да көмектеспейді. Әр футболшы алаңға шығардың алдында дәл осылай айтады, бірақ бәрі бірдей жақсы ойнап шықпайды, бір команда жеңілуі де мүмкін. Өз техникаңыздың қандай құрамдас бөліктерін жақсартқыңыз келетінін нақты көрсетіңіз – допты бақылауды ұстау, пасты дұрыстап беру, соққыны дәл воротоға қарай бағыттау, тез шаршамау, жылдамдықты көбейту. Белгілі бір тапсырманы орындау үшін қажетті барлық қасиеттер мен дағдыларды бөлек талдаңыз. Əр техниканы немесе қадамды компоненттерге бөліңіз. Бұл туристік агенттікке билет алу үшін келумен бірдей. Сіз қайда бара жатқаныңызды нақты білуіңіз керек. Дəл тұжырымдау өте маңызды. Нақты және анық адам болыңыз.

4. РАСТАУ ЭМОЦИОНАЛДЫ РЕАКЦИЯ ТУДЫРУЫ КЕРЕК

Сезім мен эмоцияны сезінетін сөздерді қолданыңыз, өйткені бейсана эмоционалды тəжірибеге дəл жауап береді. Ең нəтижелі сезімдердің бірі – қуанышты толқу. Растау мүмкіндігінше ынта-жігермен, талпыныспен болуы керек. Кейбір адамдарда белгілі бір сөздер күшті эмоциялар тудырады, ал басқаларын мүлдем бей-жай қалдырады. Əркім өзіне сəйкес растаманы табуы керек. Сізге қуаныш, ынта, талпыныс тудыратын сөздерден растау жасаңыз. Әсерлі эмоцияларды бастан кешіретін кез-келген сөздер немесе тіркестер бейсанаға үлкен əсер етеді. Əдетте, тəжірибе неғұрлым көп болса, соғұрлым тезірек өзгерістер болады. Позитивті растамада ынталандыру, мотивация болуы керек. Неліктен? Себебі «жансыз» растау іш пыстыратын, жалықтыратын сияқты: сіз оған назар аудармайсыз жəне ол қалаған нəтиже бермейді.

Өнім немесе қызмет жарнамасын жасайтын маркетологтың негізгі міндеттерінің бірі – қалайда сатып алушылардың назарын аудару. Ойланып қарасақ, растама – бұл да өз кезегінде жарнама арқылы бейсанада эмоция тудыру. Сіздің мақсатыңыз – шынымен қалаған нəтижеге өзіңізді сендіру. Басқаша айтқанда, сіз «сатып алуыңыз» керек жəне оның құнын төлеуіңіз керек – сіз шындыққа айналдырғыңыз келетін нəрсені растауыңыз керек. Бұған растама ықпал етеді, онда қолданылатын сөздер мен тіркестер сізді «ойландыруы» керек. Сын есімдерді мұқият таңдап алыңыз, өзіңізді күшті ынта-жігермен толтыру үшін тартылысты қолданыңыз. Содан кейін адам, магнит сияқты өзіне қажетті нəтижені тартады. Өз-өзіне деген сенімділікті сақтай отырып, мақсатыңызға батыл жетуге көмектеседі. Жалпы алғанда, растау соншалықты жігерлендірілуі керек жəне сіз оны қайта-қайта қайталағыңыз келетіндей етіп ұнатып қалауыңыз керек. Мысалы: «Мен өз өмірімді оңай жəне қуанышпен басқарамын». Растамада «оңай» сөзін қолдану арқасында бəрі əлдеқайда жеңілдейді. Сіздің ойыңызға тапсырма қиын болып көрінген кезде, сіздің бейсанаңыз оны орындауға қарсы бола бастайды. Бірақ егер сіз өзіңізге бәрі «оңай» деп шешсеңіз, бұл сізге артық күш пен уақыт жұмсамауға, проблемаға жеңіл қарауға көмектеседі, содан кейін сіз қалаған нəтижеге əлдеқайда ертерек қол жеткізесіз. «Оңай» деген сөзді кез-келген іс-əрекетке қолдануға болады. Мен өзім оны өз растамаларымда, «Жаман Аурумен» күресуде қолданамын, бұл менің жағдайымның нəтижесіне жағымды əсер етеді. Соңғы нəтижеге жету жолы əлдеқайда қысқа жəне қарапайым болады. Тағы бір пайдалы әрі зиянды сөз – «лəззат». Мысалы: «Мен күнделікті спортпен шұғылдануды таңдаймын, себебі ол маған ләззат сыйлайды». Немесе: «Мен құмар ойынына тәуелді емеспін, мен одан жай ғана ләззат аламын»

