bannerbannerbanner
полная версияЖелтоқсан желі

Серік Асылбекұлы
Желтоқсан желі

Баймырза ызалана мырс етіп, радиоқабылдағышты өшіріп тастайды.

Баймырза: Бізді құртып келе жатқан осындай жандайшаптар ғой. Интеллигенция өкілдері дейді тағы ұялмай. Интеллигенциядан садаға кеткірлер.

Талшын: Неменеге өшіріп тастай қойдың, тыңдайық та шамалы.

Баймырза: Тыңдарсың. Құлағыңыздың құрышын қандырар әлі талай әлгі интеллигенттерің бұлбұлша сайрап. Апырай, қасиетті қара жер ана да шыдамды екен осындайларды көтеріп жүрген.

Талшын: Әне, енді өзінікін дұрыстап шыға келеді. Сені бір Құдайдың өзі болмаса, ешкім түзете алмас.

Баймырза: Мені түзетудің қажеті жоқ.

Талшын: Ойбай, қойдық-қойдық… /дастарқан үстінде манадан бері үнсіз отырған Қайсар мен Ақмаралға кезек бұрылып/. Ал, шырақтарым-ай, шай алдырыңдар. Мені іштей кінәлап отырған шығарсыңдар. Мына бір кемпір де бәле екен шапылдап деп. Уһ!..

Ақмарал: Апа , шынымды айтсам,мен сізді әбден түсініп отырмын. Шамасы, ағай бір кезде халық жауы ретінде ұсталып кеткен-ау деймін…

Талшын: Қарағым-ау, бақандай он жыл отырып келді ғой бұл ағаң. 49-да кеткен, содан 59-да оралды ғой арып-ашып. Кенесары Қасымов деген ханды естулерің бар шығар, бұл ағаң со кісіні ұлт-азаттық көтерілісінің батыры деп еңбек жазған. О бастағы мамандығы тарихшы еді ғой. Ал басқа дөкей тарихшылар содан бұ байғұсты шибөрідей жабылып таласын кеп, «ұлтшылсың, байшылсың» деді, әйтеуір ағаш атқа теріс мінгізіп, соттатып тынды ғой. Жылап-еңіреп, шиеттей үш баламен мен қалдым. Әйтеуір көз жасымызды Құдай көріп, аман-есен оралды он жылдан соң. Әйтпесе талай арыстардың мәйіті қалды ғой Сібірдің құрт-құмырсқасына жем болып.

Ақмарал: Түһ, ағам, шынында да, герой екен ғой!..

Талшын. Ойбай, қарағым, өйдеме – біреу-міреу есітіп қалып, тағы бәлесіне қалып жүрерміз. Герой болмай-ақ, өсітіп қалқиып жүргеніне шүкір дейміз біз. Қазақ атаң: « Екі елі ауызға – төрт елі қақпақ» деген. Менің мына өмірден ұққаным, басқа асып-тасқан жұрттар не десе , о десін, ал біздің қазақтың екі елі аузына төрт елі қақпақ жарасқан, айналайын. Сендер жассыңдар, еріндеріңнен әлі уыз дәмі кепкен жоқ, ойбой, айналайындар-ай…

Қайсар: Шеше, сонда немене, қазақтың өмірбақи осылай мүсәпір болып өтуі керек пе?.. Біздің , жастардың, енді құл болғымыз келмейді, мен манағы ағайдың айтқанына қосыламын, ар-намысымызды қашанғы кім-көрінгеннің табанына таптата береміз?!

Талшын: Қарағым, өзіңнің шешең бар ма елі?…

Қайсар: Бар. Ауылда. Тура жасы да сіз шамалас. Манадан бері таң қалып отырмын – тіпті сіздің кейбір дауыс ырғағыңызға дейін біздің апамдікіне ұқсас екен.

Талшын: Әне, шырағым, ендеше сол. Анаға ананың даусы да, тілегі де ұқсас. Біз ең алдымен сендердің амандықтарыңды тілейміз. Ойбай-ау, үкіметтің мұздай қаруланған әскеріне құр қолмен қандай қайран қылмақсыңдар? Құдай да күштіні жақтайды ма деймін кейде, босқа қырыласыңдар ғой, шырақтарым-ау.

Сыртқы есіктің қоңырауы шылдырайды. Дастарқан басындағылар үрпиісе қалады. Бір сәттік үнсіздік.

Талшын:/сыбырлай сөйлеп/ Е, Алла, жар бола гөр!… Бұ қайсысы тағы түн ішінде? Мен барып «глазоктен» сығалайын. Сендер дымдарыңды шығармаңдар…

Талшын: /аяғын ақырын басып, коридордың бойымен сыртқы есікке қарай беттейді. Сәлден соң қайтып оралады.Баймырзаға сыбырлап: Мәрия сылқым келіп тұрған. Маңдайын орамалмен таңып алыпты.

