bannerbannerbanner
полная версияКүзгі романс

Серік Асылбекұлы
Күзгі романс

Сюзана, тағы да қайталап айтам, бұ дүниеде арамдық, адалдық деген ештеңе жоқ» Адамдардың мүдделері деген ғана бар!.. Сондай-ақ, тіршілікте таза арам адам, адал адам деген жоқ. Күшті адамдар, әлсіз адамдар деген ғана бар. Алдыңғылар – аз, соңғылар – көп, құмырсқалар секілді өріп жүр. Соңғылар алдыңғыларға қызмет ету үшін жаралған. Мен, мәселен, өзімше шартты түрде, әрине, – алғашқыларды қасқырлар, соңғыларды топас қойлар деп атаймын. Өзің жаратылысқа қарашы: қойлар не үшін жаралған? Әрине, қасқырларға жем болу үшін. Осы әділетті ме? Жоқ, әділетті емес. Бірақ қатал шындық – осы, ақиқат – осы, өмірдің заңы – осы. Табиғатқа, жаратылысқа ештеңе істей алмайсың, сондықтан оның заңдарына тек қана бағыну керек, онымен үйлесу керек. Депутаттар мен жазушылардың, журналистердің, саясаткерлердің ертегілеріне емес, табиғатқа сену керек, өйткені ол бәрінен де дана. Сондықтан мынау күнаһар тіршілікте біздің, адамдардың алдында бір-ақ таңдау бар: не қой болып қасқырларға жем болу, не қасқыр болу. Сюзанна, түсінемісің, менің қой емес, қасқыр болғым келеді!..

Қойларды әлеуметтану ғылымының терминімен айтқанда тобыр десек те болады. Бұл – солардың екінші аты. Есіңде ме, сол тобыр жөнінде өзің пір тұтатын ақын Абай, ұстаз Абай не деуші еді?

Сюзанна. Иә, айта берші…

Әлібек.Айтсам, Абай былай дейтін: «Сократқа у ішкізген, Ионна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – тобыр, ендеше тобырда ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал».

Сюзанна. Ұмытпасам, Абай тобыр емес, көп дейтін сияқты еді ғой…

Әлібек. Жарайды, солай-ақ болсын. Көбі не, тобыры не, – сайып келгенде, екеуі бір-ақ нәрсе емес пе?! Кейбіреулер оларды халық деп те атайды. Меніңше, сол үшеуінің ішіндегі олардың нақты мазмұнын дәл бейнелейтіні – осы тобыр. Себебін айтайын. Тыңда. Мәселен, қазаққа, көпке, халыққа жаны ашып, шын көңілмен, бар ынты-шынтымен қызмет еткен адам сол Абайдай-ақ болар. Келісесің бе осыған? Келісесің. Ал сол көп, Сол халық Абайды қайтті? Өмірінің соңында «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» деп көкірегін шерге толтырмады ма, « Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп кейінгі ұрпағына мұңын шақтырып, бебеулетпеді ме? Кешір турасын айтқаныма, сен сүйегіңді сол тобырмен, сол көппен бірге шіріткің келе ме?

Рас, клісем, бақытты өркениетті қоғамның кепілі – әділет пен шындық, демократия. Бірақ сол әділет пен шындық, демократия өз аяғымен қазаққа құлдық ұрып, жүгіріп келмейді, ол үшін бейнеттеніп еңбек ету керек, тер төгу керек, тіпті қажет болса, алысып, арпалысу керек. Бірақ сенің көбіңнің, қазағыңның әділет пен шындықтың қоғамда салтанат құруы үшін тер төкпек түгіл шөп басын сындырғысы да жоқ. Оларға бәрін біреулер жасап беру керек сияқты, ал жасап берсе, дайын асқа тік қасық бола қалмақшы. Қазір де олардың түсінігі баяғы Абай заманындағыдан көп ұзап кете қойған жоқ. «Бермесе де, бай жақсы, Жемесе де, май жақсы» «Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап». Міне олардың ең басты өмірлік принциптері. Сондықтан мен мынау азғантай ғұмырымды олармен бірге қор қылып өткізгім келмейді.

Менің күшті болғым, қасқыр болғым келеді!.. Сюзанна. Біле білсең, адалдық, анау-мынау, пәлен-пәштуан деп мораль соғатындардың бәрінің де күшті болғысы келеді. Бірақ бойларында күштілерге лайық қайрат жоқ, сонан соң малтасын езіп, отырғандары. Жалпы, мораль – әлсіздердің, топас қойлардың қорғаны, солардың шындықтан қашып барып паналайтын жұлым-жұлым жыртық күркесі.

