bannerbannerbanner
полная версияArmanga bastar asular

Камшат Балтабаевна Бекежанова
Armanga bastar asular

Өтеш Әбдімәжит Қоңырбайұлы

(1958-2017)

Мен алғаш рет ол кісіні 2017-жылдың сәуір айында кездестірген болатынмын. Қызым білім алып жатқан жоғарыда аты аталған №178-лицейдің сол кездегі басшысы қызметін атқарған уақыты еді. Өзім де жастайымнан зерек болып өстім. Мектеп қабырғасында да, онан соң Жоғарға оқу орнын да үздік дипломмен тәмәмдағанмын. Кейіннен тұрмыс құрып, бес баланы дүниеге әкеліп, бала тәрбиесімен айналысуыма тура келді. Бесінші баламды дүниеге әкелген соң, үйімнің жанындағы мектепке барып еңбек жолымды бастауды жөн санадым. Алайда, бүгінде жайдан-жай мектепке орналасу мүмкін емес екенін ескеретін болсақ, он төрт жыл бойы сандықта жатқан қызыл дипломды кім мойындар екен деп жүрексінгенім рас. Бірақ, осы мектеп басшысының жүзінен бір мейірімді сезетінмін. Бірде, қызымды сабақ аяқталған соң күтіп алып тұрғанымда, кездесіп қалып мектептің жанында құрылыс жүріп жатқандықтан үлкен кран балалардың өтетін жолына қауіп төндіріп тұрғанын айтқан болатынмын. Айтқаным сол екен, екі жұмадан соң балалар үшін қосымша есік орнатып қауіпсіз жол ашып қойыпты. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі, кешке таман мектептің маңайын тексеріп, балаларды өзі шығарып салып тұратын. Бүгінде дүниеден өтіп кеткен ұлы тұлғаның маған жасаған жақсылыған ешқашан жадымнан шығармасым анық. Ең алғашқы еңбек жолымның басталуына себепкер, менің көзімнен ұзтаздық ұшқынды көре білген ардақты азамат болатын. «Өлеңге менің дағы бар таласым»– демекші оқушы кезімнен өлең шығарып, аудандық, облыстық газеттерде өлеңдерім жарияланым жүрген мен, тайсалып қалмадым. Ертесіне қолыма қалам алып, белді бекем буып ағайға жолығып жұмыс сұрауды жөн көрдім. Ол кісіге арнап мынандай өлең шығарған едім.

Әбдімәжит Өтеш Қоңырбайұлына!

Таласымнан тәлім алған қыз едім.

Үкілеген үміті едім, гүлі едім.

Өлеңдерім естігенді еліткен,

Елімменен бірге соқты жүрегім.

Бекежанов Балтабайдың қызы едім.

Еңбек еткен түріп жүріп білегін.

Қонаев пен Аухадиев аталар,

Жас кезімде берген бата-тілегін.

Жолдасбеков, Байгелдиев, Біртанов

Өсиетін тыңдағанның бірі едім,

Елге әйгілі талай жанды жүзбе-жүз,

Жастайымнан үлгі тұта білемін.

Ата-анам ақ дастархан басында

Топтастырған зиялының кілеңін

Бүгін міне ұзатылдым қияға

Сол кезеңді санамызға жиі ала

Бес баланы дүниеге әкелдім,

Бірақ өнер тар кеудеге сия ма?

Көп ойландым сізге қадам жасарда.

Салмақты боп көріндіңіз қашанда.

Сол себептен өтінішім болып тұр,

Жарасаңыз бір жақсылық жасауға.

Ұстаз болу бала кезгі арманым.

Төл тілімді сондықтан да таңдадым.

Он екі жыл бала-шаға өсіріп,

Жасауменен өтіп кетті жар қамын.

Енді міне етек-жеңім жиналып,

Алдыңызға келіп тұрмын жыр алып.

Категория, тәжірбие, мадақтау,

Ештеңені ел сияқты жимадық.

Тек диплом қолымдағы барлығы.