«Мен өз бизнесім үшін жаңа идеялар ойлап табудан лəззат аламын». Біз қуанғанды жəне лəззат алғанды жақсы көреміз. Біз əрқашан жағымды сезімдер əкелетін нəрсені жиі жəне жиі жасағымыз келеді. Келесі әдетте жарнамада қолданатын сөздер сіздің растауыңызды тартымды етеді: «ыңғайлы», " сенімді», «қауіпсіз», " жылдам», «тегіс», «жағымды» жəне т.б. сезімдерді тудыратын осы немесе басқа сөздерді қолдана отырып, сіз өз мақсаттарыңызды, өзіңіз қалаған нəрсені жүзеге асырудың жаңа тəсілдерін сөзсіз тартасыз. Есіңізде болсын, сіз өзіңіздің өмір атты фильміңіздің сценарийін өзіңіз жазып жатырсыз, оған режиссер болып растамалар қолданып жатырсыз, оператор болып бейнелеп жатырсыз, сосын продюссермен бірге тамашалап эмоция алып жатырсыз, сондықтан оны өзіңіз қалағандай жасаңыз.

5. РАСТАМА ЕҢ ҮЗДІК НӘТЕЖИЕГЕ БАҒЫТТАЛУЫ КЕРЕК

Растауды сіз елестете алатын бизнестің ең қолайлы нəтижесін сипаттауға тырысыңыз. Сіз жаңа пəтер алғыңыз келеді делік. Егер сіз жай ғана «жаңа» сөзін қолдансаңыз, ол кішкентай, лас, шулы нашар пәтер болады. Растау жұмыс істеді, өйткені бұл пəтер сіз үшін əлі де «жаңа» болды, бірақ мұндай жағдайда өмір сүру өте ыңғайлы емес… Мұндай растама əлдеқайда жақсы əсер етуі мүмкін: «Мен күн шуақты, кең, тыныш, жақсы күтілген пəтерде тұруды қалаймын, шешім қабылдадым». Бұл растама əлдеқайда жағымды нəтиже береді.

 

6. РАСТАУ ОҢ, ЖАҒЫМДЫ, ПОЗИТИВТІ БОЛУЫ КЕРЕК

Біз үшін ақпаратты қабылдау кезінде бейсана теріс, жағымсыз, негативті растамалардан аулақ болып, мəн бермеуі керек. Бейсанаға қандай да бір ақпарат беру немесе оған қандай да бір растамалар бекіту кезінде, сіздің мүмкіндігінше ойларыңыз (сөздеріңіз) жағымды, оң, позитивті болуы керек. Мұндай сөздерді қолданбаңыз: «жоқ», «мүмкін емес»,» ешқашан» жəне т. б. Теріс растаманың мысалы: «Мен енді бас ауруын сезінбеймін». Оны жағымды етіп ауыстырған дұрыс: «Мен тыныштық пен жақсарып келе жатқанымды сезінемін». Көбінесе біз теріс нəрсеге назар аударамыз, оның салдарын өзіміз түсінбейміз. Сондықтан сіз өзіңіздің растауыңызды бекіткен кезде, жоғарыда айтылған сөздердің жоқтығын тексеріңіз. Қажетті нəтижеге сəтті қол жеткізу осыған байланысты.

7. РАСТАУ ЖЕКЕ БАСҚА ҚАТЫСТЫ БОЛУЫ КЕРЕК

Позитивті растама бірінші адамның ішінде расталуы керек. Біз тек өзіміз үшін ғана шешім қабылдай аламыз жəне басқа ешкім үшін шешім қабылдай алмаймыз. Басқа адамдардың өзгеруіне үміттеніп немесе біздің қалауымызға жақпайтын адамдарды өзгертуге тырысып, қажетті нəтижеге жету мүмкін емес. Сіз өзіңіздің бағынышты пірлеріңіз (табынушыларыңыз: фанат, кумир, гик) үшін ештеңе шеше алмайсыз, бірақ растау арқылы өзіңізді өзгерте аласыз, соның арқасында сіздің де табынушыларыңыз пайда болады.

Егер сіз өз достарыңызбен, отбасыңызбен немесе қызметкерлеріңізбен ортақ мақсатта жұмыс жасасаңыз, «біз» деген сөзден Растаманы бастауға болады. Бұл жағдайда ұжымдық нəтиже үшін де, жеке үлесіңіз үшін де растама жасалады. Табыс пен сәттілік үшін екеуі де бірдей маңызды. Бірақ сіз басқа адам үшін ештеңе талап ете алмайтыныңызды ұмытпауыңыз керек. Сіздің қолыңыздағы барлық нəрсе – сіздің мінез-құлқыңызды өзгерту жəне сол арқылы достар, серіктестер, отбасы, клиенттер жəне басқа адамдар тарапынан жағымды реакцияны ынталандыру. Сіз кез-келген өзгеріс іште өтуі керек екенін жақсы білесіз деп үміттенемін. Адам өмірі – бұл ең алдымен оның ішкі тəжірибесі. Жалпы растау бұл эгоцентристік (эгоизмнің жоғарғы дәрежесі) болып көрінуі мүмкін, бірақ біз өзімізге ие емес нəрсені басқаларға бере алмаймыз. Мысалы ақшаңыз жоқ болса сіз қаржылай көмек көрсете алмайсыз, елдің батасы мен мақтау сөздерін ести алмайсыз.