Сюзанна. Әлібек, болдың ба айтарыңды айтып.

Әлібек. Болдым. Саған айтарым көп сияқты еді, алайда бүгінге осы да жетер.

Сюзанна. Онда мені өзімнің жыртық күркемде қалдырып, жөніңе жүре беруіңді сұраймын. Біз екеуміз бір-бірімізге ұқсамайтын мүлде бөтен жандармыз. Мен бүгін осыны бұрынғыдан айқынырақ сезіп тұрмын.

(Осы кезде есіктің қоңырауы шар ете қалды да, іле-шала сырттан Сайлау кіріп келеді).

Сайлау. (Қолындағы сағатына қарап). Ровно жиырма минут!..

Осыны айтады да, киім ілгішке плащын іліп, төрге қарай озады.

Сюзанна. (Жардағы сағатқа көз салып). Иә, жиырма минут. Мана Сайлау кеткенде сағат 6-дан жиырма минут кеткен болатын. Қазір алтыдан қырық минут кетті…

Әлібек. (Сюзаннаға бұрылып). Бұл енді кеті кезегі сенікі дегенің ғой? (Сюзанна үнсіз. Әлібек қипақтап шамалы тұрады да, Сюзаннадан жауап болмағаннан кейін, киім ілгіштен плащын алып киіне бастайды).

Әлібек.(Киініп жатып, Сайлауға бұрылып). Айтпақшы, бұл Сіздің нешінші рет бақытыңызды сынауыңыз? Әдетте, әртістер, режиссерлар, сол секілді басқа да қиялилар кемінде төрт-бесрет үйленбей тыныштық таппаушы еді?

Сайлау. Құдай сақтасын, мен өзіңіз секілді екінші рет бақытымды сынаумен тоқтаймын. Уәдем – уәде.

Әлібек. Сендердің уәделеріңе сенуге болмайды! Айтатындарың да, жазатындарың да, көрсететіндерің де шылғи өтірік. Сендер үнемі осылайша өтірік әлемінде өмір сүресіңдер. Және жайларыңмен жүрмей, басқаларды да сол жалған әлемдеріңе сүйрейсіңдер! Сөйтіп тып-тыныш жатқан жұртты дүрліктіресіңдер! Сондықтан да қоғамның тынышын алмас үшін сендерді мына өмірден әлеуметтік тип ретінде мүлде жою керек, білдің бе?!.

Сайлау. (Басын шайқап). Менің бұрынғы әйелім де солай дейтін.

Әлібек. Онда ол ақылды әйел екен.

Сайлау. Иә, сен секілді өте ақылды адам. Ол да сен секілді іскер.

Әлібек. Бұл не, кекету ме? Сайлау. Жоқ, имандай шыным.

Әлібек. Біле білсең, дүниені ұстап тұрған – мына біздер, іскер адамдар. Біз сендер секілді арамтамақтарды киіндіреміз, ішіндіреміз. Халыққа жұмыс тауып береміз.

Сайлау. Және сол халық бейшараның соңғы тиын-тебеніне дейін алдап-сулап қағып аламыз дегенді қосуды ұмытпа.

Әлібек. Қағып аламыз ба, жоқ па, ол – біздің шаруа. Ал сендер ше? Сендер нағыз кещенің өздерісіңдер. Айталық, Совет үкіметі сендер секілділерді әртіс, режиссер, суретші, тағы немене еді… иә, жазушы, тағы сол секілді пәлен-пәштуандарды әспеттеудей-ақ әспеттеді кезінде. Мыңдап, он мыңдап гонорартөледі. Қазынадан пәтер берді. Сендердің кещеліктерің сол – сөйткен Совет үкіметіне де опа бермедіңдер ғой жан-жағына жабыла түртпектеп. Ақырында не болды, айтшы!.. Ақырында жалаңаяқ, жалаңбұт қалдыңдар, міне!.. Тоқтай тұрыңдар – сендерге бұл әлі аз! Көресілерің алдарыңда!.. біз әлі сендердің көздеріңе көк шыбын үймелетіп, алдымызға құрдай жорғалатып қоямыз. Біз дәл осылай етеміз!.. Сонда көрермін мен сендердің әуселелеріңді!..

Сайлау. Солай де…

Әлібек. (Тістеніп). Иә солай!..

Сайлау. Жарайды, Айтатыныңды айтып болсаң, әне, есік ашық. Сендердің әрбір минуттарың қымбат қой, енді бос әңгімемен уақыт алмайық.

Әлібек. Әй, шілтиген неме, сен мені үйретпе, білдің бе!..

Сайлау. Үйретіп тұрған мен емес, сен шығарсың.