От өнердің осы екен қалдығы.

Бар ойымды ақ қағазға түсірдім.

Енді сіздің қолыңызда, ағатай!

Еңбек жолын бастауымның тағдыры…

06.05.2017 жыл

Не керек, ақ параққа өлеңді қолыммен жазып алып, сандықта жатқан қып-қызыл дипломды қалтаға салып, тәуекелге бел буып, мектепке кіріп бардым. Барып директорға кіруге рұқсат сұрап едім, күзетші ағай ол кісі қазір ғана шығып кеткенін айтты. Салым суға кетіп, үйге кірсем үшінші қызымның сабағы аяқталатын уақыты болып қалған екен. Ол үйден сәл қашығырақ орналасқан, жай мектепте оқитын. Дереу үш жасар ұлымды арбаға отырғызып алып мектепке бет алдым. Алланың құдіреті шексіз ғой шіркін! Ағайымның дәл алдымнан шыға келмесі бар ма? Мен де, уақыт жоғалтпай амандаса сала, қолына дипломым мен бір жапырақ өлеңімді ұстата салдым да

–Ағай түстен кейін сізге жолықсам бола ма? – деп сұрақты төтесінен бірақ қойдым. Ағай өте қарапайым арда азамат еді ғой жарықтық!

– Жарайды, жарайды сағат екіде күтемін, – деді маған таңырқай қарап.

Мен аласұрып қызымды үйге әкеле салып, мектепке тағы бардым. Ағайым, мені тағатсыздана күтіп отырғаны түрінен-ақ көрініп тұр. Бірденнен күлімсіреп қарсы алды.

–Келе ғой, отыр,-деді.

Мен бағанағы қылығыма қымсынып отырмын. Бірақ, ағай бірденнен хатшы қызға :

–Манағы өлеңді теріп болсаң алып келші,– деді. Мен аң-таң болып отырмын. Ол кезде өлеңді компьютермен теруді мүлдем ұмытып қалғанмын ғой! Оқу бітіргеніме бірнеше жылдар өтіп кеткен, оның үстіне үй шаруасында жүріп компьютерді мүлдем қолданбаған екенмін. Дайын, әп-әдемі болып терілген өлеңіме өзім ғашық болып қалдым. Ағайым, екі дана етіп шығартып қойыпты.

–Ала ғой, біреуі саған, біреуі маған естелікке,– деп алып қалды. Сөйтті де бірденнен :

–Жұмысқа қай күні шығуға дайынсың?– деді. Мен қазір ақ дайын екенімді айттым.

–Онда жүре ғой, -деп, мектептің кадр бөліміне апарып таныстырды.

– Оқу жылы аяқталып қалуына байланысты, қазір сағат жоқ, бірақ мектеп кітапханасына лобаранттық жұмысқа келе бер. Қыркүйек айынан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боласың, – деді де, мені сол жерге қалдырып кетті. Қасы-көзі қияқтай, өзі сымбатты апайым маған сұрақ қоя бастады.

–Компьютер білесіз бе? –деді.

Мен:

– Жоқ,-деп көзім бақырайып қарап тұрмын.

– Компьютер білмейтін мұғалім бола ма екен?– деп таңданып қарап тұрып, жақтырмаған сыңай танытып…

– Жарайды, ағай айтса болды,– деп менің өтінішімді қабыл алды. Кейіннен Алмагүл апай мені қатты жақсы көріп, екеуміз тіпті құрбы болып кеткен жайымыз бар!