Сіз басқаны өзгерте алмайсыз, бірақ сіз басқаға деген көзқарасты ғана өзгерте аласыз. Өзгерістен шабыттанып, сіз де өзіңізді жақсы жаққа өзгерту туралы шешім қабылдаған боларсыз, бірақ менің өзгерістерім менде, сіздікі өзіңізде басталуы керек. Көбінесе, растаудың көмегімен адамдар өзгелердің мінез-құлқын өзгертуге тырысады, өйткені олар оған əсер ету құқығын бар деп ойлайды. Мысалы біз, біреудің бізге басқаша қарағанын қалаймыз: «Мен… мені жақсы көретінін білемін». «Мен клиенттерімнің мені өз ісінің ең жақсы маманы деп санайтынын білемін». «Мен… мені түсінеді деп ойлаймын». Кейде біз басқа адамға қандай да бір қиындықтар (қарғыс) тілейміз: «Мен… менімен қалай қарым-қатынас жасағаны үшін мен оны жазалаймын», «Оның өмірде жолы болмай қалсын». Кейде, керісінше, адамға жақсы нəрсе болғанын қалаймыз: «Мен… тезірек сауығып кетуін тілеймін». Соңғы растама өте жағымды жəне прагматикалық болып естіледі. Əрине, басқа адамға жақсылық тілеудің еш жаман жері жоқ, бірақ мұндай растау да мінсіз емес.

Жалпы біз басқа адамның өміріне араласпауымыз керек. Себебі ол сізден басқа сенімге бағынады. Оның сеніміне келісесіз бе, жоқ па, ойлануға тұрарлық. Шын мəнінде, біз басқа, бізбен бірге тұрмайтын адамның қалай өмір сүретінін білмейміз, бірақ оның өсу мен даму жолына әлеуметтік желі арқылы баға береміз, сондықтан ол күшті ж/е керемет адам болып көрінсе де, оның есебінен ешқандай нақты растама жасай алмаймыз. Сонымен қатар бұл, растаудың мəніне қарсы келеді ‐ өйткені олар бізге өзіміз қалаған нəрсеге қол жеткізуге түк қатысы жоқ. Егер біз басқа адамға жақсы дұға тілегіміз келсе, ол үшін не жақсы, қайырлы, берекелі екенін білмейміз. Растаудың соңында келесі сөйлемді қосу жеткілікті: «…егер бұл (саған) арты жақсы болса, онда … (адамның атын көрсетіңіз)». Осыған сəйкес, тезірек қалпына келуі керек науқас үшін жоғарыда аталған Растаманы келесідей қайта құруға болады: «Мен… жақсарғанын қалаймын, егер оған бұның арты қайырлы, берекелі болса бұл оның жақсы пайдасына болса». Осылайша, сіз осы немесе басқа адам үшін не жақсы екенін шешуге құқығыңыз жоқ екенін көрсетесіз, бірақ сонымен бірге оған ең жақсысын тілейтіндігіңізді көрсетесіз. Біз басқа адамдар үшін, олардың өмірінің табиғи бағытына араласпай, оң, жағымды, позитивті растама – дұға-тілек жасауға мүмкіндігіміз бар. Мысалы, жоғарыда келтірілген растамалардың біріншісін келесідей өзгертуге болады: «Мен… мені жақсы көретінін сеземін». Бұл жағдайда сіз оның мінез-құлқына реакция жасайсыз. Бұл сіздің бақылауыңызға сəйкес келеді. Бұл растамалардан сіз өзіңізді бақытты сезіну үшін басқа біреуден өзгерісті күтуіңіз керек емес, себебі сіз ортаға тәуелді емессіз.

Тағы бір мысал: «Мен бастықтың еңбегімді бағалауын қалаймын». Мұндай растау қолайсыз, өйткені ол сіздің бастығыңыздан мінез-құлқын өзгертуді талап етеді. Ұмытпаңыз, сіз басқа адамдарды өзгерте алмайсыз. Алайда, сіз өз растамаңызды қайта жаза аласыз: «Бастық менің еңбегімді бағалайтынын сеземін». Бұл жағдайда сіз жағдайды басқара аласыз. Сонымен қатар бұл растау, бұрын-соңды байқамаған бастықтың, сізге оң көзқараспен назар аударуға мəжбүр етесіз. Нəтижесінде сіз қарым-қатынасыңыздың осы аспектісіне назар аударасыз және сол үшін барлығын жасайсыз. Біздің ойларымыз неге бағытталған, біз соны аламыз!