Әлібек. Мен саған үйреткеннің қалай болатынын көрсетем қазір!..

Әлібек жүгіріп барып, Сайлаудың жағасынан ала кетеді. Сайлау оның қолын қағып жіберіп, жұдырықпен бір переді: екі еркектің алқын-жұлқын алыс-жұлысы басталады да кетеді. Алғашында оларға бірер минуттай сырттай жайбарақат көз салып тұрған Сюзанна мәселенің тым шиеленісіп бара жатқанын көзі жеткеннен кейін, айқайлап жібереді.

Сюзанна. Тоқтатыңдар! Бұл не деген бассыздық!..

Бірақ бұл – еркектерге шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Не істерін білмей дағдарысқа ұшыраған Сюзанна жан-жағына алақтап сәл-пәл тұрады да, кенет оның есік алдында жарға сүйеуілі тұрған швабраға көзі түсе кетеді. Ол жалма-жан шваброны екі қолымен ұстап, екі еркектің арасына барып килігеді. Сюзанна қолындағы «қаруын» бір-екі рет оңды-солды сілтеп қалады: шваброның сүйретпесі Сайлаудың шекесін сүйкеп өтеді де, сабы әлібектің ернінің ұшын жырып кетеді. Алайда, еркектердің алыс-жұлысы бұдан кейін күшейе түспесе, бәсеңдей қоймайды. Салы суға кеткен Сюзаннаның назарына енді телефон аппараты ілігеді. Ол еркектерге қыр көрсеткендей аспай-саспай жай басып барып, қолына телефонның трубкасын алады да, жайбарақат қалыппен оны тере бастайды.

Алло-алло! Бұл полиция ма? Алло, полиция!..

Жанжал су сепкендей сап тыйыла қалады. Төбелесті тоқтатудың ең тиімді әдісіне ие болған Сюзаннаның даусы енді өктем шыға бастайды.

Мен сендермен ойнап тұрғам жоқ – қазір полиция шақырам! Не боп кеткенсіңдер? Осы күнгінің еркектері ең болмаса дұрыстап төбелесе де алмайды екен ғой өзі!.. Алло!.. Алло!..

Әлібек. Жарайды, болды енді. (Ерніндегі болмашы қанды сүртіп жатып). Мына шілтиген немең ғой… Әуелі…

Сайлау. Жарқыным, тіліңді тарта сөйле!

Сюзанна. (Телфон трубкасын қолына қайтадан алып). Әлібек, енді кетсеңші. Сенің салған лаңың бір кісіге жетерліктей болған жоқ па осы кезге дейінгі?!

Әлібек амалсыз қалыппен сыртқы есікке қарай беттейді.

Әлібек.(Бір қолымен сыртқы есіктің тұтқасын ұстаған қалпы Сюзаннаға бұрылып). Ал, қош!.. Ана тыртиған немең сенің бақытқа қарық қылса, көрермін. (Енді екеуіек кезек көз салып). Бірақ естеріңде болсын – житья вам от меня не будет, это я вам твердо обещаю!..

Сайлау. Жарайды-жарайды! Қолыңнан келгеніңді аяма!..

Әлібек үйде қалып бара жатқан екеуге соңғы рет кектене бір көз салады да, есікті тарс жауып, шығып кетеді. Үйде қалған екеу екі-үш минуттай үнсіз қалады. Аздан соң Сюзанна асханаға өтіп, сондағы орындықтардың біріне сылқ етіп отыра кетеді де, екі иығы бүлкілдеп, үн-түнсіз жылайды. Сайлау келіп, оның иығына қолын салады.

Сайлау.Сюзанна, жыламашы. Болды енді… Мен тұрғанда саған түк те болмайды.

Сюзанна жылауын тоқтатпайды. Сайлау оның иығынан қолын алып, терезенің алдына барып тұрады.

Сюзанна, ештеңеден қорықпа дедім ғой. Оныкі – құр қоқанлоқы.

Сюзанна. (Жасын сәл-пәл тыйып, ықылық атып). Мен түктен қорқып отырғаным жоқ. Мәселе басқада емес пе?

 

Сайлау. Неде?

Сюзанна. Сайлау, осы неге адамдар бір-біріне өш. Татуласудың, қауымдасудық орнына қит етсе, бір-бірлеріне жауығып шыға келеді? Мынау өмірдің мәні осында ма сонда?

Сайлау. Мынауың енді қиын сұрақ екен. Дегенмен, меніңше, өмірдің мәні мүлде басқада…

Сюзанна. Неде сонда?

Сайлау. Махаббатта, бақытта…

Сюзанна. Ал адамдардың бақытты болуына, олардың бір-бірін жақсы көруіне жол берілмесе ше?..