Баймырза: Орамалы несі?

Талшын: /жақтырмай/ Е, мен қайдан білейін…

Баймырза: Қой, аш не де болса. Өзінің шаруасымен жүрген шығар жай.

Талшын есікті ашуға кетеді. Ішке маңдайын ақ орамалмен таңып алған мария Петровна енеді найқалып.

Мария Петровна: /Талшынға/ Кеш жарық, қымбатты көршім. Сіздер, немене, жатып қалғаннан саумысыздар?

Талшын: /сәл-пәл абдырап/ Жоғ-ә!.. Жатуға әлі ерте емес пе?

Мария Петровна: /әзілдеп/ Кім білет, Бәкең де, сіз де әлі тұғырдан түсіп тұрған жоқсыздар дегенім ғой.

Талшын. Қойшы, Мария, сен де қайдағыны айтады екенсің. Жүр, шай ішіп жатырмыз…

Екеуі ас үйге енеді.

Мария Петовна: /Баймырзаға/ Саламатсыз ба, Бәке. О-о, утром – чай, вечером – чай!.. Қайран, қазақтарым-ай!…

Баймырза: Төрлетіңіз, Мария Петровна. Былай қарай.

Мария Петровна: /Орындыққа отырып жатып/ Бәкең айтпақшы, қазақтың үйінен әрқашан да қонаққа бір орын табылады. Осы бір жерге жайғасайын. Жалпы, сіздер қонақжай халықсыздар ғой.

Талшын: Рас, айтасың, Қавзақ ең дәмдісін де өзі ішіп-жемей, қонағына ұсынады. (үстел үстіндегі тағамдарды Мария Петровнаның алдына қарай ысырады). Ал, кәне, Мария.

Мария Петровна: Рахмет. Осы бір қонақжай қасиеттеріңді өз басы қатты ұнатам. Одақтың он бес республикасын түгел аралап шықтым десем де болады – бір-екі шетелде де болдым – ал енді бар ғой дәл қазақтай қонақжай халықты көрмедім. (Сүт қатқан үндішайын бір ұрттап қойып) Тек осы күнгі жастарыңыз бұзылып барады ма дейім… Айтпақшы, мына жас қонақтардың көңіліне келіп қалып жүрмесін. (Қайсар мен Ақмаралға сынай бір көз салып қояды).

Баймырза: (күліп) Неге олай дедіңіз, Мария Перовна?

Мария Перовна: Бәке, өзіңіз-ақ айтыңызшы енді. Бүгін орталық алаңнан өтіп бара жатып, өз көзіме өзім сенбедім. Кілең бір екіленген қазақ жастары. Бізге түсініксіз бір тілде бұзық ұрандар салып жатыр. Не жетпейді соларға – түсінсем бұйырмасын. Кешке қарай дүкенге кірдім – бәрі толып тұр: сары май дейсіз бе, ет, жұмыртқа дейсіз бе, колбасамен сервелаттың түр-түрі… Енді оларға не керек – түсінсем бұйырмасын.

Баймырза: Мария Перовна,дүниеде жұмыртқа мен колбасадан да басқа қажетті дүниелер бар ғой.

Талшын: (Баймырзаны ала көзімен атып) Әй, шырағым, отыршы сен осы жайыңа. Бірдеңені бүлдірмей тұрғанда.

Мария Перовна: (ерлі-зайыптылардың қысқа диалогына түсініңкіремей қалып) Кешіріңіздер, әлде мен жөнсіз бірдеңе айттым ба?

Талшын:(абдыраңқырап) О не дегенің, Мария. Сенікінің бәрі дұрыс. Сен бәрін жөн айтып отырсың.

Баймырза:Мария, сіз бүгін ғажап әдеміленіп кетіпсіз.

Мария Перовна: (қылымсып) Қойыңызшы, Бәке, бізге қайдағы әдемілік… Оның үстіне бүгін басым ауырып, әбден әлек болдым.

Баймырза:Ендеше сізге бас ауырған жарасады екен. Шын айтам.

Мария Перовна:(бұртия еркелеп) Сонда бұл іздің маған үнемі басыңыз ауырып жүрсе дегеніңіз бе?

Талшын: Құдай сақтасын, оның әшейін әзілдеген түрі ғой.

Мария Перовна: Иә, менің көршім әзілдей біледі. Дегенмен, Бәке, сіз менің көңілімді көтеріп тастадыңыз.

Баймырза: Мінеки, нағыз әйел Мария Петровна, біздің Талшын өзі әдемі болмаған соң ондай комплименттерді түсіне бермейді.

Талшын: Сендер әдемі болсаңдар болды да. Бір үйгн бір-бір әдемі жетеді ғой. (Марияға бұрылып) Сұраймын деймін де ұмыта берем, Сергей Николаевич қайда осы? Көптен көрінбейді ғой.