Ағай сөзінде тұрды. 2017 жылдың қыркүйегі менің өмірімде еш ұмытылмайтындай ұстаздық мәртебесіне ие болдым. Онымен қатар, сынып жетекшілік міндетті де тапсырып, үлкен сенім артқан еді. Мектепшілік ұстаздардың жиынында мені сахнаға шығарып, әріптестеріммен таныстырып өзінің көрегендігін тағы да дәлелдеп еді. Алайда, мезгілсіз келген кеселден, арқа сүйер ағама айналған, талай қазақтың баласының жүрегіне математика ғылымына деген сүйіспеншілігін оята білген, аяулы ұстаз, мәңгілік тарихта қалу үшін, қоңыр күздің қара суығында келмес сапарға аттанып кетті! Алматы қаласының тұрғындары мен өзі білім берген талай тарландар шыққан Республикалық физика-математика мектебінің түлектері бірігіп, мектеп ұжымы мен көптеген жора-жолдастары, замандастары болып, Алатау аудандық мәдениет үйінен ақтық сапарға шығарып салдық. Жиналған қауымның көптігі сондай, ғимараттың ішіне сыймай барлығымыз ашық алаңда ағайымызбен қимай қоштастық!

Сол күні сөз сөйлеген кісілердің бірі Асқар Жұмәділдаев еді. Ол кісінің жүрек тебірентер сөздері жиналған қауымды еріксіз егілдіріп жіберді. Шынында да, білім шыңын мойындатып қана қоймай өскелең ұрпақтың Фараби сынды жол бастаушысының ғылымымен сусындауына үлес қосқан осындай тұла бойы ізгілік пен мейірімге толы ұстаздардың қатары сиреп бара жатқаны жанымды жабырқатады. Өткеніміздің қаншалықты қымбат та қадірлі екенін жас ұрпақ санасымен сезінсе ғой шіркін! Маған демеу болып, көңілімді жайландырар мәселе Әбдімәжит, Асқар ағалар сынды ұлағатты ұстаздардан тәлім алған шәкірттердің білім саласына қосып жатқан теңіздің тамшысындай болса да үлестерінің бар екені. Алайда, көптеген материалдың өзге тілдерде жарық көруіне байланысты, әлі де математика саласын ана тілімізде анық сөйлете алмай жүргеніміз қынжылтады. Жоғарыда аты аталған ағаларымыз да, барынша аударма жасап, оқушыларға қазақша есеп-қисаптардың баламаларын үйретіп, қазақ ғылымына толағай табыстар әкелді. Сонымен қатар, ана тілін сүйген шәкірттің математика біліміне деген құштарлығының арта түсетінін ағайым әрдайым ескертіп жүретін. Менің де осы уақытқа дейін бір байқағаным, тарихтағы көптеген математиктердің ақындық қабілетінің байқалып тұратыны. Өлеңге деген құштарлығы. Негізінде, өлең шығару да өзінше бір формуланы талап ететін тың дүние. Кез-келген адам екі сөздің басын қосып, ойын дұрыс жеткізгенімен, Абай атамыз айтпақшы айналасы жұп-жұмыр, өлең шығару екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы орайда, мен де бір батыл шешімге келе отырып, математика мен поэзияны егіз ұғымға теңер едім. Байқасаңыз, табиғатты суреттейтін әсем туындылар болса, оны жүйеге түсіріп ғылыми тұрғыда түсіндіріп жүрген ілім – математика! Республикалық физика-математика мектебін басқарып, онда білім алып, ұстаздық еткен барлық азаматтар мен азаматшалардың осал болмағанын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Мәселен, төмендегі елімізге елеулі тұлғалардың барлығы Республикалық физика-математика мектебінен түлеп ұшқан азаматтар.

РФММ түлектері



Құлыбаев Тимур Асқарұлы – "Kazenergy" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төрағасы.



Мәсімов Кәрім Қажымқанұлы— Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, бұрын – екі рет Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болған.



Волож Аркадий Юрьвиеч – Яндекстің негізін қалаушы.



Сегалович Илья Валентинович(1964-2013) – Яндекстің негізін қалаушы.



Келімбетов Қайрат Нематұлы-Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы, сонымен қатар – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы болған.



Қаппаров Нұрлан Жамбылұлы (1970-2015) – Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі болған. "Қазатомөнеркәсіп" АҚ Президенті, Гарвард университетінің үздік түлегі. Ол кісі 2015-жылдың 26-наурызында дүниеден озды.