Сайлау. Жол берілмесе, күресу керек.

Сюзанна. Қашанғы күресе бересің? Адам байғұс күресуден шаршайды емес пе? Күресе-күресе әлі құриды, қажыры қайтып, мұқалады ғой. Сонда оның қашан басы көрге кіргенше күресе беруі керек пе?

Сайлау. Сюзанна, осы философияны қояйықшы. Одан да екеуміздің алдағы өмірімізді бір сәт көз алдымызға елестетіп көрелікші.

(Сайлау Сюзаннаның жанына келіп, қолын қайтадан оның иығына салады).

Сюзанна, жаным, көрерсің әлі, түбінде біз бақытты боламыз. Қиыншылықтардың бәрі көрген түстей ұмыт болады. Сюзанна, тыңдашы мені… Жуырда бар ғой… менің өткен айда премьерасы болған жаңа спектакльім бар емес пе – соны Мәдениет министрінің өзі көріп, риза болды. Маған: «Құдай қаласа, осы спекткаліңді келесі жылы Францияда өтетін халықаралық театр фестиваліне апарып көрсетеміз» деді. Егер со жылы жолымыз болып, жүлделі орындардың біріне іліксек, бір-ақ күнде байып шыға келеміз. Түсінемісің, бір-ақ күнде!.. Бәлкім, үкіметтің мейірімі түссе, тіпті халық әртісі атағын да алуым ғажап емес. Шын айтам, біз бақытты боламыз.

Сюзанна. Сайлау осы бақыт деген не?

Сайлау. (Қабағын тыржитыңқырап ойланып). Бақыт деймісің? Ну, енді бақыт деген… оған бір сөзбен анықтама беру қиын ғой. Бақыт… бақыт деген, меніңше, жайлы тұрмыс, мол ақша дәне шынайы махаббат.

Сюзанна. Махаббатты ең соңғу орынға апарып қойдың ғой.

Сайлау. Орында тұрған мәселе жоқ. Махаббатты, қаласаң, бірінші орынға да қоюға болады: қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан қосынды өзгермейді.

Сюзанна. Дегенмен, байқаймын, сен де жайлы тұрмыс, мол ақшажөнінде жиі айтатын болып барасың соңғы кездері.

Сайлау. Сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші… Айналаң түгел ақша-ақша деп ақшаңдап бара жатса, енді қайтпексің? Жалпы, сенің бұрынғы күйеуің Әлібек пен менің бұрынғы әйелім Назымның сөздерінде бір рационалдық дән бар – біздің да қатал болса да мына өмірдің реальды заңдылықтарына қарай бейімделуіміз керек. Онсыз күн көру қиын.

Сюзанна. (Басын шайқап). Білмеймін, білмеймін… Мен ешқашан бақытты бола алмайтын сияқтымын. Айтшы өзің, қалай бақытты болуға болады. Айналаң толы екіжүзділік, әділетсіздік, алдау-арбай болса. Құдай-ау, бір-бірімізді алдап-арбамай-ақ, бір-біріміздің жүрегімізге тілкемдеп жара салмай-ақ, шындықпен, әділетпен өмір сүруге де болады емес пе? Неге сөйтпейміз? Мына азғантай тіршілікті неге ит-ырқылжыңмен өткізуге құмармыз шетімізден?..

Шынымды айтсам, дәл осы сәтте өзімді-өзім сұмдық жек көріп отырмын. Қазір ғой сенің әйелің төсекте жаны шырқырап жылап жатыр. Екі балаң болса жетімсіреп, мұңайып отырған болар. Солар сөйтіп жатқанда мен қалай бақытты бола алам? Айтып отырмын ғой, осының бәріне кінәлі – мен, мен!..

Сайлау.(Бөлмені әрі-бері кезіп). Сюзанн!.. Әй, сенің осы бір тым әсершілдігің-ай!.. Неменеге керек осындай альтуризм? Сол Назым егер сенің орныңда болды ғой, сені аямақ түгілі, соңыңнан ит қосып қуалар еді! Ал сен!.. Түсінсеңші, бұл жерде сенің титімдей де кінәң жоқ. Біріншіден, мені үйімнен түріп айдап қуып шыққан сен емес, сол Назымның тап өзі!.. Екіншіден, менің балаларыма келсек, Құдайға шүкір, олардың екеуі де ер жетті. Сәулеш уже 18-де, білдей екінші курстың студенті. Ал Арман… Арман 10-класта оқиды. Қазір бойы менен ұзын. Уже қыздармен жүреді… Так что, олардың енді маған күні қарап тұрған жоқ.

Рейтинг@Mail.ru