Мария Перовна: (қолын сілтеп) Әй, қойшы соны!… Қайдан көрінсін. Күнде – ішіс. Жатыр тағы үш бөлмелі үйді басына көтере қорылдап. Менің басым сынып барады ауырғаннан, ал оған бәрі бір – екі жүз грамм болса, дүниесі түгел. (Ақмарал мен Қайсарға көз жүгіртіп) Айтпақшы, мен жаңылмасам, мына жас қонақтарды осы үйден бірінші рет көріп отырмын-ау деймін?

Талшын: А, мына балдарды айтамысың? Бұлар Бәкеңнің немере туыстары. Қызылордадан… Бүгін кешкілік түсті пойыздан. Жаңа сен келердің алдында ғана.

Мария Перовна:Бәсе-бәсе. Қызылордадан деңіз. Қызылорданың қауыны мен балығы жақсы ғой, шіркін!…

Қайсар: (сәл кекесінмен жымиып) Адамдары да жаман емес.

Мария Перовна: (Қайсарға бұрылып) Иишь, какой!… Оказывается он патриот. Это, конечно, похвально с одной стороны…

Қайсар: Рахмет.

Мария Петровна: Талшын,айтпақшы, сенде цитромон жоқ па? Мен манадан бері мылжыңдп отыра беріппін ғой, келген шаруамды айтпай.

Талшын: (орнынан тұрып жатып) Қазір қарап көрейін, Бәкеңнің тартпасында бар секілді еді.

Мария Петровна да Талшынның соңынан ереді.

Таншын: (залдан) Таптым.

Мария Петровна: (коридордан) Өй, жақсы болды ғой.

Талшын дәріні әкеп көршісіне ұсынады.

Талшын: Өткенде ғана алғанбыз аптектен, жаңа.

Мария Перовна: Рахмет, қымбатты менің көршілерім! Сіздерден бәрі табылатынын білем ғой. Ал енді осыны ішіп алып, ұйықтайын, әлгі маскүнем күйеусымақ қорылдап маза бермей жүрмесе. (Ас үйдің есігінен сығалап) Бәке, қымбаттым, ал жақсы, мен кеттім…

Баймырза: Сау бол, Мария Петровна.

Мария Перовна: (сыртқы есікке жете бере артынан еріп келе жатқан Талшынға қайта бұрылып) Айтпақшы, әлгі алаңдағы шу шығарып жатқан жастарды айтам-ау, сонда Қазақстанға бірінші басшы болып Колбин – орыс келді деп наразылық көрсетіп жатыр ма?

Талшын: Қайдам, өзіме кім келсе , ол келсін. Заман тыныш болса – болды әйтеуір.

Мария Петровна: Міне-міне жөн сөз. Ең алдымен тоқшылық болсын. Правда, Кунаев тоже был неплохим малым. Ну и что же – каждому свое время. Ал енді бүгін гастрономға кіріп едім – толып тұр-ау, толып тұр. Імм! (Көзін жұмып, басын шайқайды). Құстың сүтінен басқаның бәрі бар: жұмыртқа дейсің бе, етің бе, сүтің бе, колбаса, сервелаттың түр-түрі… Ал, жақсы мен кеттім. Есіктеріңді мықтап жауып алыңдар, әлгі қашқан-пысқан демонстранттардың бірі байқаусызда кіріп кетіп жүрер.

Кетеді. Талшын есікті жауып, ас үйге қайтып оралады.

Талшын: Апыр-ау,мынау не деп кетті? Бірдеңенің иісін сезіп келген жоқ па өзі?

Баймырза: Қой, өйтіп не көрініпті. Бізден не жаманшылық көрді сүйтетіндей.

 

Талшын:Қайдан білейін. Шошып қалған жүрек үрке бере ме әлде?..

Тағы да телефон қоңырауы сыңғырлайды. Талшын апыл-ғұпыл орнынан ұшып тұрып, солай қарай жүгіреді.

Талшын: Әле-әле!… Аманшылық па әйтеуір? Қашан шығып кетіп жүр?! Жіберме дегені қайда мана? Кісендеп қойсаң да жіберме деп сонша қақсадым ғой. Қой енді… Мен қазір барам. Ал, міне, шықтым… Асүйге қайтып оралады.

Жаңағы Марат көшеге шығып кетіпті. Бірдеңеге ұрынып, сорлатпаса қайтсін. Қой, мен ертелі күнді кеш қылмай соларға барайын Болатжан да жоқ. Сен үйде бол, өзім телефонмен бір хабарын берермін… Уһ!

Талшын сыртқы киімдерін киініп, есікке беттейді.