Қожамжаров Қайрат Пернешұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметін атқарған.

 


Сұлтанов Бақыт Тұрлыханұлы-Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі, Астана қаласының әкімі болған.



Досаев Ерболат Асқарбекұлы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі.




Қаниев Берік Сералыұлы – Lancaster Group Ltd және "РФММ" КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.



Ким Вячеслав Константинович – "АҚ ірі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Kaspi.kz".




Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі.




Біртанов Есжан Амантайұлы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының Орынбасары қызметтерін атқарған.


Бұл жай ғана тізім емес. Айтулы тұлғалардың барлығы математика ғылымына терең бойлап, жан-жақты тәлім-тәрбие алған. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, талай бәйгеде оза шауып өз білімдерін әлемге мойындатқан азаматтар! (Кітаптың жазылу барысында біраз азамттардың қызмет орындары өзгерген)

Тілге тиек ететін жайттың бірі, Яндекстің негізін қалаған Волож Аркадий Юрьевич пен Сегалович Илья Валентиновичтің бағдарламасы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының қосымша білімдерінің артуына зор үлесін қосып отыр. Менің қызым да дәл осы «Яндекс лицейдің» оқушысы ретінде білім алып келеді. Программа құрудың тілдерін меңгеріп, пандемия кезінде ерікті ретінде Республикалық физика-математика мектебі жанынан құрылған «Үміт» академиясында дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің, көпбалалы аналардың балаларына, қамқоршысынан айырылған балаларға онлайн сабақ беріп отырды. Яғни, Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары өз білгендерін басқа да елді мекендерде тұрып жатқан оқушылармен бөлісуге әрдайым дайын екендігінің дәлелі.

Жоғарыда аты аталған тұлғалардың есімі мен жүріп өткен жолдары болашақ мектеп түлектеріне үлгі болсын деген ниетпен жеке-жеке тоқталуды жөн көрдім. Қазақта «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық», деген сөз бар емес пе?! Асқар тауға айналған, ел азаматтарын өнеге тұтып өскен ұрпақтың да арманы асқақ болары ақиқат. Алтын ұядан алған білімі, әлемдік деңгейдегі шыңдарды бағындырып қана қоймай, мойындатуға жарағаны еріксіз көңілге қуаныш ұялатады. Шет елде білім ала жүріп ата жұртының қамын ойлап, бар түйгенін туған жердің төсіне төгіп жүрген қазақ қаракөздері қашанда мақтануға да, мақтауға да лайық екені белгілі. Кітаптың басындағы қазақтың қаракөздері, арман қуып асқақ шыңдарды бағындырған дәл осындай Республикалық физика-математика мектебінің түлектері десем қателеспейтін шығармын. Әлі де талай дана ұрпақтың қазақ даласынан қанат қағып, аяулы ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесінің нәтижесінде биіктерден көріне беруіне тілектеспін!





Кунгожин Алмаз Мухамбетұлы


Республикалық физика-математика мектебінің Алматы қаласындағы басшысы Кунгожин Алмаз Мухамбетұлыматематика пәні мұғалімі біліктілігі – «педагог-магистр», Республиканың педагогикалық кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалары шеңберінде екінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарынан өткені туралы сертификаты бар.

Қазақстан, І Жәутіков мұғалімдер байқауының дипломымен (2004), ІІ Жәутіков мұғалімдер байқауының (2006) дипломымен, ІІІ Жәутіков атындағы мұғалімдер байқауының ІІ дәрежелі дипломымен (2008), ІІ Республикалық педагогтар байқауының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталған.

Марапаттаулары: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған (2016 ж.).

Білімі: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бакалавр, магистр, PhD докторантура. Ғылыми дәрежесі: философия ғылымдарының докторы (PhD), мамандығы – «Математика». Кунгожин Алмаз Мухамбетұлы да Республикалық физика-математика мектебінің 1995-жылғы түлегі.

Рейтинг@Mail.ru