Басқа адамға жамандық тілейтін немесе қандай да бір əділетсіздік немесе реніш үшін кек іздейтін растаудың бірнеше мысалын келтірейік. «Мен… менімен жасаған əрекеті үшін жазасын беремін». Немесе: «Мені… ренжіткені үшін қарғаймын». Сіз бұдан теріс энергия аласыз, сонымен қатар, мұндай растамалар сізді ренішке назар аударуға мəжбүр етеді. Егер сіз өзіңізді ренжіткен, жамандық жасаған т.б. ұмытып кетуге немесе миыңыздағы қылмыскерді кешіруге көмектесетіндей етіп растамаларыңызды қайта жазсаңыз жақсы болады. Мұны істеудің жалғыз жолы – шындықты қабылдауды өзгерту. Мұндай растау əлдеқайда пайдалы жəне тиімді болар еді: «Мен бұдан былай өкпе-реніш ж/е басқада жағымсыз сезімдерді қабылдамаймын». Немесе: «Мен бұл өкпе-реніштің, əділетсіздіктің салдарынан арылуды шешемін». Осындай шешім қабылдай отырып, сіз өзіңізді кек алу ниетінен босатасыз. Егер сіз бұл туралы ойласаңыз, онда кешірудің шынайы себебі – ауыр уайымнан құтылу, жан тыныштығы мен өмір үйлесімін қалпына келтіру. Мидағы құқық бұзушыларды кешіру туралы ақылмен шешім қабылдаған кезде, жан тыныштығы автоматты түрде қалпына келеді. Сонымен қатар, сіз кек алу ниетінен арыласыз жəне басқа адамның өміріне теріс назар аударуды тоқтатасыз. Біз үшін өткен қаншалықты ауыр болса да өзгерте алмаймыз, бірақ оны қалай емдеу керектігін əрдайым шеше аламыз жəне сол арқылы рухани жараларымызды сауықтыра аламыз. Алла бізге жəрдемші болсын!

8. РАСТАУДА САЛЫСТЫРУЛАР БОЛМАУЫ КЕРЕК

Есіңізде болсын, растау сізге жеке қатысты болуы керек. Сондай-ақ, сіз бəсекелесетін ешкім жоқ екенін түсінуіңіз керек. Біз бұл əлемге бір-бірімізбен бəсекелеспей, жалпыға ортақ игілік үшін, жасампаздық үшін келеміз. Бəсекелестік – бұл өзін-өзі дəлелдеуге, өзін-өзі бағалауды арттыруға тырысу. Сіздің жалғыз бəсекелесіңізсіз өзіңіз ғана бола аласыз. Сіздің басты мақсатыңыз өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу болуы керек. Өзіңізді, өзіңізден жоғары деп санайтын адаммен салыстыруға тырысқанда, сіз əрқашан өзіңізді нашар сезінесіз, бұндай жағдайды әсіресе әлеуметтік желілерде байқауға болады. Өзіңізді, өзіңізден төмен деп санайтындармен салыстыра отырып, сіз жалған артықшылық сезімін сезінесіз жəне ерте ме, кеш пе «олар менен озып кетіп жүрмесін» деп өмір сүресіз. Ешқашан сіз басқа біреуге «артық» немесе «кем» деп айтпаңыз. Сіз «Мен біздің компаниямыздағы ең жақсы маркетологпын» деп айта аласыз, бірақ бұл ештеңе білдірмейді, өйткені əріптестерім менен де жоғары кəсібилікпен ерекшеленуі мүмкін. Əрқашан белгілі бір қызмет саласында сізден артық немесе кем адам болады. Қалай болғанда да, салыстыру мағынасыз. Сіз жетістіктеріңізді қадағалауыңыз керек. «Мен олардан үйрене аламын». Бұл салыстыру емес. Сіздің өз сапаңызға дұрыс баға беріңіз жəне бұл пайдалы болуы мүмкін. Өз-өзіңізді бақылаңыз, растаманы дұрыс таңдаңыз, уақытыңызды жеткілікті ұйымдастырыңыз ж/е осының бәрі сізге ұнаса, бейсананы бағдарламалауды дұрыс жасайсыз. Қолданыстағы сəтті растау əдістерін ақылмен игеріңіз. Бірақ мен тағы қайталайын: біз өзімізді бір-бірімізбен салыстырмауымыз керек. Біз ұмтылуға тиіс құндылықтар – бұл жасампаздық пен шығармашылық жəне өзін-өзі жетілдіру.

Рейтинг@Mail.ru