Баймырза: Әй, көшеде байқа. Жер тайғақ, бір жеріңді майып қылып алып жүрме.

Талшын: Мені жау алар деймісің. Жаңағы баланы айтсаңшы. Ал, жақсы… Есікті кілттеп алыңдар.

Кетеді. Баймырза сыртқы есікті бекітіп, асүйдегі жас қонақтардың жанына келіп отырады.

Баймырза: Әлгі мамасының айтқанына көнбей, көшеге шығып кетіп жүрген жаман неме – үлкен немереміз. Оныншы класта оқиды. Үйлері – осы арадан екі аялдамадай жер. Жас неме, бірдеңеге ұрынып қалып жүрмесе жарады әйтеуір.

Ақмарал: Мана алаңға қаладағы қазақ мектептерінің жоғары класс оқушылары да шыққан. Неше түрлі ұрандар жазылған плакаттар, транспоранттар көтеріп алыпты олар да.

Баймырза: Айтпақшы, көп адам жиналды ма өзі?

Қайсар: Отыз-қырық мыңдай болар. Брежнев алаңы лық толып тұрды. Кілең жастар негізінен.

Баймырза: Алда, айналайындар-ай!.. Иә, негізгі көтерген ұрандарың қандай сонда?

Ақмалар: «Әр ұлт өзін-өзі билесін!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Басты талабымыз – азаттық, теңдік, демократия!» деген секілді ұрандар көбінесе.

Баймырза: (күйіп кетіп) Ой, әлгі біздің советтік радио мен телевизорлардың таңертеңнен кешке дейін жағы сембей, қазақ жастары мен экстремистері ұлтшылдық ұрандар көтеріп, сепаратистік қимылдар танытуда деп сайрап жатқандары қайда? Азаттық, теңдік, демократия дегендердің де ұлтшылдық пен экстремистікке жататыны болғаны ма сона?

Қайсар: (ызалы үнмен) Ой, ағай! Біз түк түсінбейді екенбіз ғой. Біздің өкіметіміз нағыз екі жүзді өкімет екен ғой!.. (Қызбаланып, орнынан тұрып кетеді). Бұл өкіметтің айтатыны басқа да, ал істейтіні мүлде басқа екен. Тура дүмше, арамза молдалар тәрізді. Әйтпесе өздері «демократия, теңдік, бостандық, қайта құру» деп алып, жастарға мұздай қаруланған жазалаушы әскер мен танкілерді, арнайы үйретілген овчаркаларды айдап салуын не деп түсінеміз?!..

Ақмарал: Қазақтың бейшара халық екенін осы жолы анық түсіндік, аға!.. Жеке республикамыз, үкіметіміз, туымыз, гимніміз, гербіміз бар деп далақтап жүре беріппіз. Соның бәрі қуыршақ үкімет пен қуыршақ символдар екен ғой!.. Совет әскері мен совет милициясын мадақтаудан, соны киіндіріп, тамақтандыпудан қазақтан асқан халық болған жоқ шығар. Сонау Отан соғысы жылдары қазақ байғұс өзі аштан бұралып жүріп, қапшығының түбіндегі соңғы уыс бидайына дейін сол совет әскерінің аузына тоспап па еді?!.. Сөйткен халықтың осы заманғы ұрпақтары біздерге сол әскердің бүгінгі көрсеткен қорлығын көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрар еді. Бар болғаны біз мәдениетті құлдар екенбіз!.. (Жылап жібереді) Аға-ау… біздің әлгі қазақтан шыққан «данагөй» идеологтарымыздың миымызға әбден шегелеп, сіңіріп тастаған қасиетті интернационализмі, халықтар достығы дегендер қайда? Қазақ «ұлтшылсың» деп айыптайды деп қорықсын, ал орыстар, немістер, ұйғырлар, тағы басқа ұлттар неге араша түспейді осы жерде ең болмаса. Олар бейшара қазаққа осындай басына іс түскенде қол ұшын бермегенде, қашан береді?… Әшейінде «біз – халық қыметшісіміз» деп, «халқымыз үшін жанымыз пида» деп сайрайтын басшыларымыз қайда?.. Осының бәрі өтірік, бәрі жалған екен, аға!.. Бәрі өтірік, бәрі жалған. Бәрі тек қызыл сөз, сөз, сөз!.. Егер осындай митинг, демонстрация Москвада, Псковта, Киевте болды бар ғой – мен бәс тігуге бармын – дәл осындай басыну, дәл осындай айуандықпен жазалау болмас еді!.. (Күрсініп) Ал Алматыда империялық күштерге ойына не келсе, соны істеуіне болады, өйткені біз олар үшін сол баяғы бұратаналармыз, әлі сол баяғы жабайы азияттармыз! Менің бүгінгі анық түсінгенім – осы, осы, ағажан!..

Рейтинг@Mail.ru